Ол тіпті кейбір жұрт жаманға шығарып тастаған адамдармен араласса да, «оның жомарттығын айтсаңшы, мәрттігін-ай!» деп әлгі «іске алғысыз» делінген адамдарды әп-сәтте керемет кісі қылып отырады. Тіпті әлгі кісілерді қарап отырып сағынасың. Жақында сол азаматтың осы мінезінің сырын ұққандай болдым.
Үйіне барғанмын. Жастары жетпістен асқан ата-анасы бар екен. Анасы әңгімешіл, баласының достарымен тіпті жақын тартып шүйіркелескенді ұнатады екен. Әңгіме әредігінде бала тәрбиесі жөнінде бір-екі ауыз сөз айтып қалды. Қалай тәбиелеген дейсіз ғой?
«Үйде бес бала болды, қанша дегенмен бала емес пе? Сырттан, «анау сүйтті, мынау бүйтті» деп бір-бірін жамандап келеді. Көршінің балаларын да тәртіпсіздер қатарына қосады. Ол баланың: «Мен тәртіпсіздік жасамадым» деген ішкі ақталуы ғой. Содан мен бұлардың мұндай әрекеттерінен кәдімгідей шошыдым. Бір күні отағасыға айттым: «Бұлар осылай кете берсе кейін айналасында жақсы адам қалмайтын шығар», дедім. Содан ақылдасып, амалға көштік. Балаларға тапсырма бердім. Нұрсұлуға «сен Бектайдың үш жақсы қасиетін айт, саған үш кәмпит берем» деп, Бектайға «сен Нұрсұлудың бес жақсы қасиетін айтсаң саған ойыншық алып берем» деген секілді талаптар қойып сыйлық беруді бастадым. Онсыз да жейтін кәмпит, алатын ойыншықтары ғой, содан бұлар «ол үй жинауға көмектеседі, ол үй тапсырмасын уақытында орындайды, ол әке сырттан келгенде амандасады» дегендей бір-бірінің жақсы жақтарын санамалап тұрып айтатын болды. Кейбір кезде аздап өтірік те мақтап жібереді. Ондайда тойтарыс берем. «Жоқ, бұлай емес, былай шығар» деп бағыттап жіберем. Қызық болғанда бір ай өтер-өтпесте бұлар маңындағы адамдардың жақсы қырларына шын үңіле бастады. Біздің үй жақсы адамдарға толып кетті. Көршінің балаларын да мақтаса сыйлық беріп отырдым. Кейін сыйлықсыз-ақ маңындағы балалардың, үлкендердің жақсы қасиеттерін айтып келетін болды. Өздері сондай болуға ұмтылады ғой содан кейін.
Шүкір, өскенде содан жаман болған жоқ. Адам бойында жақсылық та, жамандық та бар ғой, жақсы жағын көрсең жақсы мәміле жасайсаң, сен жақсы мәміле жасасаң оның қайтарымы да жақсылық қой, шырағым. Ал бір жақсылығын көріп жаман адамдарға да сеніп қалуға болмайды. Оны адамның ақылы екшейді ғой», – дейді апамыз.
Содан ойыма өзіміздің орынсыз әрекеттеріміз орала бергені. Баламызға өзгенің баласын жамандауды үйретеді екенбіз ғой. Тіпті өз баласына тамақ ішкізу үшін «пәленді қарашы, тамақ ішпей күші жоқ болып қалыпты, менің балам тамағын тауысып қояды» немесе «пәленнің баласы жылауық, менің балам жыламайды» деп айдаладағы Мұратты, Жанарды жамандайтын әдетіміз өтірік пе?
«Өзгенің жақсылығын көргіш болсаң, өзің де жақсылық көресің», деген сөзді тағы сол баласы жақсы апа айтып еді...
Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»