REUTERS
Солтүстік Корея мен Оңтүстік Корея басшылары 16 мамыр күні Пханмунджомда жоғары деңгейлі кездесу өткізуді жоспарлаған болатын. Алайда кездесуге аз уақыт қалғанда Пхеньян келіссөздерден бас тартты. Кездесуде екі ел басшылары сәуір айында көтерген мәселелер жан-жақты талқыланады деп күтілген еді. Оның ішінде Корей түбегінің ядросыз аймаққа айналып, бірігу мәселесі де бар.
Солтүстік Корея басшысы АҚШ пен Оңтүстік Кореяның әскери оқу-жаттығу жұмыстарына дайындықтарынан соң кездесуден бас тартты, сонымен қатар Америка президенті Дональд Трамптың Пхеньянды ядролық қарудан толығымен бас тартуға көндіру әрекеттеріне наразы екенін білдірді. Солтүстік Кореяның ресми агенттігінде КХДР-дың сыртқы істер министрі орынбасарының мәлімдемесі жарияланды. Онда «Егер АҚШ бізден ядролық қарудан толығымен бас тартуды талап етуін қоймаса, біз саммит туралы шешімімізді қайта қарастыруға мәжбүр боламыз», делінген.
Естеріңізге сала кетсек, Солтүстік Корея президенті Ким Чен Ын мен Дональд Трамптың кездесуі Сингапурде 12 маусымда өтеді деп жоспарланып отыр.
ВВС
АҚШ елшілігінің Иерусалимге ауысуы қақтығыс туғызды
Иерусалимдегі АҚШ елшілігі ашылған күні Газа секторында Израиль әскерімен қақтығыста кем дегенде 55 палестиналық қаза тауып, 2700 адам медициналық көмекке жүгінген. Қақтығыс нәтижесінде Израиль тарапынан жарақат алғандар тіркелмеді. Израильдің премьер-министрі Биньямин Нетаньяху әскерилердің бұл әрекетке Газаны бақылап, Израильді талқандағысы келетін ХАМАС радикалды тобынан қорғану үшін барғанын айтты. Ақ үй де қақтығыстарға ХАМАС-ты айыптап, зорлық-зомбылықты палестиналық топтың бастағанын мәлімдеді. Дегенмен көптеген әлемдік көшбасшылар Израиль әскерилерін шерушілерге қару қолданғаны үшін айыптады. Ал Израиль қарулы күштерінің төрағасы қару шерушілерге емес, топ ішіндегі экстремистерге қарсы қолданылғанын айтты.
Айта кету керек, дүйсенбі күні Иерусалимде Дональд Трамптың шешімімен Тель-Авивтен көшірілген АҚШ елшілігінің ашылу салтанаты өтті. Бірақ палестиналықтар бұл шешімге қарсы екендіктерін көрсетті. Елшілік ашылған күні Газа секторында мыңдаған палестиналықтар шеруге шықты.
THE VERGE
NASA Марсқа тікұшақ ұшыруды жоспарлайды
NASA 2020 жылы Қызыл планетаны зерттеу үшін Марсқа мини-тікұшақ жіберуді жоспарлап отыр. Халықаралық ұйым сол арқылы ұшатын аппараттың атмосфера тығыздығы Жерден жүз есе төмен планетада ұша алу мүмкіндігін тексеріп көрмек.
Mars Helicopter аталып кеткен тікұшақты NASA-ның Реактивті қозғалыс зертханасы 4 жылдан бері жасап жатыр. Дегенмен агенттік осы күнге дейін Марсқа апаратты жіберу-жібермеу туралы бір шешімге келе алмай жүрген еді. Егер тікұшақ қызыл планетада бұзылмай жұмыс істесе, ғалымдар Марстың беткі қабатының ғана емес, осы күнге дейін қолжетімсіз болған жерлердің де суреттерін алатын болады.
Белгілі болғандай, аппаратта 2 камера болады. Ал тікұшақ Марс атмосферасына лайықталып жасалып жатыр. Мамандардың айтуынша, коптердің Жердегі ұшу биіктігі 12 200 метрді құрайды. Ал оның салмағы 1,8 кило.
«Марс-2020» миссиясы 2020 жылдың шілде айында АҚШ-тың Флорида штатындағы Канаверал космодромынан басталады деп күтілуде. Ал қызыл планетаға миссия 2021 жылдың ақпан айында жетеді деген болжам жасалған.
ELECTREK
Илон Маск Лос-Анджелесті көлік кептелісінен құтқармақ
SpaceX және Tesla компанияларының негізін қалаған Илон Маск Лос-Анджелестегі жер асты туннелін көрсетті. Маск туннельді жасаған The Boring Company компаниясы оны іске қосу үшін биліктің мақұлдауын күтіп отырғанын айтты.
«Boring Company-дің Лос-Анджелестегі алғашқы туннелінің құрылысы аяқталуға жақын. Билік мақұлдаған соң біз бірнеше ай бойы тегін қызмет ұсынатын боламыз. Бұл жобаға атсалысқандардың барлығына алғыс айтамын», деді Илон Маск. Оның айтуынша, жаңа туннельді қолдану үшін жаяу жүргіншілерге, велосипед пен қоғамдық көліктерге басымдық берілетін болады. Сонымен қатар Илон Маск туннель арқылы жол ақысы қалалық автобустардан да төмен болатынын айтты.
Дайындаған
Гүлнұр ҚУАНЫШБЕКҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»