Жалғанның жайлы төрінде тұрақтап қалған ешкім жоқ. Десе де ұл-қызының шаттығына бөленіп, немересін жетектеп, шөбересіне елпектеп ұрпағының қызық қуанышын ұзағынан көруді кім қаламасын. Халқымыз көп жасаған жанды «сүйегі асыл екен», «жаратқанның назары түскен пендесі екен» деп жатады. Кейінгіге ұлағатын айтып, әдемі қартаю әрбір адам баласының арманы.
Жапырағын кеңге жайған мәуелі бәйтеректей абыз ана өзін дүниедегі ең бақытты жан деп есептейді. Мына суретте әжейдің қасында отырған тұла бойы тұңғышы Дәметхан қария. Былайғы жұртқа ақ сақалды абыздай болғанымен, Тұрақан әже үшін әлі күнге бала. Жасы тоқсанға таяған ол көңілдің кейбір сәттерінде анасын мауқын баса құшақтап, еркелеп алатын көрінеді. Шешелі-балалы қарияларға сүйсіне қарап отырып «Анасы бар адамдар, ешқашан қартаймайды» деген ән жолдары дәп осы Дәметхан қарияға арналып ай-тылған ба дерсің.
Он алты құрсақ көтерген батыр ана тағдыр жолында бар мен жоқты тел емді. Қатал тұрмыстың қақаған аязын да, арайлы күндердің шаттық пен шуағын да көрді. Отбасы жағдайына байланысты оқи алмаған ол заманында жылқы мен қой бағыпты. Наубайханада нан пісіріп, тылда тынымсыз еңбек етіпті. Қиын күндердің бәрі де көрген түстей артта қалды деген әже сексенге тарта немере-шөберенің ортасында отырғанда рахатты жан-тәнімен сезініп, көзіне қуаныштан жас алатынын айтады. Немере мен шөберелердің той-думандарында төрде отырып тілегін жеткізетін Тұрақан әжені тұтас ауыл құрметтейді. Алыстан келген қонақтар алдына арнайы келіп ырымдап батасын алатын көрінеді. Амандаса барғанымызда «Жеңіс мерекесінің қарсаңында «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаевтың өзі құттықтау хатын жіберіпті, мінеки» деп ағынан жарылып қуанып отыр. Әжеймен әңгімелесіп отырып шынында да сүйегі асыл жан ғой деп таңырқайсың. Ұзақ ғұмыр берген Құдай Тағала кейуананы тілден де жаңылдырмаған. Өткен күндерінің естелігін шежіредей шертеді.
Адамды адам қылатын маңдай тер мен адал еңбек. Қандай қиындық келсе де уайымға берілмеу керек. Өмірдің қуанышын да қиыншылығын да елмен бірге көрдік. Әйтеуір, өлген жоқпыз. Көптің тілеуі жақсы болады. Ынтымақ бар жерде, ырыс бар. Біз көрген қиыншылықтарды ұрпағымыз көрмесе екен. Заманың бейбіт болса – жұмақ деген сол. Халқымыз, еліміз аман болсын» – дейді Тұрақан Әбдібаева.
Көп жасаған кісіні көрсек мұның бір құпиясы бар шығар, сұрап білейік деп ынтамыз ауып тұратыны анық. Осы дәстүрден жаңылмай әжейден көп жасауыңыздың сыры неде деп сұрағанымызда: «жайлы адамның аузында әдемі әзілі болады, көңілді жүріңдер және еңбек етіңдер» дегенді естідік.
Өзің бір ауыл-елдің ақсақалы болып отырғаныңда жаныңда ақылгөй анаң болғаны қандай жарасымды.
Ана мен бала... Бақыт деген осы шығар.
Арман ОКТЯБРЬ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ
Суретті түсірген
Расул СӘЛІМҰЛЫ