Аймақтар • 18 Мамыр, 2018

Астана қаласының Ақтөбе облысындағы күндері өтті

436 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Еліміздегі үлкенді-кішілі қалалар, соның ішінде облыс орталықтары елордаға қарап бой түзесе, өркендеудің жаңа бір өрісі ашылары анық. Сондай-ақ осы арқылы өңіраралық ынтымақтастықты одан әрі дамыту ісіне де соны серпін берілмек. Екі жаққа да пайдасы мол қарым-қатынастар Астананың 20 жылдығы қарсаңында түндігін түріп жатса, тіптен ғанибет. Осы орайда Ақтөбеде 3 күнге созылған Астана қаласының Ақтөбе облысындағы күндері инвестициялық жобаларды бірлесіп игеру мен өңіраралық кооперацияның көкжиегін кеңейтуге үлкен септігін тигізді деуге әбден болады. 

Астана қаласының Ақтөбе облысындағы күндері өтті

Суреттерде: Астана­ның Ақтөбедегі күндерінен көріністер

Бұл ретте Ақтөбе айма­ғында республиканың өзге өңір­лерімен сауда-эконо­ми­калық қатынастарды дамытуда іргелі де ілкімді істер қолға алынғанын атап өту керек. Ендігі кезек Астана мен Ақтөбе облысы арасында орнығып отыр. Әсіресе атал­ған екі өңір арасында бұ­ған дейін ЭКСПО-2017 көр­ме­сі аясында өміршең жобалар жүзеге асырылған-ды. Қазіргі күні Ақтөбе өнімдерін Астана нарығына жеткізудің кең ауқымды бағдарламасы бел­гіленген. Бұған қажетті бас­ты фактордың бірі тиісті әлеует болуында, оның қалып­таса білуінде емес пе. Бұл жөнінен өңір мәртебесі биік тұр. 

– Біз елордалық кәсіпкер­лерге «Ақтөбе» индустрия­лық аймағынан 200 гектар жер телімі мен тегін инфра­құ­рылым ұсынуға әзірміз. Ал өз кезегінде Астана бізге қандай көмегін тигізбек? Біз Астанадан нені үйреніп, нені көңілге түйе аламыз? Сөз жоқ, елордадағы аумақтар­ды абаттандыру жобалары қызықтырмай қоймай­ды. Сондай-ақ қоғамдық кеңіс­тікті қалыптастыру мен қала құрылысы саясатын оң­тай­лы жүргізе білу ісін­де де үй­ренетін үрдістер мол. Аста­наның тұрғын үй-ком­мунал­дық шаруашылық саласын өр­кендету ісіндегі тәжі­ри­бе­сінен де өңірлер өздері­не қажеттісін ала алады, дейді Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев. 

Өз кезегінде Астана қала­сы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев екі жақ­та қалып­таса бастаған ин­вес­ти­циялық әлеует өңірара­­лық ынты­мақ­тас­­тық­тың нә­тижелі болуына және бәсе­кеге қабілеттілік деңгейін көтеруге оң ықпалын жасай алатынын жеткізді. Ал «Астана» әлеуметтік-кәсіп­керлік корпорациясы» ҰК АҚ-тың төрағасы Нұрлан Жа­қыпов өңіраралық бағ­дар­ла­ма­лар­дың бір-бірімен өзара үйле­сім­ді болуы тұрғысынан ой өрбіт­ті. Әрі экономиканы цифр­лан­дырудың иннова­ция­­лық тұт­қаларын саралай оты­рып ен­гізу қажеттігіне тоқ­тал­ды. Оның ойынша биз­нес­­ті да­мытуда цифрлы мар­ке­­­тинг­­тің атқаратын рөлі жоғары. 

Астананың Ақтөбедегі күндері аясында өткізілген бизнес-форум кезінде Ақтөбе қаласындағы «Дару» қалпына келтіру орталығының бас директоры Ғалымжан Елеуов мемлекет-жекеменшік әріп­тес­тігі аясындағы бірлескен жобалар екі жаққа да тиімді екенін түйіндеп берді. «Ақ­төбеде республика өңір­лері арасында баламасы жоқ медициналық кластер құ­рылған. Бұл Астана мен Ақтөбе клиникалары ара­сын­дағы өзара байланыстарды тереңдетуге әсер ете алады», деді ол бұдан әрі. Сондай-ақ Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов облыс орталығының стратегиялық даму сипатын жасақтау үстінде өңіраралық ынтымақтастық жаңа серпін бере алатынына екпін түсірді. 

Астана күндері кезінде тауар өндірушілер мен өңірлерді дамыту орталығының өкілдері басқосудың бергені мол бол­ғанын атап көрсетті. «Осы күндерде бірқатар мәселелер уақыт оздырмай тез шешімін тапқаны да бір мәртебе. Атап айтқанда, Ақтөбеден Астанаға құрылыс материалдары мен сүт өнімдерін жеткізу туралы мәселелер шешімін тап­қаны, ал елордалық компания­лар Ақтөбеге «е-КСК» электрон­ды жүйесі мен көше жары­ғы­на қатысты ақылды бас­қару жү­­йесін енгізуге баста­ма­­шыл­дық танытқаны осы пікі­рі­міз­дің айғағы. Жарық­тан­дыру­дың аталған интеллек­туалдық жүйесі электр энергия­сын аса көп мөлшерде үнем­деу­ге септігін тигізеді», дейді астана­лық «LED Colution» ЖШС директоры Қаныбек Айтақов. 

Түйіп айтқанда, Астана­ның Ақтөбе облысын­дағы күндері өңіраралық кооперациямен ынтымақтастықты дамытудың жаңа парақтарын ашып берді. 

Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»
АҚТӨБЕ