Өкініштісі, соңғы он жылдың ширегінде аймақта картоп шаруашылығы шатқаяқтап, жиналған өнім ауыл-үйдің қажетін өтеуге ғана жетіп жатты. Бірлі-жарым картоп өсірумен айналысатын шаруа қожалықтары дайын өнімдерін қаладан барған делдалдар арзан бағаға сатып алғандықтан, соларға жем болып келгені де белгілі. Енді сол олқылықтың орны толып, таулы өңірдің даңқты өнімі баяғыша нарыққа молынан жол табатын сияқты.
Мұндайда «қазан ауызы жоғары» дейтін еді. Өнім піскенше әліптің артын баққан да дұрыс. Тек нарынқолдық шаруалар дәстүрлі кәсіпке шындап кіріскені анық. Жақында ғана Елбасының шешімімен жаңадан аудан болып құрылған Нарынқол өңірінде қазір картоп егу жұмыстары басталды. Жалпы, картоп шаруашылығын жандандыруға қатысты ауданның әкімі Жолан Омаровтың тың бастама көтергеніне біршама уақыт болды. Бұған дейін ол облыс әкімі алдына ақтүйнек өсірудің жолы мен өнім алудың жоспарын жіті таныстырып, қажетті көмек сұраған. Аймақ басшысы Амандық Баталов өз тарапынан қолдау танытып, облыстан керекті қаржы мен қолдау болатынын айтқан-ды. Әкім уәдесінде тұрды. Қазіргі күні қажетті тұқым мен егістік жұмысын жүргізуге қажетті техника үшін қаржы бөлінген. Шетелден өнімділігі жоғары тұқым да сатып алынды.
– Облыс бюджетінен картоп шаруашылығын жандандыруға 132 миллион теңге қаражат бөлінді. Аудандағы картоп егумен айналысатын шаруа қожалықтарының басын қосып, тұқыммен қамтамасыз етіп жатырмыз. Кеше ғана Голландиядан 80 тонна картоп тұқымы келді. Жалпы 290 тонна тұқым сатып алынбақшы. Бізге келіп жатқан «Санте», «Агрия» деген екі сорт – таза элиталық тұқымдар. Өнімділігі өте жоғары. Шығыны аз. Тұқымды 4 жыл бойы отырғызып, жыл сайын мол өнім алуға болады, – дейді Нарынқол ауданының әкімі Ж.Омаров.
Голландиядан келген тұқым аудандағы картоп өсіру ісінде алдыңғы орында тұрған «Өрнек» шаруа қожалығының қоймасына сақтауға берілді. Аудан диқандары егістікке қажетті тұқымды осы жерден алатын болады. Қазір тау үсті жылынып, жер қыза бастады. Ел енді аз күнде картоп егу жұмыстарына толық кіріседі.
«Өрнек» шаруа қожалығының басшысы Талғат Түсіпқожаевтың айтуынша, биылғы жыл нарынқолдықтар үшін «көктен тілегенді жерден беретін» жыл болайын деп тұр. Ауданның қайта ашылып, орталықтың оралуы шекаралық өңірге екінші рет өмір сыйлағандай болса, осы аймаққа тән өнімді өсіруге мемлекет тарапынан қолдау жасалуы жергілікті шаруалардың ісін ілгерілетпек.
– Кезінде осы Нарынқолдағы картоп егетін алқаптың көлемі 8 мың гектардан асатын еді. Қазір соның төрттен бірі ғана қалды. Ниет болғанымен, мүмкіндік шектеулі. Біздің ұжым былтыр 200 гектар алқапқа картоп егіп, одан 5 мың тонна өнім алдық. Техника мен тұқым жайы жақсарса, көлем артып, өнім де көбейеді, – дейді шаруа жайына тоқталған Т.Түсіпқожаев.
Облыс әкімі Амандық Баталов жақында Нарынқол ауданында болған сапарында картоп шаруашылығын қолдауға қосымша қаржы бөлінетінін, оған егістікті күтіп-баптауға арналған соңғы үлгідегі техника сатып алынатынын айтқан болатын. Қазір уәде етілген 500 млн теңге қарастырылып, ауданның өз алдына машина-трактор стансасын құрудың қамы жасалып жатыр. Шетелдік технология ауылға келетін болса, картопты отырғызу мен баптауға кететін артық шығын адам күші азайып, тиімділігі артатыны сөзсіз.
Мұнан бөлек, Нарынқол өңірінде өсірілген картоптан алынатын өнім түрлерін көбейту жоспарда тұр. Бұл іске голландиялық инвесторлар қызығушылық танытып отыр. Бұйырса, жақында екі ел іскерлері арасындағы келісім бойынша крахмал зауыты мен картоптан фри және чипсы жасайтын шағын кәсіпорындар іске қосылады деп күтілуде. Жоспар бойынша зауыттар Іле ауданының аумағында бой көтермек. Алматы қаласының іргесіндегі зауыттардың өнімін ішкі, сыртқы нарыққа бірдей шығаруға ыңғайлы жағдай жасалмақ. Ал шикізатқа Нарынқол картобы қолданылады. Голландиялықтардың есебі бойынша аудандағы картоп шаруашылығы жыл сайын 7 мың тонна дайын өнім өткізулері тиіс. Ауыл адамдары үшін бұл өте қолайлы ұсыныс. Жұмыс жүреді, табыс молаяды. Демек, Нарынқолдың әйгілі картобы үлкен нарыққа жол тартады деуге толық негіз бар.
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Алматы облысы