Аймақтар • 17 Мамыр, 2018

Нарынқолдың картобы нарыққа жол тартады

771 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Нарынқол өңірінде өскен картопқа сұраныс жоғары екенін Алматының азық-түлік базарларынан сауда жасайтын жұрт жақсы білуі тиіс. Тұтынушылардың талғамына татитын өнімнің құнары мол, дәмі ерекше бөлек, бағасы да сырттан тасымалданатын тауарға қарағанда, әжептәуір төмен болып келеді.

Нарынқолдың картобы нарыққа жол тартады

Өкініштісі, соңғы он жылдың ширегінде аймақта картоп ша­руа­шылығы шатқаяқтап, жинал­ған өнім ауыл-үйдің қа­жетін өтеу­­г­е ғана жетіп жатты. Бірлі-жа­­рым картоп өсі­ру­мен айналыс­атын шаруа қожа­лық­тары дай­ын өнімдерін қаладан барған дел­далдар арзан бағаға сатып алғандықтан, соларға жем болып кел­гені де белгілі. Енді сол ол­қылықтың орны толып, таулы өңір­дің даңқты өнімі баяғыша на­рыққа молынан жол табатын сияқты.

Мұндайда «қазан ауызы жо­ғары» дейтін еді. Өнім піскен­ше әліптің артын баққан да дұрыс. Тек нарынқолдық шаруалар дәстүрлі кәсіпке шындап кі­ріс­кені анық. Жақында ғана Елбасы­ның шешімімен жа­ңадан аудан болып құрылған Нарынқол өңірінде қазір картоп егу жұмыстары басталды. Жалпы, картоп шаруашылығын жандандыруға қатысты ауданның әкімі Жолан Омаровтың тың бастама көтергеніне біршама уақыт болды. Бұған дейін ол облыс әкімі алдына ақтүйнек өсірудің жолы мен өнім алудың жоспарын жіті таныстырып, қажетті көмек сұраған. Аймақ басшысы Амандық Баталов өз тарапынан қолдау танытып, облыстан керекті қаржы мен қолдау болатынын айтқан-ды. Әкім уәдесінде тұрды. Қазіргі күні қа­жетті тұқым мен егістік жұ­мы­сын жүргізуге қажетті техни­ка үшін қаржы бөлінген. Шет­ел­ден өнім­ділігі жоғары тұ­қым да сатып алынды. 

­– Облыс бюджетінен картоп шаруашылығын жандандыруға 132 миллион теңге қаражат бө­лін­­­ді. Аудандағы картоп егумен айналысатын шаруа қо­жа­­лықтарының басын қо­сып, тұ­қым­мен қамтамасыз етіп жатыр­мыз. Кеше ғана Голлан­дия­дан 80 тонна картоп тұқымы келді. Жал­пы 290 тонна тұқым сатып алынбақшы. Бізге келіп жат­қан «Санте», «Агрия» деген екі сорт – таза элиталық тұ­қым­дар. Өнім­ділігі өте жоғары. Шы­ғы­ны аз. Тұқымды 4 жыл бойы отыр­ғызып, жыл сайын мол өнім алу­ға болады, – дейді Нарынқол ауда­нының әкімі Ж.Омаров. 

Голландиядан келген тұқым аудандағы картоп өсіру ісінде алдыңғы орында тұрған «Өрнек» шаруа қожалығының қоймасына сақтауға берілді. Аудан диқан­дары егістікке қажетті тұқымды осы жерден алатын болады. Қазір тау үсті жылынып, жер қыза бастады. Ел енді аз күнде картоп егу жұмыстарына толық кіріседі. 

«Өрнек» шаруа қожалығының басшысы Талғат Түсіпқожаевтың айтуынша, биылғы жыл нарын­қол­дықтар үшін «көктен тілеген­ді жерден беретін» жыл болайын деп тұр. Ауданның қайта ашы­лып, орталықтың оралуы шека­ра­лық өңірге екінші рет өмір сый­лағандай болса, осы аймаққа тән өнімді өсіруге мемлекет тарапы­нан қолдау жасалуы жергілікті ша­р­уалардың ісін ілгерілетпек. 

– Кезінде осы Нарынқолдағы картоп егетін алқаптың көлемі 8 мың гектардан асатын еді. Қазір соның төрттен бірі ғана қалды. Ниет болғанымен, мүмкіндік шек­теулі. Біздің ұжым былтыр 200 гектар алқапқа картоп егіп, одан 5 мың тонна өнім ал­дық. Тех­ника мен тұқым жайы жақ­сар­­са, көлем артып, өнім де кө­бей­еді, – дейді шаруа  жайына тоқ­талған Т.Түсіпқожаев.

Облыс әкімі Амандық Бата­лов жақында Нарынқол ауда­нын­да болған сапарында картоп шаруашылығын қолдауға қосым­ша қаржы бөлінетінін, оған егіс­тікті күтіп-баптауға ар­нал­ған  соңғы үлгідегі техника сатып алынатынын айтқан болатын. Қазір уәде етілген 500 млн теңге қарас­ты­рылып, ауданның өз алдына машина-трактор стансасын құ­рудың қамы жасалып жатыр. Шет­елдік технология ауылға келе­тін болса, картопты отырғызу мен баптауға кететін артық шығын адам күші азайып, тиімділігі артатыны сөзсіз.

Мұнан бөлек, Нарынқол өңі­рін­­де өсірілген картоптан алынатын өнім түрлерін көбей­ту жоспарда тұр. Бұл іске гол­лан­­диялық инвесторлар қызы­ғу­шылық танытып отыр. Бұйырса, жа­қында екі ел іскер­лері арасын­да­ғы келісім бойынша крахмал зауыты мен картоптан фри жә­не чипсы жасайтын шағын кә­­сіп­­о­рындар іске қосылады деп кү­тілуде. Жоспар бойынша зауыт­тар Іле ауданының аум­а­ғында бой көтермек. Алматы қа­ла­сының іргесіндегі зау­ыт­тардың өнімін ішкі, сыртқы нарық­қа бірдей шығаруға ың­ғай­лы жағдай жасалмақ. Ал ши­кізатқа Нарынқол картобы қолданылады. Голландиялықтардың есебі бойынша аудандағы картоп шаруашылығы жыл сайын 7 мың тонна дайын өнім өткізулері тиіс. Ауыл адамдары үшін бұл өте қолайлы ұсыныс. Жұмыс жүреді, табыс молаяды. Демек, Нарынқолдың әйгілі картобы үлкен нарыққа жол тартады деуге толық негіз бар.

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Алматы облысы