Қазақстан • 18 Мамыр, 2018

АЭФ-те жаһандық мәселелер талқыланды

2618 рет
көрсетілді
39 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ХІ Астана экономикалық форумының жұмысына қатысты. 

АЭФ-те жаһандық мәселелер талқыланды

Суреттерді түсірген Ерлан Омар, "Егемен Қазақстан"

Кеше елордада ХІ Астана экономикалық форумы өз жұмысын бастады. «Жаһандық сын-тегеу­ріндер саммиті» атты халық­аралық форумның пле­нарлық отырысына Мем­лекет басшысы Нұр­сұлтан Назарбаев қатысты. 

Үш күнге созылатын фо­румның пленарлық отырысы ЭКСПО-2017 көрме кешенінің ба­за­сындағы Конгресс-орталықта өтуде. Алқалы жиынға Нобель сыйлығының лауреаттары, әлемге әйгілі сарапшылар, саясаттанушылар, дүние жүзінің бизнес элитасы қатысуда. Пленарлық отырыста мәртебелі меймандар әрі спикерлердің санатында бол­ған Халықаралық Олимпиада ко­ми­тетінің Этика жөніндегі комис­сиясының төрағасы, Біріккен Ұлттар Ұйымының сегізінші бас хатшысы Пан Ги Мун, Apple ком­паниясының негізін қалауға қатыс­қан тұлғалардың бірі, әйгілі меценат Стив Возняк, физик, футурист және ғылымды дәріптеуші Митио Каку, Golman Sachs бұрынғы төрағасы, британдық қаржыгер, экономист, философ Джим О`Нил, Францияның экс-президенті Франсуа Олланд, «Яндекс» компаниялар тобының негізін қалаушысы әрі басшысы Аркадий Волож және басқалар пленарлық отырыста сөз сөйлеп, форум тақырыбына қатысты ойларын ортаға салды. 

Ғаламшар халқын азықпен қамту оңайға соқпайды

Мемлекет басшысы пле­нар­лық отырыста сөйлеген сөзінде Астана экономикалық форумына қатысу көпшілік үшін игі дәстүрге айналғанын атап өтті.
– Он бірінші рет өткі­зі­ліп отырған бұл форум эконо­ми­ка­ның, инвестицияның және ин­но­­вацияның мейлінше өзек­ті мәселелерін талқылауға ар­нал­ған. Осы орайда осында келген қонақтарымызға, жалпы біз­дің азаматтарға зор алғыс біл­ді­ремін. 11-ші рет форум әлемдік экономиканың инвестициялары мен инновацияларының ең маңызды мәселелерін талқылау алаңына айналып отыр. Былтырғы форумнан бері біз әлемдегі орасан зор өзгерістердің куәсі болдық. Жаңа қайшылықтар, текетірестер пайда болуда, мемлекеттер арасында өзара келісімге келу қиын­дап барады. Әсіресе үлкен мем­лекеттер арасында. Өзара сен­беу­шілік, қарсыластықтың ұс­танымын түсінуді қаламау жиі орын алуда. Бұл әлем үшін өте күр­делі кезең, – деген Н.Назарбаев осы тектес қиындықтарға қатысты мәселелерді әділ және объективті түрде талқылау мүмкіндігі адамзат үшін өте маңызды екенін атап көрсетті. 

– Биылғы форум жаһандық сын-тегеуріндерге лайықты жауап табу мәселелерін де қарастырады. Сәйкесінше, форумда осы сала­лар­дағы білікті мамандар жиналып отыр. Олардың сөзін тың­дау, ұсыныстарын пайдалану біз үшін қашанда маңызды, – деді Қа­зақстан Президенті.
Елбасы атап көрсеткендей, бү­гінде адамдардың ұзақ өмір сүруі, халық санының қарқынды көбеюі әлемдік экономиканың маңызды факторына айналып отыр.

– Ғаламшар тұрғындары са­ны жылдам өсіп келеді. Соңғы онжыл­дықтағы ғылыми-тех­никалық прог­рестің жетістіктері адам өмірі­нің орташа ұзақтығын айтар­лықтай ұлғайта түсті. Соңғы 70 жылда ол 23 жылға, яғни 48-ден 71 жасқа дейін өсті. Қазақ­станда бұл көрсеткіш тек тә­уелсіздік жыл­дарының ішінде ғана 65 жас­тан 72,5 жасқа жетті, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысының сөзін­де айтылғандай, қарқынды демо­графиялық өзгерістерге байла­нысты туындаған мәселелер тиі­сінше күрделі шешімдердің қа­был­дануын талап етеді. Үстіміздегі ғасыр ортасына қарай жер шарын мекендейтін 10 млрд халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін қазіргі деңгейден 60 па­йызға көп азық-түлік өндіруге тура келмек. Ал ғаламшардағы базалық ресурстардың шектеулі екен­дігін, әсіресе таза су тап­шы­лығының жыл санап артып бара жатқанын ескерсек, бұл оңай міндет емес. Бұл проблеманы еңсеру үшін ауыл шаруашылығы секторын экономиканың ең озық технологиялық саласына ай­налдыру керек. Сол себепті бүгінде Қазақстан заманауи технологияларды пайдалану арқылы агроөнеркәсіп кешеніндегі өсімді 2 есеге арттыру міндетін алға қойып отыр.

– Тағы бір сын-тегеурін – адам­дардың қартаюына байла­нысты зейнетақы жүйесін, әлеу­меттік қамсыздандыру жүйелерін түбегейлі қайта құру қажеттігінде. Бұл аталғандар демографиялық шындыққа сай болуы тиіс, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Криптовалюталар феномені келе жатыр

Global Challenges Summit 2018 форумында Елбасы жаһандық еңбек нарығының өзгеруі әлемдік өзгерістерге ықпал еткен бес негізгі үрдістің бірі деп атады. Қазіргі таңда кәсіпорындар үшін жұмыс күшінің арзандығы емес, білікті қызметкерлердің көп болуы маңызды екеніне тоқталды. 

– Таяу болашақта әдеттегі еңбек күшінің 80 пайызын ро­боттандырылған жүйелер алмас­тыратын болады. Қазіргі таңда кәсіпорындар үшін жұмыс күші­нің арзандығы емес, білікті қыз­меткерлердің болуы маңыз­ды­рақ. Дамушы елдердегі өнді­ріс орындары да дамыған елдер­­ге кері қайтарылып жатыр. Мұ­ның барлығы ұлттық экономи­­калар мен әлеуметтік жүйелер үшін үлкен сынақ. Бұл мәсе­­ленің басты шешімі – білім беру жүйесін реформалау. Білім беру ісінде креативті ойлау, қа­жетті ақпаратты таба білу, оны ұтымды пайдалану машықтарын үйретуге көшу керек. Техникалық прогрестің жылдамдығы қазіргі адамнан бірнеше мамандықты меңгеруді және өмір бойы білім алуды талап етеді. Қазақстан бұл бағытта тиісті жұмыстарды жүргізуде. Біз бұл сынаққа дай­ын­­далдық және әлі де дайын­­дық үстіндеміз, – деді Елбасы. 

Осы жиында айтылғандай, Кеңес Одағы ыдырағаннан ке­йін­гі күрделі кезеңде Мемлекет басшысының бастамасы бойынша еліміздің жастарына әлемнің үздік оқу орындарында білім алуға мүмкіндік туғызған «Болашақ» бағдарламасы өмірге келді. Со­ның арқасында ширек ғасыр ішін­де 13 мыңнан астам адам мем­лекет есебінен дүние жүзінің үздік жоғары оқу орындарында білім алды. Бүгінгі таңда 70 мың сти­пендиат шетелде оқып жатыр.

– Сонымен қатар білім сапасы әлемдік деңгейдегі өз уни­вер­си­теттерімізді де аштық. Олар­дың қатарында Назарбаев универ­си­теті, Қазақстан-Британ техни­калық университеті, Қазақстан менеджмент, экономика және жоспарлау институты, Халықаралық ақпараттық технологиялар уни­верситеті бар. Аталған оқу орындарында біліктілігі жоғары мамандар әзірленуде. Мемлекет грант санын көбейтуге, студент­тердің өмір сүру деңгейін жақ­сартуға күш салуда. Өткен жы­лы жастарға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру бағдар­ла­масын іске қостық, осы бағ­дар­лама бойынша жастар алғаш­қы мамандығын алады, жұмысқа орналасады, әрі қарай өз өмірін жоспарлайды, – деді Елбасы.

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, "Егемен Қазақстан"

Сапалы, бәсекеге қабілет­ті адами капиталды қалып­тас­тыру үшін еліміздің орта мек­тепт­ерін­дегі білім беру жүйесіне де рефор­малар жасалуда. Бүгінгі таңда Қазақстанда халықаралық аттестациядан өткен 20 зият­кер­лік мектеп бар, қалған мек­теп­­терді де болашақта осы дең­гей­ге жеткізу үшін жұмыстар атқа­ры­луда. 

Қазақстан Президенті бүгінгі таңда цифрландырудың адамзат өмірінің барлық аспектілерінің бірінші мегатренді болып отыр­ғанына тоқталды. 
– Көз алдымызда экономи­каның жаңа моделі қарқынды түрде құрылуда. Бизнес қана емес, сонымен қатар қоғамның барлық салалары цифрландырылуға бет алды. Жаңа технологиялардың қарқынды дамуы базалық факторларды өзгертеді. Қазір өндірісті қадағалайтын әрі жақсарта алатын, өзін-өзі жетілдіретін электронды жүйелер үйреншікті құбылысқа айналып келеді. 2030 жылға қарай жасанды интеллект әлемдік экономиканы 16 трлн долларға арттырады, – деп атап өтті Н.Назарбаев. 

Елбасы атап өткендей, бо­лашақта криптовалюталар фено­мені мен блокчейн технология­лары банктерді қамтып, қаржы нарығына түбегейлі өзгеріс әкеледі. Сарапшылардың па­йымдауынша, алдағы он жыл ішінде әлемдегі 500 ірі ком­па­нияның 200-і жойылып кетеді. 

Экономиканың жаңа цифрлы моделінің нәтижесі оның ұлғаюына ғана емес, сондай-ақ 2017 жылы бизнес үшін ең қауіпті деп танылған киберқауіпсіздіктің артуына да байланысты. 2016 жылғы тізімде киберқылмыс тек бесінші орында тұрған болатын. Әрине осы және өзге де факторлар көптеген елдер үшін цифрлы провинцияда қалып қоймау үшін жасалған ес­кер­тудей болды. Бұл бағытта елімізде «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы іске қосылған. Аталған бағдарламаны жүзеге асыру Қазақстанда цифрлы инфрақұрылымның дамуына жол ашатын болады. 

– Біз де осы жаңа жағдайға бейімделіп келеміз. «Цифрлы Қа­зақ­стан» бағдарламасын іске асы­ру арқылы елімізде цифрлы инфрақұрылымның және ІТ-экожүйесінің дамуы қамтама­сыз етіліп, тұрғындардың 85 пайы­зының цифрлы сауаттылығы ар­тады. Біз жаңа технологиялар­ды қолдана отырып, 5 жыл ішінд­е өңдеу секторындағы еңбек өнімділігін 1,5 есе арттыруды жоспарлап отырмыз, – деді Қазақ­стан Президенті.

Мегаполистер дәурені орнайды

ХХІ ғасыр ортасында дүние жүзінде мегаполистердің дәуірі туып, олардың арасында бәсекелестік орнайды. Осындай ой айтқан Н.Назарбаев агломерацияны дамыту стратегиясы жүзеге асырылып жатқанын тілге тиек етті.

– Біріккен Ұлттар Ұйымының болжамына сәйкес, 2050 жылға қарай ірі қалаларда тұра­тын халықтың саны 7 млрд адам­ға жетеді. Бұған қоса, агломера­ция­ларға халықтың көптеп шоғыр­лануы орын алады. Осылай­ша, мегаполистер дәуірі туады, олардың арасында өзара бәсеке­лес­тік болады. Инвестиция, үздік ақыл-ой, технологиялар үшін күрес жүріп, оған қол жет­кізу үшін барлық жағдай жасалады. Эко­­номика үшін идея мен білім­нің маңыздылығы одан әрі арта тү­седі, – деді Қазақстан Прези­денті. 

Осы ретте Қазақстан агломерацияны дамыту стратегиясын қолға алып отыр. Бұрын миллион тұрғыны бар қала жалғыз Алматы шаһары болса, қазір Астана мен Шымкент осы қатарға қосылды. Бұл процесс одан әрі жалғаса беретін болады. Яғни елордамыз Астананың 20 жылдығын мерекелеу аясында 5 шілде күні Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан елдердің ірі қалаларының форумын өткізу бекер қолға алынып отырған жоқ деуге болады. 

Пленарлық отырыста сөй­леген сөзінде Мемлекет басшысы жиырма бірінші ғасырдағы жа­һандық трендтердің бірі ретін­де энергетикалық революцияны, әлемнің таза энергияға бет бұр­ғанын атап көрсетті. 

Энергетикалық революция, әлемнің таза энергияға бет бұр­ғаны – жаһандық тренд. Соңғы 30 жылдың өзінде жыл сайын балама энергия көздерінен алынатын жаңғырмалы энергия көлемі 13 есеге артты. 5 жыл ішінде күн панельдері арқылы энергия алу құны 2 есеге жуық арзан­дады.

лектромобильдерге деген бетбұрыс байқалуда. Сарап­шы­лар­дың айтуына қарағанда, егер автопаркті электрокарлар алмастыратын болса, бұл жер бетіндегі ауаны 200 жыл бұрынғы деңгейге дейін тазартуға мүмкіндік береді, деген Мемлекет басшысы әлем елдерінің экономикасының да­муындағы басты орынға цифрлы технологиялар мен жаңғырмалы энергия көздері шығып отырғанын айтты. 

– Табиғи ресурстарға әлемдік сұраныстың сақталып отырғанына қарамастан, дәстүрлі энергия көздері бүгінде айтарлықтай ба­сымдыққа ие бола алмай тұр, қазір ол көптеген мемлекеттер үшін жоғары табыстың көзі емес. Осы орайда энергетикалық нарықтардың барлық ірі ойыншылары, яғни корпорациялар мен елдер жаңа энергетикаға көлемді инвестициялар салумен айналысуда,– деді Президент. 

Бұдан әрі ол 2017 жылы елордада өткен ЭКСПО-2017 ха­лық­аралық көрмесіне тоқталды. Елбасы айтқандай, Қазақстан жаңғырмалы энергия алу процесін дамытудан тыс қалған жоқ. 

– Атап айтар болсақ, «Болашақтың энергиясы» тақы­ры­бымен табысты өткен ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі елі­мізде «жасыл» экономиканы жүйе­лі түрде дамытуға негізгі база болды. Жалпы, 2030 жылға қарай біздің энергиялық ба­лан­сы­мыз­дағы жаңғырмалы энергия үлесі 30 пайызға дейін артады, – деді Мемлекет басшысы. 

Бастама БҰҰ аясында қарастырылуы керек

Астана экономикалық фо­румының базасындағы Global Challenges Summit 2018 кон­гресінің пленарлық отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Астана» халықаралық қаржы ор­талығы туралы сөз қозғап, мәр­тебелі меймандарды осы қаржы орталығының ресми ашылу салтанатына қатысуға шақырды. 

– ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің орнына бүгінде «Ас­тана» халықаралық қаржы орта­лығы құрылып, жұмыс істеуде. Бүгінгі мүмкіндікті пайдалана отырып сіздерді аталған қаржы орталығының ағымдағы жылғы 5 шілдеде өтетін ресми ашылу салтанатына шақырамын,– деді Елбасы. 
Жалпы, пленарлық отырыс­та сөйлеген сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев бүгінгі таңда дүние жүзінде шиеленісті жағдайлардың көбейгеніне және қазіргі өрке­ниеттің жаңа жаһандық трансформациясына тоқталды, ғаламдық дамудың басты-басты бес мегатрендін атап өтті. Олардың қатарында жоғарыда аталғандай, адам қызметінің барлық салаларын цифрландыру, энергетикалық революция, жер шарындағы тұрғындар санының жылдам өсуі, урбанизация қарқыны мен сипатының өзгеруі, сонымен қатар жаһандық еңбек нарығының өзгеруі бар. Нұрсұлтан Назарбаев аталған жаһандық 5 тренд әлемде орын алып жатқан тұрақсыздық жағдайының арта түсуінің негізгі факторлары болып саналатынын және G-Global бастамасын ұсынғанын атап өтті. Бұл бас­тама G-7 және G-20 бастама­ларына қарағанда, барлық елдер­дің пікірлері мен мүдделерін бірік­тіруге мүмкіндік беріп, мейлінше теңгерімді шешімдер табудың нақты тетігіне айнала алады.

– Осы басқосуда орнықты даму, экономикалық теңсіздікті қысқарту, халықаралық сауда-саттықтың, жалған ақпарат тара­тудың, криптовалютаны қол­дану мен оны реттеудің жаңа ере­желерін айқындау мәселелерін талқылауға болады. Жаһандық дағ­дарысқа қарсы шешімдер әзірлеу ісіне бүкіл халықаралық қоғам­дастықтың атсалысуы қажет екенін ескеріп, бұл бастаманы Біріккен Ұлттар Ұйымы аясын­дағы алаңда жүзеге асыруды ұсынамыз, – деп түйіндеді сөзін Мемлекет басшысы. 

Сөз соңында Қазақстан Пре­зиденті шараға қатысушыларға табыс тілеп, форум жұмысы нәтижелі әрі жемісті болатынына сенім білдірді.

Мәртебелі меймандар ой бөлісті

Пленарлық отырыста БҰҰ-ның бұрынғы бас хатшысы, Халықаралық Олимпиада ко­ми­теті Этика жөніндегі комис­сия­сының төрағасы Пан Ги Мун Астана экономикалық форумы­ның жаһандық проблемаларды шешу жолдарын іздестіруге өте тиімді алаң екенін айтты. Со­нымен қатар ол дүниежүзілік эко­логиялық проблемаларды шешу ісімен әлем елдері бірлесіп айналысуы керектігіне тоқталды. 

– Барлық саяси көш­бас­шыларды, бизнес және қоғам көш­басшыларын бірігіп жұмыс істеуге, халықаралық ұйымдарға қол­дау көрсетуге шақырамын,– деді Пан Ги Мун. 

Әйгілі физик, футуролог Ми­тио Каку болса болашақта медицина саласын революция күтіп тұрғанын жеткізді.

– Мен алдағы 30-100 жыл­ға қатысты оптимистік көзқа­рас­тамын. Болашақ 30 жылда компьютерлік чиптер өте арзан тұратын болады. Компьютер сөзі ағылшын тілінен жоғалады. Ин­тернетті тіпті көз линзаларында да қолдануға болады. Ол жарқ етсе, сіз онлайн тәртіпте интернетке шыға аласыз. Сонымен қатар медицина революцияландырылады. Себебі чиптер тегін болады. Шағын ғана микроскопиялық чиптер сіздің ішкі ағзаларыңызды фотосуретке түсіреді. Бұл да адам жасын ұлғайтуға септігін тигізеді. Сонымен қатар алдағы жа­қын болашақта адамзат баласы трансплантациялауға арнал­ған органдарды зертханаларда өсіріп, дамыта алады. Сіз өз бауы­рыңызды зертханада дамып-жетіл­ген бауырға алмастыра аласыз. Сол сияқты бұл чиптер де ин­тел­­лектуалды болады, – деді ғалым. 

Силикон алқабының аты аңызға айналған тұлғасы Стив Возняк өзінің алғашқы компьютер құрастыруына кімнің ықпал еткені туралы баяндады. 
– Бала кезімде өз компаниясын құрған жас инженер туралы кітап оқыдым. Бұл маған қатты әсер етті. Менің әкем де инженер болатын. Бір күні әкем маған болашақта тез жұмыс істейтін компьютер болатынын, оның сол кездегі компьютерлерден қымбат болатынын жеткізді. Сонда «оны құрастыратын инженердің бірі мен болатын шығармын» деп қиялға берілдім. Содан кейін мен арнайы клуб құрдым. Онда профессорлар, қарапайым студенттер болды. Біз «тез жұмыс істейтін дербес компьютерді қалай жасап шығаруға болады» деген тақырыпта өзара пікір алмастық, оны жасап шығарғымыз келді. Ақыры осы арманымыз жүзеге асты,– деді Стив Возняк.

«Жасыл» экономиканы дамыту жайы талқыланды

Форум аясында ұйым­дас­тырылған аса маңызды шара­лардың бірі – Халықаралық жасыл технологиялар және инвес­тициялық жобалар орталығының таныстырылымы болды. Оған БҰҰ-ның бұрынғы бас хатшысы, жаһандық «Жасыл өсім» инс­титутының төрағасы Пан Ги Мун, Нобель сыйлығының лауреа­ты Рае Квон Чунг, БҰҰДБ-ның Қа­зақстандағы тұрақты өкілі Но­римаса Шимомура, Францияның индустрия, энергетика және цифр­ландыру жөніндегі министрі Эрик Бессон секілді танымал әлем­дік саясаткерлер, Қазақстан тара­пынан еліміздің Энергетика министрі Қ.Бозымбаев, Қазақ­станның экологиялық ұйымдары қауымдастығы президиумының төрағасы Ә.Назарбаева және «Жасыл» технологиялар және ин­вестициялық жобалар халықа­ралық орталығының басшысы Рәпіл Жошыбаев қатысты. 

Сессияда жаңғырмалы энер­гия көздерін дамыту және қор­шаған ортаға зиянды әсерді азайту, ресурстарды үнемдейтін технологияларды, «жасыл экономика» құралдарын енгізу, жоғары технологиялық және ғылымға негізделген салаларға инвестициялар тарту мәселелері талқыланды. Тұрақты даму саясатын алға жылжытуға қызығушылық танытатын тараптардың мазмұнды ашық диалогы өрбіді. 

Айтқандай, Астанадағы «Ха­лықаралық «жасыл» технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы» биыл ЭКСПО-2017 базасында құрылған болатын. Жиында орталық қызметі таныс­тырылды. Орталықтың негізгі функциясы – «жасыл» мәдениетті қалыптастыру және алдымен Қазақстанда содан соң Орталық Азия өңірі елдерінде жасыл технологияларды дамыту арқылы экологиялық проблемаларды шешу. Орталық энергетикалық секторды трансформациялау, «жа­­сыл» бизнеске көшу, трансферт және «жасыл» технология­лар мен үздік тәжірибелерді бе­йім­деу міндеттерін атқаруға ар­налған. 

Ал өз кезігінде Энергетика министрі Қ.Бозымбаев осы сала­да елімізде атқарылған шаралар, сондай-ақ алдағы жоспар­лар жайын баяндады. «Көптеген елдер үшін «жасыл экономика» мемлекеттің экономикасының өсуіне және азаматтардың әл-ауқатын арттырудың драйверіне айналды. «Жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасын іске асыру жылдарында ресурстарды үнемдейтін таза технология­ларды пайдалану қалаларда орталықтандырылған сумен жабдықтауға қолжетімділікті 94 пайызға және ауылдық жерлерде 57 пайызға жақсартуға мүмкіндік бергеніне көзіміз жетті. Ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігі екі есе өсті. Қазіргі заманға лайықты энергия үнемдеу жүйесінің негізі құрылды. Ағымдағы жылдың соңына қарай жаңғырмалы энергия көздерінің қуаты шамамен 460 МВт болады деп күтілуде. Қолданыстағы көмір электр стансаларында заманауи күлді өңдеу құрылғыларын енгізу жұмыстары жалғасуда. Қалдықтарды өңдеу және қайта өңдеу 31 пайызға жетті», деді министр. Оның айтуынша, жоғарыда аталған нәтижелерге өндіріс пен тұтыну салаларына «жасыл» экономика ұстанымдарын енгізу бойынша жүйелі жұмыстардың және шетелдік серіктестермен конструктивті жұмыстардың арқасында қол жеткізіліп отыр. «Жасыл» технологиялар және инвестициялық жобалар халықаралық орталығының құрылуының арқасында бұл процестің кеңейе түсеріне сенім артамыз. Орталық елімізде және толықтай алғанда Орталық Азияда жаңа технологияларды пайдаланудың катализаторына айналуы тиіс. Қазақстан жаңа технологиялық шешімдерді іздеуге және инвестиция тартуға мүдделілік танытатындығын атап өткім келеді», деді Қ.Бозымбаев.

Аталған шараның қоры­тындысында «Қызылорда облысында қуаты 50 МВт Байқоңыр күн электр стансасын салу» жобасын қолдау және ынтымақтастық туралы келісімге және Энергетика министрлігі, Астана қаласының әкімдігі, «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы және «Шелл» компаниясы арасында меморандумға және бірқатар маңызды келісімдерге қол қойылды. 

АӨК саласына қомақты қаржы құйылады

Негізінен Астана эко­но­микалық форумы ауқымында көптеген маңызды құжаттарға қол қойылды. Соның бірқатары ауыл шаруашылығы саласына қатысты болды. Бұл ретте Ауыл шаруашылығы министрлігі ірі трансұлттық компаниялармен, соның ішінде Италияның «Crемоnini» («Inalca Eurasia Holding»), Израильдің «M.A.D. Developing Agricultural Projects», аустриялық «Cedar Meаts», америкалық AGCO, қытайлық «Golden Camel GROUP LTD», Оңтүстік Кореяның «Hyundai Corporation», британдық «Dunbia» компанияларымен жалпы көлемі 300 млрд теңгені құрайтын меморандум және жол карталарына қол қойды. Аталған компаниялар ауыл шаруашылығы және азық-түлік өнімдерін өндірушілер арасында көшбасшы болып табылады. Ірі трансұлттық компаниялар Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенін қаржы ресурстарын ғана емес, қазіргі заманғы технологиялар трансфертімен де қамтамасыз етуге дайын. 

Жобаларға қол қойылғаннан кейін инвесторлармен дөң­ге­лек үстел форматында кездесу өт­кізілді. Аталған іс-шара­ны аш­қан Премьер-Министр­дің орын­басары – Ауыл шаруа­шы­лығы ми­нистрі Өмірзақ Шө­кеев ірі ше­телдік инвестор­лар­ды Қазақ­станға тарту, өнеркә­сіптің эко­но­ми­калық және техно­логиялық әлеуе­тін одан әрі дамы­тудың маңыз­ды құрамдас бөлігі екенін атап өтті.

Бүгінгі таңда еліміздің агро­өнеркәсіп кешені экономиканың қарқынды дамып келе жатқан саласы болып табылады және оның жылдық өсім қарқыны 104,5 пайызды құрап отыр. Қазақстанның табиғи ресурстарының әлеуеті мен агроөнеркәсіп кешенінің қорлары еліміздің одан әрі қарқынды дамуы үшін негіз болып табылады. Елбасы еңбек өнімділігін және өңделген ауылшаруашылық өнімдерінің экспортын арттыру бойынша нақты міндеттер қойды. Ірі трансұлттық компания­лармен ынтымақтастық тіке­лей инвестициялардың жеткілікті мөлшерін ғана емес, сондай-ақ инвесторлардың өздері есебінен дайындалған өнімдерді одан әрі экспорттауды жеңілдетуге мүм­кіндік бермек. Ал кәсіпкерлікке қо­лайлы жағдай жасау және инвес­тициялық ахуалды жақсар­ту агроөнеркәсіптік кешенде мем­лекеттік саясатты іске асы­ру­д­ың негізгі басым факторы.

ЕАЭО маңызды келісімдерге қол жеткізді 

Астана экономикалық форумы аясында Еуразиялық эко­номикалық одақ (ЕАЭО) пен Иран арасында еркін сауда аймағы туралы уақытша келісімге қол қо­йылды. Нәтижесінде тараптар бірқатар тауарлар бойынша кедендік баж салығын 3 жылға дейін төмендетуге уағдаласты.

 Атап айтқанда, Иран 246 та­уарға, ал Еуразиялық эконо­микалық одақ елдері 175 тауарға тарифтік жеңілдік жасайтын болады. Мәселен, Қазақстанның 102 экспорттық тауары бойынша Иранда кедендік баж салығы тө­мендейді. Соның ішінде сиыр еті, қой еті, сары май, ноқат, бұршақ, жасымық, арпа, күріш, өсімдік майлары, макарон өнімдері, кондитерлік өнімдер, болат прокаты, рельстер, аккумуляторлар және тағы басқа өнімдер бар. 

Өз кезегінде Иран мемлекеті ЕАЭО-ға пісте, құрма, інжір, мейіз, асшаян, апельсин, лимон, лайм, кондитерлік өнімдер, шырын түрлері, құрылыс бояулары, лактар, ыдыс жуу құралдары, кілемдер, пластмасса бұйымдары сияқты тауарларды 10 пайызға дейінгі жеңілдікпен тасымалдай алады. Ал алма, қияр, томат сияқты ирандық өнімдерге тек маусымдық, нақты айтқанда, қараша мен наурыз аралығында ғана жеңілдіктер берілмек. 

Иранға шығарылған қазақ­стандық өнімдер экспорты үлесінің артуы екі ел арасындағы сауда-саттықтың жандануына жол ашатыны сөзсіз. Аталған мемлекетпен арадағы тауар айналымы биылғы жылдың бірінші тоқсанында 170 млн АҚШ долларын құрап, өткен жылмен салыстырғанда 70 пайызға өсім көрсеткенін айта кету керек. Алдағы уақытта тараптар Дүниежүзілік сауда ұйымы ережелеріне сәйкес еркін сауда аймағы туралы толық форматты келісімге көшуді қарастырмақ.

Бұған қоса, Еуразиялық экономикалық одақ елдері мен Қытай Халық Республикасы арасында сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Қазақстан тарапынан Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Асқар Мамин, сондай-ақ Арменияның вице-премьері Тигран Авинян, Беларусьтің бірінші вице-премьері Василий Матюшевский, Қытайдың министр дәрежесіндегі xалықаралық сауда өкілі Фу Цзьин, Қырғыстанның вице-премьері Замирбек Асқаров, Ресейдің вице-премьері Дмитрий Козак және Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Тигран Саркисян келісімді ресімдеу шарасына қатысты.

Одан кейін ЕАЭО елдерінің вице-премьерлерінің және Қытайдың министр дәрежесіндегі xалықаралық сауда өкілінің қатысуымен «Еуразия бірыңғай экономикалық кеңістігін қалай құруға болады?» деп аталатын панельдік отырыс өтіп, он­да жоғарыда аталған құжат төңі­ре­гінде пікірлер айтылды. Өз сөзінде Еуразиялық эконо­ми­калық комиссия алқасының төр­ағасы Т.Саркисян қазіргі таң­да Қытаймен тауар айналымы 100 млрд АҚШ долларын құрай­тынын, ЕАЭО-ның экспорты 40 пайызға артқанын айтты.

– Қытай Халық Республикасы экономикалық өсудің жаңа тұ­жы­рымдамасын ұсыну барысын­да бірлесіп жұмыс жасауға мүд­делі екенін білдірген болатын. Бекітілген келісімшарт негізінде екі жақта да тауар айналымындағы бәсекеге қабілеттілік артып, тұтыну көлемінің ұлғаятыны түсінікті. Қытаймен жасалған ортақ келісім бір бағытта шектелмей, экономиканың барлық салаларындағы тауар айналымы қамтылып отыр. Бұл ретте, ДСҰ-ның талаптарына бағынып, ережелерін ескеретінімізді айта кеткен жөн. Қытаймен жасалған ортақ мәміле негізінде одаққа мүше елдер арасындағы өзара кедендік келісімдерді нақтылап, құжаттарды реттеу алдағы 60 күн ішінде өз шешімін табады. Екінші мәселе санитарлық және фитосанитарлық шараларға қатысты болып отыр. Көп жағдайда тауарлардың шекараларда тексерілуі біршама уақытқа созылады. Осы мәселені біржақты шешу үшін тұтынушылардың құқығын қорғау орталығын құру жоспарланған. Орталықта электронды құжат айналымын енгізу де назарға алынады. Жал­пы, ауыл шаруашылығы, энергетика, көлік, өндіріс, теxнологиялар, ин­но­вация­лар, ақ­па­раттық-теxнологиялық инфра­­құ­рылым, қар­жы мен қоршаған орта саласын­да өзара ынты­мақ­­тас­тықты дамытуға басым­дық бе­ріледі. Қазірдің өзінде қы­тай­лық әріп­тестерге көлік сала­сы бойын­ша 40 жобаны қарас­ты­ру ұсыны­лып отыр. Келісім­де ке­дендік жеңілдіктер қарасты­рыл­маған. Негізгі мақсат – екіжақты ын­ты­­мақтастықты нығайту, қарым-қатынастың нақты жолдарын бел­гілеу, ортақ жобалар үшін тиімді жағдай жасау, – деді Т.Саркисян.

Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Асқар Маминның айтуынша, биылғы жылы Қытаймен бірлескен «Бір белдеу, бір жол» жобасына 5 жыл толады. Оның негізінде Қазақстанның өңірлерінде инфрақұрылымдық бастамалар іске асып отыр. Екі жыл бұрын басталған «Батыс Еуропа – Батыс Қытай дәлізі аясында, автомобиль жолдарын жақсарту бағыттары бойынша жұмыстар атқарылуда. 

Қытайдың министр дәре­жесіндегі xалықаралық сауда өкілі Фу Цзьин өз кезегінде, өзара ынтымақтастық келісімінің аса маңызға ие екеніне тоқталып, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуды көздейтіндерін де баса айтты. Сонымен қатар ол АЭФ аясында инфрақұрылымды цифрландыруды жүйелеу барысы кеңінен талқыланатынына тоқталды. Оның айтуынша, Қытайда бүгінгі күні электронды коммерция жақсы дамыған, тек интернет арқылы сауда жасаудан түсетін пайда 100 млн долларды құрайды. Қытайдың сауда-саттық алаңында Еуропа мен АҚШ-тың үлесі басым. Енді бұл тізімге ЕАЭО қосылып, сауда нарығын интернет арқылы жүргізу ісі де келісім арқылы оң шешім тапты. 

Ресей Федерациясы вице-премьері Дмитрий Козак өз сөзінде Еуразиялық экономикалық одақ елдері мен Қытай Халық Республикасы арасында сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісім Қытай мен Ре­сей арасындағы энергетика мәсе­лесінің шешім табуына негіз болып отырғанын жеткізді. Еура­зиялық экономикалық одақ елдері мен Еуроодақ және Қытай Халық Республикасы арасын­дағы байланыстың артуы эко­номикалық ілгерілеудің тетігіне айналатынын айтқан Беларусьтің бірінші вице-премьері Василий Матюшевский, Жібек жолы жобасы индустриялық парктің жұмысын жеделдетуге ықпал ететініне тоқталып, қол қойылған құжат аясында басымдық берілген мәселелердің болашағы баянды боларына сенім білдірді.

Өзекті тақырыптар талқыланды

Астана экономикалық форумы базасындағы Global Chal­lenges Summit 2018 бары­сын­дағы экономикалық теңсіздік тақырыбына арналған панельдік сессияда Дүниежүзілік банктің Қазақ­стандағы тұрақты өкілі Ато Браун Қазақстанда соңғы 20 жылда кедейлік пен жұмыс­сыздық деңгейі айтарлықтай төмен­дегенін айтты. Оның сөзіне қарағанда көптеген елдерде ке­дейлікпен күрес жолдары қарас­тырылмай отыр. Соның сал­дарынан шиеленістер мен қақты­ғыстар артып, жағдай ушығуда. Ато Браун Қазақстанда соңғы екі он­жылдықта кедейлік пен жұмыс­сыздық деңгейі төмендегенімен, бұл мәселеде назарға алатын түйіт­кілдер барын да атады. Олар­ды шешу үшін Қазақстан өз хал­қының 65 пайызын құрайтын орта тапқа мән беруі керек. Со­нымен қатар қаржы ұйымының еліміздегі тұрақты өкілі атап өт­кендей, Дүниежүзілік банк өз зерт­теулерін жүргізіп, нәтижесінде өте кедей көптеген мемлекеттерде соңғы жиырма жылда біршама экономикалық өсім байқалған.

Мұнай-газ компанияларының стратегиялық даму барысын талқылайтын панельдік пікірталас барысында Григорий Выгон, Оливье Лазар, Николай Горбань, Олег Карпушин сынды мамандар пікір алмасты. Онда дүние жүзі тұтынатын қуаттың 85 пайызы мұнай мен газдан және көмірден алынады деген ақпарат айтылды. Сарапшылардың мәлімдеуінше, әлем елдері қуат көзін баламалы энергиядан алуды көздейді. Мұ­най мен газға, уран мен көмірге бай Қазақстан да «жасыл» эконо­ми­каны толық қуаттайды. Ал электр энергиясына сұраныс 2040 жылға қарай 70 пайызға дейін артпақ. 
Форум барысында Қазақ­стан­­дағы инвестициялық ахуалды жақсарту арқылы елдің экономикасын әртараптандырудың мән-маңызы да назарға алынды. «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Қайрат Келімбетов осы орайда инвесторларға жағдай жасау мақсатында «Астана» халық­аралық қаржы орталығының жұмыс істейтінін, онда британ­дық құқықпен тек британдық судья­лардың қызметі инвестор­лардың сенімдерін нығайтуға мүмкіндік беретінін мәлімдеді. Қайрат Келімбетовтің айтуынша, Дүниежүзілік банк келтір­ген ақпаратта Қазақстан макроэко­номикалық өсім бойынша жоғары көрсеткішке қол жеткізген. Оның ішінде соңғы жылдары жекелей институттар жұмысының жандануы, қарқынды дамуы байқалады. 

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Рүстем Құрманов Global Challenges Summit 2018 форумы барысында агроөнеркәсіп кешені саласында жалпы сомасы 300 млрд теңгені құрайтын жобаларды жү­зеге асыруды көздейтін құжатқа қол қойылғанын мәлімдеді. 

Мазмұнды өткен алғашқы күн 

АЭФ-тің алғашқы күнінде талқыланған тағы бір тақырып – «Жаһандық экономикалық сын-тегеуріндер жағдайындағы салық және бюджет саясаты». Бүгінде елдердің экономикалық өсімінің бәсеңдеуі мен энергия тасымал­дау­шы­лар бағасының түсуі нарыққа деген бәсекелестікті күшейтіп, қорғау шараларын ынталандырады. Бұл протекционизмнің маңызды шиыршығына айнала ма немесе қандай да бір сәтте тоқтай ма – бұл әзірге сұрақ күйінде қа­лып тұр. Қазіргі уақытта қалып­тасқан үрдіске қарағанда, елдер­дің үкіметтері жаһандық өзгеріс­терге дайын болуға және техно­логиялық салаларды ынталандыру үдерістерін бастауға тиісті.

Осындай іс-қимылдардың ұтымды құралдарының бірі экономиканың басымдықты салаларын салықтық ынталандыру болуы мүмкін.

Аталған қайта құрулар барысында Қазақстан мен басқа да мемлекеттер қандай салық саясатын таңдаулары тиіс және жаңадан туындаған жағдайларда қандай мәселелер мен мүмкіндіктер бар? Дөңгелек үстелде, міне, осы мәселе төңірегінде ой-пікірлер ортаға салынды. 

Иә, әлемдік тәжірибеде кепілдендірілген дұрыс шешімдер галереясы жоқ, өйткені олардың әрқайсысы белгілі бір сәтте және белгілі бір жағдайда ғана өзекті. Бірақ сонымен бірге алға ұмтылудың табысты кейсі бар, солардың жарқын мысалдарының бірі – Қытайдың экономикалық ғажайыбы. Десе де, Қытай экономикасы капиталдың жылыс­тауы, мемлекет қарызының өсуі және халқының қартаюы се­кілді мәселелермен бетпе-бет келеді. Қытай «орташа табыс қақпанынан» қаша ала ма? Өсімнің жаңа көздерін қайдан табуға болады? АЭФ ауқымы бұл тақырыпты да назардан тыс қалдырмады. Бұл ретте әлемге танымал саясат­кер­лер «Қытай нені жасырады? Еу­разия ірі экономикасының мүм­кіндіктері мен қиындықтары» ат­ты панельдік пікірталаста Қы­тай экономикасы жайында ой өрбітті. 

АЭФ аясында өткен «Теңізге шығатын жолдары жоқ дамушы елдердегі тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу» бойынша пікірталас та өте тартымды өтті. Онда айтылғандай, аумақта теңізге шығар жолдың жоқтығы, оқшаулану және әлемдік нарықтан қол үзу, жоғары көліктік және транзиттік шығындар теңізге шығуға мүмкіндіктері жоқ 32 дамушы елдің (LLDCs) жалпы әлеуметтік-экономикалық дамуы мен бәсекеге қабілеттілігіне күрделі шектеу салады. Ал LLDCs халықаралық аренада жоғары шығындарды азайтуы және жалпы бәсекеге қабілеттілікті арттыруы өзіне бірқатар сын-тегеурін жүктейді. «Ондағы көлік инфрақұрылымын дамыту және қызмет көрсетуді жақсарту үшін қандай ұсыныстар мен мүмкіндіктер жасауға болады? Тұрақты даму мақсаттарына жыл­дам қол жеткізу жолында LLDCs мүддесі үшін көліктік бай­ла­ныстар мен сауда-сат­тық сала­сын­дағы көлікте халық­аралық қол­дауды кеңейтіп, ынты­мақ­тас­тықты күшейту керек пе? Теңізге шығар жолдары жоқ елдер үшін қандай көмек болуы тиіс?» деген мәселелер қызу талқыланды. 

Жалпы, форум аясында жаһандық сын-қатерлердің бар­лығы егжей-тегжейлі талқы­ланды. Мәселен, «Он миллиардқа жуық адамзатты асырайтын тех­но­логиялар», «Әлемдік экономи­каның бәсеңдеуі. тренд пе әлде ауытқушылық па?», «Жасыл экономика». кедергілер және енгізуге ынталандырулар», «Басқа ақша. Реттеуші қалай үн қатуы тиіс?», «Ғарыш, әлемдік теңіз және атмосфера. Елімізді және ғаламшарды толық тазалау жұмыстарын ынталандыру» «Үшінші әлемдік соғысты қалай болдырмауға болады?» «Мемлекеттік сектордың оңтайлы шегі. Экономикадағы мемлекеттің үлесін қалай азайтуға болады?», «Экологиялық стандарттар, инвестициялар мен сауда. Қазақстан экономикасы үшін сын-тегеуіріндер мен мүмкіндіктер» сияқты жаһандық мәселелер сөз болып, түрлі ұсыныстар айтылды. Сондай-ақ «Криптовалюта миллиардерлері болашақ элитасы бола ма?», «Үлкен Еуразия құрыла ма? Геоэкономиканың сындарлы сын-тегеуріндеріне жауап іздеу», «Биржаның жаңа келбеті. Қаржы алаңдары қалай өзгереді?» дегендей қаржылық мәселелер де тілге тиек етілді.

Жалпы, Астана экономикалық форумының алғашқы күні қамтылған шаралар ауқымы өте кең. Бір күн ішінде бірнеше маңызды панельдік пікірталастар, дөңгелек үстелдер, таныстырылымдар өтіп, онда жаһандық сын-қатерлерге қатысты тақырыптар тереңінен талқыланды. Айталық, форум жұмысына жалпы 500-ге жуық спикер қатысып жатқаны да шараның салмағын сипаттайды. Ал бұл осымен он бірінші рет өтіп жатқан форум үшін рекордтық көрсеткіш. Форум бүгін және ертең де жалғасын табады

Арнұр АСҚАР,
Динара БІТІК,