Қазақстан • 18 Мамыр, 2018

«Даму» Қоры мен Еуразия даму банкі әріптестік келісіміне қол қойды

317 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Астана экономикалық форумының аясында «Даму» Кәсіпкерлікті дамыту қоры мен Еуразиялық даму банкі (ЕДБ) өзара түсіністік пен ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойды.

«Даму» Қоры мен Еуразия даму банкі әріптестік келісіміне қол қойды

Бұл құжат Қазақстанда жеке кәсіпкерлікті дамытуға қолдау көрсету мақсатында серіктестік қарым-қатынастар орнату мен ұзақмерзімді, өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуды көздейді.

Келісім аясында «Даму» қорының қолдауымен ШОБ субъектілерін және басқа да жеке кәсіпкерлік жобаларын қолдауға бағытталған инвестициялық жобаларға, оның ішінде ЕДБ-ға мүше мемлекеттерде құрылған компаниялардың қатысуымен жүзеге асырылатын жобаларға ЕДБ қатысуы көзделген.

Сондай-ақ, шағын және орта бизнес жобаларын Даму қорымен бірлесіп іске асыру мақсатында ҚР Ұлттық Банкімен ЕДБ-ның теңгелік өтімділігін қамтамасыз ету мәселелері қоса талқыланады.

Оған қоса ЕДБ-ға мүше мемлекеттердің экономикасының жеке секторын дамытуға ықпал ететін әлеуетті инвестициялық мүмкіндіктерін, «Даму» қоры мен ЕДБ-ның стратегиялық мақсаттарын зерттеу қоса қарастырылады.

«ЕДБ жеке кәсіпкерлікті дамытуға және ШОБ саласында инвестициялық жобаларды іске асыруға қаржылық қолдау көрсету мүмкіндіктерін қарастыруға дайын. Шағын және орта бизнесті қолдау – бұл мемлекеттік экономиканың тұрақты дамуына ықпал ететін ең тиімді құралдардың бірі деп есептейміз», – деді ЕДБ Басқарма Төрағасы А.Бельянинов.

«Бұл меморандумға қол қою Қазақстандағы жеке кәсіпкерлікті қолдау мен дамыту мақсатындағы жұмыстарымызға оң әсерін тигізеді. Жақын уақытта біз өзара тиімді нақты жобалар мен бағдарламаларды жүзеге асыруға кірісеміз», – деді «Даму» қорының Басқарма Төрағасы А.Сарқұлов.

Айнаш ЕСАЛИ,

«Егемен Қазақстан».

 АЛМАТЫ