Қоларбада билеуден қарсылас шақ келтірмейді
Тірек-қимыл аппараты бұзылған, психо-неврологиялық ақауы бар балаларды оңалту, сауықтыру мақсатында құрылған орталықты «Туған жерге тағзым» акциясы аясында өмірден өткен қоғам қайраткері Нұрлан Қаппаров пен Әмір Уәлиев секілді азаматтар өз қаражаттарына салып, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіп, мемлекет қарамағына берген екен. Қазір мұнда мүмкіндігі шектеулі 56 балаға 92 адам қызмет көрсетеді. «Шын мәнінде, бұл орталықты ашу оңай болған жоқ. Ата-аналармен жұмыс істеуге тура келді. Аудандағы 57 елді мекеннің бәріне барып, ата-аналармен сөйлестік, түсіндірдік. Қазіргі таңда балалар әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-педагогикалық, әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-құқықтық, әлеуметтік-экономикалық, әлеуметтік-мәдени, әлеуметтік-еңбектік деген секілді 8 түрлі қызмет алады. Біздегі қызметкерлердің өз жұмысына деген ынта-ықыласы, балаларға деген сүйіспеншілігінің арқасында мүмкіндігі шектеулі балғындардың қоғамға араласуы жеңілдеді. Қоғамдық жұмыстарға белсенділігі артты. Мәдени іс-шараларға көптеп қатыса бастадық. Құдайға шүкір, жүре алмаған балалар жүріп, сөйлей алмаған балалар сөйлеп, өмірден өз жолдарын тауып жатқаны қуантады. Қазір орталықта жас маман Айжан Мұхамадиеваның басшылығымен бірқатар жұмыс қолға алынып жатыр. Былтыр Тұңғыш Президент қоры мекеме үшін өте қажет интерактивті тақтаны тарту етті», дейді осы орталықтың ашылуына үлкен еңбек сіңірген, жоғарыда есімдері аталған жомарт жандарға хабарласып, ғимаратты салу жөнінде өтініш білдіріп, құрылыстың ыстық-суығына күйген, бүгінде мекеме директорының орынбасары қызметін атқаратын Рысхан Жанкүшікова.
Орталық 3 пен 18 жас аралығындағы мүмкіндігі шектеулі балаларды облыс бойынша тегін қабылдайды. Мұнда жатып емделетін де, таңертең келіп, тиісті ем-домын алып, кешке үйіне қайтатын да балалар бар. Мекеме қызметкерлері балаларды өздері көлікпен алып кетіп, әкеп тастайды. Орталықтағы 56 баланың 30-ы мектепке барады. Олардың арасында қатардағы балалармен оқитындары да, жеке білім алатындары да бар. Мектепте пандус жоқ болғандықтан 5 бала үйде оқып жатқан көрінеді. Орталықта балалардың талантын ашуға ерекше мән беріледі. Мекемеде тәрбиеленушілер жақында қоларбада отырып билеуден Қазақстан чемпионатына қатысып, 17 медальмен (оның 8-і алтын, 5-уі – қола, 4-уі – күміс) оралыпты. «Қазір біздің балалар халықаралық жарыстарға да шыға бастады. Мәселен, туғаннан аяғы семіп қалған 12 жастағы Алексей Журавлев Ресейдің Санкт-Петербург қаласында өткен 13 мемлекеттің өнерпаздары қатысқан құрлықтық сайыста алтын медаль иеленді. Леша – өте талантты, ақылды бала. Туа біткен дарын. Жалғыз өзі де, жұппен де билейді. Болашақта қоларбада билеуден оны ешкім жеңе алмайды», дейді бала жанашыры.
Екі инватакси, үш қоларба қажет
Алексей Өскеменнен Үржарға 4 жасында келген екен. Қазақшасы судай. Тілі де қазақша шығыпты. Санкт-Петербургке барғанда Лешаның өнеріне ресейліктер де тәнті боп, «өзіміз емдеп аламыз, қамқорлығымызға алсақ қайтеді» деп қызығушылық танытыпты. Лешадан бөлек Бағлан Манабаев пен Әлібек Төлегеновті де ерекше айтуға болады. Олар да қоларбада билеуден бұған дейін бірнеше медаль еншіледі. Бір өкініштісі, жүлдеден жүлде бермей жүрген талантты балғындардың отыратын қоларбасы талапқа сай келмейді екен. Мәселен, Алексейдің отыруына, би билеу кезінде еркін, кедергісіз қозғалуына қолайлы қоларба Санкт-Петербургте 3 мың АҚШ доллары тұрады. «Жомарттың қолын жоқ байлайды» демекші, орталық мұндай қоларбаға қол жеткізе алмағаннан кейін Алматы облысында концерт қойып, одан түскен 1 миллион 128 мың теңгеге және меценат Рақымғали Құлмұхамед берген 500 мың теңгеге қазір балалар билеп жүрген үш қоларбаны сатып алыпты.
Әрине, тұрғындар балаларын жолдың шалғайлығына қарамай Астанаға немесе Алматыға апарып емдеткісі келетіні белгілі. Дегенмен Үржардағы орталық қызметкерлері локомат секілді роботтандырылған құрылғылар мекемеге сатып алынса, балаларды алысқа сабылтпай өзіміз-ақ емдеп, сауықтырар едік дейді. «Бізде балалар массаж қабылдайды, физиоем алады, әртүрлі жаттығулар жасайды. Дегенмен де компьютер арқылы өзінің қимыл-әрекетін көріп, сол арқылы жүруге ынталандыратын локомат сияқты медициналық құрылғылар қажет-ақ. Оның бағасы да қымбат. 300 миллион теңге тұрады. Соның арзанын әкелсе де жақсы болар еді», дейді директордың орынбасары.
Зейнеткерлікке шыққан соң мүмкіндігі шектеулі балаларды сауықтыру, оңалту ісімен шұғылданып келе жатқан Р.Жанкүшікова облыста қаншама балғын әлі күнге дейін ата-анасының жанынан шыға алмай, тиісті ем-домын қабылдай алмай отырғанына алаңдайды. «Кейбір ата-аналарды да түсінуге болады. Әрине, кім өзінің бауыр еті баласын танымайтын адамдардың қолына тапсырғысы келеді. Дегенмен де баланың болашағын, алдағы өмірін ойлау керек қой. 2016 жылы Абай ауданының орталығы Қарауылда болып, ата-аналарды мекеменің жұмысымен таныстырған едік. Кездесуде талай сауалдар қойылды. Сол кезде ауыратын баласын біздің орталыққа әкелгісі келетін ата-аналардың аз емес екенін байқадым. Бірақ келуге жағдайы жоқ. Сондықтан аудан тарапы арнайы көлік шығарып, ата-аналарды баласымен бірге бізге алып келіп көрсетсе сауапты іс болар еді», дейді Р.Жанкүшікова.
Түйін
Орталықтан шығып бара жатқанда дәлізде тұрған бірнеше велосипедке көзіміз түскен. Орталық қызметкерлері бұл да жаны жабырқаулы, мүмкіндігі шектеулі балаларды ынталандырудың бір әдісі екенін айтқан. Мұндағы Леша секілді аяғын баса алмайтын балғындар әлгі шайтан арбаларды қолмен айналдырып, ойнайды екен...
Ғимараттан шығарда әлгі велосипедтерге тағы да көз салдым. Көз салдым да, мұндағы 56 баланың барлығы сырқаттарынан құлан-таза айығып, осы велосипедтерге отырып, желдей жүйткісе деп тіледім.
Балалар – періште ғой. Періште тілегі орындалар.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
Шығыс Қазақстан облысы,
Үржар ауданы,
Ақжар ауылы