Аталған шараға Жапонияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісінің кеңесшісі Окава Сюитиро, Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Бекболат Байжанов, сондай-ақ клубтың негізін қалаушы Еркін Тәтішев қатысты. Жапониялық тарап қазақстандық кендо клубына 20 дана киім-жабдықты сыйға тартты. Сонымен қатар жапониялық тарап болашақта аталған спортты Қазақстанда қарқынды дамыту үшін жұмыстар жасалатындығын атап өтті.
Салтанатты жиында Жапония елшісінің кеңесшісі Окава Сюитиро сөз сөйлеп, екі елдің ынтымақтастығы, әріптестігі кеңінен дамып келе жатқанын айтты.
«2016 жылы «Жекпе-жек өнері шеберлерінің Орталық Азия елдеріне сапары» жобасы аясында Қазақстанға Жапониядағы кендо федерациясының төрт кендо шебері және Жапония премьер-министрі Синдзо Аюэ келген болатын. Олар келген уақытта қазақстандық спортшылар бұл спорт түріне қажетті саймандарды Қазақстаннан табу қиын екендігін жеткізген. Осыған байланысты, Жапониядағы кендо федерациясы бұл құрал-саймандар мен киім-кешекті кендоны Қазақстанда кеңінен таныту үшін сыйға тартуда», деді Окава Сюитиро.
Айта кетейік, Қазақстандағы кендо спорт клубы 2004 жылы Айкидо мектебі базасында Алматыда құрылған. 2004 жылдан бастап кендо клубы тәжірибе үшін қазақстандық спортшыларға тұрақты түрде іссапар ұйымдастырып тұрады. Клуб мүшелері түрлі белгілі жапониялық мамандармен Токио, Ниигата, Кофу, Чичибу, Сандзё және тағы басқа қалаларда тәжірибелерін жетілдіріп тұрады.
Әли БИТӨРЕ,
«Егемен Қазақстан»