Жамбыл облыстық қазақ драма театрында «Беу, қыздар-ай!» комедиясының тұсаукесері болды. Әуелден әдемі әзілмен басталып, әсем әнмен әдіптелген спектакль ақын жігіт Әубәкір (Мәмбет Қожалиев), суретші жігіт Сұлтан (Жандар Қырықбаев) және магистрант жігіт Хасеннің (Абзал Дәулетбақов) өзара әңгімелесуімен басталады. Өнерлі үш жігіт те өмірлік жар іздеген жандар. Бірі ақындық, бірі суретшілік, енді бірі ғылым жолына түскен жігіттердің өмірін өзгертіп, көңілін көркем күйге бөлеген Айсұлу есімді бейтаныс қыз. «Көктөбе» колхозында сауыншы болып еңбек ететін Айсұлудың суреті газетке басылады. Әдемі қыздың суретін көрген бойда есі кеткен үш жігіт бір-біріне айтпай Алматыдан Айсұлуды іздеп «Көктөбеге» келеді.
Әрине арман асқақ, үміт зор. Үш жігіттің де аңсағаны − айдай сұлу Айсұлу. Ауылдағы сауыншы Айсұлу (Альмира Ділдә), Күнсұлу (Жадыра Құлтаева), Жансұлу (Индира Мұстафаева) және Нұрсұлу (Ризат Қылышбаева) бейнелері де тартымды шыққан. Бірақ қаладан келген үш жігітті байқаған ауылдағы шаруашылық бастығы (Әбу Шоңбаев) пен полиция қызметкері (Анар Алтыбаева) бір қулық қолданып, оларды Айсұлумен емес, Күнсұлу, Жансұлу, Нұрсұлулармен таныстырады. Әрине олар да «бұйрық» бойынша жігіттермен Айсұлу болып танысады. Ақыры Айсұлу атына иланған үш жігіт үш сауыншы қызбен көңіл жарастырады. Ал Айсұлу өзінің сүйген жігіті Серкемен (Бексұлтан Әлекешов) тағдыр қосады.
«Беу, қыздар-ай!» комедиясы өткен ғасырда жазылған шығарма. Алайда бұл қойылымның ерекшелігі – мұнда бүгінгі заманның басты оқиғаларының орын алуы. Қойылымның қоюшы-режиссері Рүстем Жанамановтың шығармашылық шешімі негізінде оқиға барысында бүгінде елімізде бастау алған «Дипломмен − ауылға!» бағдарламасы көрініс береді. Сондай-ақ режиссердің шешімі мен актерлердің шеберлігі үндесіп, бүгінде жұмысбастылықпен тұрмыс құрмай жүрген қыздардың жайын да әдемі әрі астарлы әзілмен айшықтайды. Ал комедияның суретшісі – Жамбыл облыстық қазақ драма театрының бас суретшісі Рахат Сапаралиеваның еңбегі сахнаның өн бойынан көрініп тұрды.
Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы