Азаматтардың бұл санаты өздерінің қызметіне байланысты сыбайлас жемқорлыққа қатысты мәселелермен жиі бетпе-бет келетіні жасырын емес. Осы орайда мемлекеттік құрылымдардың қызметкерлері пара алу ар-ожданға кір келтіру деп түсінетін адамгершілік ой-сананың жоғары деңгейімен ерекшеленуге міндетті. Жемқорлыққа қарсы күрес негізгі басымдық ретінде қазынашылық органдарының жұмысында ерекше көрініс табуда. Аталған құрылым Қазақстан Республикасының экономикалық дамуына əсер ететін мемлекеттік қаржыны тиімді жəне орнықты басқаруға жауап беретін еліміздің бюджеттік жүйесіндегі маңызды буын болып есептеледі. Осыған байланысты бұл жұмыс бастапқыда-ақ əрбір басқару саласында кірістер мен шығыстардың ашықтығы мен бақылануын қамтамасыз ету үшін ұйымдастырылған. Мəселе, жалпыға бірдей танылған бухгалтерлік есеп, кірістер мен шығыстардың бірыңғай бюджеттік сыныптамасы, барлық мемлекеттік органдарды қажетті ақшалай қаражатпен қамтамасыз етудегі бірқалыпты қазынашылық нормалар мен стандарттар туралы болып отыр. Қазынашылықтың ақпараттық жүйесі тұрақты жетілдірілу үстінде. Мəселен, 2008 жылы мемлекеттік органдармен электронды құжат айналымы бойынша «Қазынашылық-клиент» АЖ жобасы енгізілген болатын. Оған адами факторды барынша қатыстырмайтын сапалы жəне уақтылы ақпарат алмасу үшін қорғалатын электронды құжат айналымды жасау негіз ретінде алынды. Жалпы, аталған жүйелер жемқорлыққа қарсы күресте айқындаушы рөл атқарады.
Əлемдік сарапшылар тəжірибесі көрсеткендей, мемлекеттік мекемелердегі қаржылық құжаттардың ашық жəне есептілікпен өтуі белгілі бір саланың жұмыс істеуінің тазалық кепілі болуы кездейсоқ емес. Негізі, бүгінде қазынашылық жүйесі қызметінің мəні: мемлекеттік мекемелер қашықтық режімде сұраныстары мен бюджетті атқару жəне қандай да операцияларды өткізу бойынша есептерді жасауына болатындығында. Пайдаланушының автоматтандырылған жұмыс орнының көмегімен құжаттарды толтыруы, қабылдап-тапсыруы жəне бақылауы мемлекеттік органдардың орындаушылары арасында тікелей байланысты болдырмай жүргізілуде. Сонымен қатар қазынашылық қызметкерлері арасында өңделген құжаттарды жүйемен тарату автоматтандырылған режімде жүзеге асырылуда. Бұл бір жағынан, құжаттарды өңдеу процесін тездетеді, екінші жағынан – жемқорлықты болдырмайды.
Елбасы жүктеген міндеттерге сай бүгінгі күні елімізде барлық мемлекеттік органдарда жемқорлыққа қарсы күрес жұмыс бағытының маңызды басымдылығы болып, осы мәселе бойынша мақсатты, жоспарлы әрі жүйелі шаралар қабылдануда. Бұл жұмыстар қазынашылық мекемесінде де жүйелі түрде атқарылып келеді.
Жемқорлық құқық бұзушылықтарды болдырмау бойынша алдын алу іс-шаралары, мемлекеттік қызметке жəне жемқорлыққа қарсы іс-қимылға қатысты заңнамаларды түсіндіру, осы тақырыпта дəрістер мен семинарлар өткізу – қызметкерлер арасындағы жалпы атқарылған жұмыстың азғантай бөлігі ғана. Біздің пайымдауымызша: жыл сайын қазынашылық органдары арқылы қаржылық құжаттардың орасан зор ағыны, яғни нақтылы ақшалай қаражаттың «көшкіні» өтеді. Осы орайда бюджеттің мақсатты қолданылуын тиімді бақылау басымдылықта болады. Қазынашылық органдары жемқорлықтың алдын алу жəне оның көріністерімен күресуге, тəртіпті күшейтуге жəне өз қызметінде тəртіпті нығайтуға бағытталған міндеттерді орындау бағытында алдағы уақытта да қарқынды жұмыс атқара береді.
Баян СЫДЫҚОВА,
Астана қаласы бойынша Қазынашылық департаменті басшысының орынбасары