Қазақстан • 17 Мамыр, 2018

«Men qazaqpyn» телевизиялық байқауы биыл да жалғасады

495 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақ өнерін асқақтату, ел ішіндегі өнерлі азаматтарды халыққа таныту, олардың шы­ғармашылығын насихаттау мақсатында өткен жылы қолға алынған «Men qazaqpyn» дәстүрлі әнші, күйші және термешілердің халықаралық телевизиялық байқауы биыл да жалғасын табатын болады. Бұл орайда ұлттық өнерді насихаттап жүрген өнерпаз жандардың жасындай жарқырауына мүмкіндік мол. 

«Men qazaqpyn» телевизиялық байқауы биыл да жалғасады

Өткен жылы аталған бай­қау­да «Дәстүрлі ән» аталымы бойынша жамбылдық Сұлу­жан Әбенова топ жарған болатын. Жуырда өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында «Qazaqstan» РТРК» акционерлік қоғамы «Jambyl.tv» Жамбыл облыстық филиалының директоры Жасұлан Әбдіманап аталған жобада Әулиеата өңі­рін­дегі таланттардың көрінуіне мүм­кін­дік жоғары екенін, сонымен қатар, жобаның мақсаты ауылды жерде жүрген азаматтарға қолдау көрсету екенін айтты.

Ал Жамбыл облыстық мәде­ниет, архивтер және құжат­тама басқармасы басшысының орынбасары Зүбәйра Семби­наның айтуынша, үш аталым бойынша Тараз қаласында және облыстың барлық аудандарында іріктеу кезеңдері өтіп, оны білікті мамандар саралайтын болады. Сондай-ақ аталған байқауға 18 бен 40 жас аралығындағы дәстүрлі өнерге бейімі бар үміткерлер қатыса алады. Жалпы, басқосуда қатысушылардың арнайы дип­ломы немесе кәсіби білімі болуы маңызды еместігі де айтылды. Өз сөзінде облыстық Халық шығармашылығы орталы­ғының көркемдік жетекшісі Эльмира Дүтбаева айтулы мега­­жобаға Әулиеата өңірінің дайын­дығының жоғары екеніне және байқауға қатысушы өнер­паздардың сапалық құрамы жақсарғанына тоқталды.

«Ел іші – өнер кеніші» дейді халқымыз. Ендігі жерде аталған жоба арқылы ауылда жүрген талантты өнерпаздар да тыңдарманымен қауышып, шығармашылығын дамыта алады. «Men qazaqpyn» жобасында «Дәстүрлі ән» аталымы бо­йынша танымал әнші Айгүл Ма­қашева, «Терме өнері» аталы­мы бойын­ша термеші-жыршы Ертай Тазабеков, «Күй» аталымы бойын­ша күйші Ержан Рысметов үміткерлердің әділ бағаларын беріп, барлық аудандарды аралап шығады деп жоспарлануда.

Хамит Есаман,

«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы