Аймақтар • 17 Мамыр, 2018

Семейде «Алаштың нар жігіті» атты сайыс өтті

389 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қасиетті Семей жері  ұлы Абайдың  елі, Алаштың рухани астанасы. Қаладағы Мәдениет сарайында өткен «Алаштың нар жігіті» атты ер азаматтар арасындағы сайыс Шәкәрім Құдайбердіұлының 160 жылдығына, Отан қорғаушылар күні мен Жеңістің 73 жылдығына арналды.  Сайыста 18 жастан 40 жас аралығындағы сегіз азамат өздерінің «Сегіз қырлы, бір сырлы» жігіт екендіктерін дәлелдеп, сынға түсті.

Семейде «Алаштың нар жігіті» атты сайыс өтті

Олардың ішінде атап айтсақ, «Ақшың» сауда орталығының атқарушы директоры Ерлан Жақыпов, Артиллериялық дивизияның әскери қызметшісі Ермек Теңізбаев, №42 орта мектептің мұғалімі Аман Қонысбеков, Р. Байсейітов атындағы қаржы-экономикалық колледжінің ұстазы Самат Кәріпжанов, «Нұрдәулет» балалар бақшасының тәрбиешісі Ернұр Ақпаров, Семейдегі облыстық тарихи-өлкетану музейінің экскурсовод жетекшісі Мирас Құсайынов, Шақаман ауылдық окгругінің бас маманы Данияр айдарбаев, Абайдың мемлекеттік қорық музейінің ғылыми қызметкері Мейіржан Нұрлановтар бар.

-Біз міне, байқап отырсаңыздар, сайысқа түрлі мамандықта мықты қызмет істеп жүрген сайдың тасындай өр жігіттерімізді шақырып отырмыз,-деді Семей қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Назерке Аққожина,-Алаштың ізбасарлары тек өздерінің ғана мамандықтары емес, басқа да таланттары бар екендіктерін халық алдында көрсете біліп, келер ұрпаққа үлгі-өнеге болсын деген мақсатты ұстанып отырмыз.

Семейлік нар жігіттер сонымен өлеңмен өзін таныстырудан сынға түсті. Сол кезден бастап Ерлан Жақыпов алдыға оза шабатындығын бірден көрсетті. Кең дала дауысы, сахнада өзін өзі ұстау мәдениеті ерекшеленіп, өзімен бірге сайысқа қатысып отырғандардан бірден алға шықты. Жеті қазынаның біріне жататын ер қаруын қолдануда да тағы да Ерлан Жақыповты атап өтпеске болмайды екен, десті бірауыздан әділқазылар алқасы. Ең мерген ретінде танылған Ерлан Жақыпов бірден 44 ұпай жинады. Одан кейін 41 ұпайды Мейіржан Нұрланов, 38 ұпайды Самат Карибжанов еншіледі.

Ұлттық киім киіп шыққан кезде де сайысқа қатысушылардың талғамы кеңінен бағаланды. Гир тасын көтеру, ән салып, ұлттық нақышта би билеу, салт-дәстүрлерді, тарихты жатқа айтып беріп, түсіндіруден «Алаштың нар жігіті» бас бәйгесін Ерлан Жақыпов иеленіп, беліне жеңістің белбеуін тақты.. Ерлан Жақыповпен бірге қуанып,  құттықтаған Алаш елі оның болашағына тағы да зор жетістіктерге, табыстарға жете беруін тіледі.

Раушан НҰҒМАНБЕКОВА

СЕМЕЙ