Еліміздегі іргелі мектептердің көш басында тұрған білім шаңырағында жалпыұлттық ата-аналар жиналысы еркін форматта өтті. Мұғалімдер мен ата-аналар арасында ашық пікір алмасу алаңы қалыптасып, мектептің психолог мамандары ата-аналар үшін арнайы әзірлеген көңілді тренингтік бағдарламасын ұсынды. Шәкірттердің жетістіктері сараланып, биылғы оқу жылында атқарылған жұмыстардың есебі тыңдалды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының мән-маңызын көрсететін арнайы бейнероликтер көрсетіліп, бағдарламаның негізгі бағыттарына қатысты баяндамалар оқылды. Назарбаев зияткерлік мектебінің шәкірттері халықаралық деңгейдегі олимпиадалар мен жас өнертапқыштарға арналған әлемдік додаларда жоғары нәтижеден көрініп жүр. Бұл отбасы мен мектеп арасындағы үйлесімді байланыстың жемісі дейді ұстаздар.
– Халықаралық отбасы күнінде ұйымдастырылып отырған жалпыұлттық ата-аналар жиналысының ауқымы кең. «Рухани жаңғыру» бағдарламасын тәрбие негізінде іске асыру, қамқоршылық кеңестің қызметімен таныстыру, отбасы құндылықтарын насихаттау және отбасы мен мектептің өзара байланысын нығайту сынды жұмыстар күн тәртібінде талқыланды. Мектеп жұмысында ата-аналардың белсенділігі өте жоғары, оқушылар тарапынан ұйымдастырылған түрлі іс-шараларға, қайырымдылық акцияларына белсене атсалысады. Баласының ештеңеге алаңдамай, жан-жақты жетілуіне жол ашып отырған ата-аналар қауымының қолдауы бізге үлкен көмек, – дейді мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Айгүл Исмаилова.
Жиналыс барысында мектептің қамқоршылық кеңесінің жұмысы туралы да кеңінен айтылды. Дамыған мемлекеттердің тәжірибесіне үңілсек, қамқоршылық кеңесі көптеген елдерде үлкен маңызға ие. Әр білім мекемесіндегі қамқоршылық кеңес мүшелеріне жүктелген негізгі міндет білім беру ұйымына бюджеттік ұсыныс жасап білім сапасына баға берумен ғана шектелмей, оқушылардың сабақтан тыс уақыттардағы жан-жақты дамып жетілуіне, түрлі үйірмелерге қатысып уақытын тиімді пайдалануына қолдау жасау. Жас зияткерлер мектебінде бұл бағыттағы жұмыстар да жүйелі жолға қойылған.
«Мектебімізде оқушылардың таным көкжиегін жетілдіруге бағытталған 35 үйірме сабағы жұмыс істейді. Оның ішінде 12 пәндік үйірме, 8 спорттық, 13 шығармашылық және екі бірдей техникалық үйірме бар. Нәтиже сапасы өте жоғары. Қандай жобаларда болмасын ата-аналардың ұсыныс-тілектері міндетті түрде назарға алынады», дейді педагог-ұйымдастырушы Зәуре Тоқтамысова.
Арман ОКТЯБРЬ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ