Кеше Орталық сайлау комиссиясының отырысында Комиссия «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының партиялық тізімін тіркеді.
5 желтоқсанда партиялық тізімдер бойынша сайланатын Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттығына кандидаттар ұсыну аяқталған болатын. Ал Орталық сайлау комиссиясына барлығы сегіз саяси партияның партиялық тізімдері ұсынылған еді. Олар: «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының, Қазақстан Патриоттары партиясының, Қазақстан социал-демократиялық «Ауыл» партиясының, «Руханият» партиясының, «Әділет» демократиялық партиясының, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының, Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясының және Қазақстан Коммунистік халықтық партиясының тізімдерi.
Орталық сайлау комиссиясы бірінші партиялық тізім – «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының тізімін тіркеді. «Нұр Отан» партиясынан тіркелген кандидаттар арасында 6 ұлттың өкілі бар, кандидаттардың 20 пайыздан астамы әйелдер. Партиялық тізімге енгізілгендердің жартысынан көбінің жасы 55-ке дейінгі азаматтар, ең жас үміткер – 35 жаста. Барлық кандидаттардың жоғары білімі бар. Олардың 40 пайызға жуығы заңгерлер мен экономистер, 35 пайыздан астамы халық шаруашылығының түрлі салаларының мамандары.
Партия ұсынған 50 кандидат бұрын Парламент депутаты болған (49-ы бұрынғы мәжілісмен, 1-еуі сенатор). Сондай-ақ ғылым, мәдениет пен білім қайраткерлері, белгілі спортшылар, коммерциялық құрылымдардың, мемлекеттік органдар мен мекемелердің қызметкерлері де бар. Күнтізбелік жоспарға сәйкес партиялық тізімдерді тіркеу 15 желтоқсанға дейін жалғасады, ал 16 желтоқсаннан бастап партиялар үгіт жұмысына кірісе алады.
Кеше Орталық сайлау комиссиясы 2012 жылғы 15 қаңтарға тағайындалған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауындағы ақпараттық дауларды қарау жөніндегі Қоғамдық кеңес құрды және тиісті ережені бекітті. Қоғамдық кеңестің құрамына елімізге танымал заңгерлер, саясаттанушылар, беделді республикалық және жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының басшыларымен қатар, тиісті өкілетті органдар – Орталық сайлау комиссиясы, Байланыс және ақпарат министрлігі және Әділет министрлігінің өкілдері кіріп отыр.
Қоғамдық кеңес сайлау науқаны кезінде туындайтын ақпараттық дауларды алқалы қарау үшін құрылған және Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылады. Қоғамдық кеңестің негізгі міндеттері: барлық сайлау үдерісіне қатысушылардың бұқаралық ақпарат құралдарына тең қол жеткізуін қамтамасыз етуге және сайлау алдындағы науқан барысын БАҚ-та шынайы жария етуге жәрдемдесу; БАҚ пен олардың қызметкерлерінің сайлау үдерісіне қатысушылармен өзара қарым-қатынастардағы мүдделері мен заңды құқықтарын қорғау; БАҚ қызметінде әдеп нормалары мен кәсіби қағидаттардың сақталуына ықпал ету, сайлау үдерісіне қатысушылар мен БАҚ арасындағы дауларды және өзге де жағдайларды шешуге қатысу.
Кеңестің құзыретіне сайлау үдерісіне қатысушылардың және олардың сайлау науқаны уақытында сайлау заңнамасын сақтауы туралы өтініштерді қарау және олар бойынша шешімдер қабылдау кіреді. Олар жұртшылықтың назарына материалдарды БАҚ-та жариялау немесе Ортсайлаукомның ресми интернет-ресурсында орналастыру арқылы жеткізіледі.
Орталық сайлау комиссиясының отырысында, сондай-ақ мәслихаттар депутаттарын сайлау бойынша бюллетеньдер бұрын белгіленгендей төрт емес, жеті өңірлік ұйымда басылып шығатыны туралы шешім қабылданды. Бұл ретте барлық бюллетеньдер қажетті қорғалу деңгейімен қамтамасыз етілетін болады.
Ортсайлаукомның отырысынан кейін өткен брифингте Комиссия төрағасы Қ.Тұрғанқұлов масс-медиа өкілдерін сайлау науқаны барысы туралы хабардар етті. Орталық сайлау комиссиясына түсіп жатқан мәліметтерге сәйкес, 2011 жылғы 7 желтоқсандағы жағдай бойынша мәслихаттар депутаттығына 1861 үміткер ұсынылған. Олардың ішінде облыстық мәслихаттарға – 188, Астана қаласының мәслихатына – 17, Алматы қаласының мәслихатына – 12, аудандық мәслихаттарға – 1349, қалалық мәслихаттарға 324 кандидат бар. Ал мәслихаттар депутаттығына 24 кандидат тіркелген.
2011 жылғы 16 қараша мен 6 желтоқсан аралығындағы кезеңде Ортсайлаукомға 24 өтініш келіп түскен. Олардың ішінде 18 өтініш сайлау заңнамасын түсіндіру туралы, тағы 6-уы сайлау органдары мен бұқаралық ақпарат құралдарының қызметіне байланысты. «Сайлау комиссиялары мүшелерін оқыту бойынша жалғасып отырған жұмыспен қатар, өңірлерде сайлаушылар тізімдерін жасау және нақтылау бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр. Сайлау заңнамасына сәйкес, сайлаушылар тізімдерін жасау үшін жауапкершілік жергілікті атқарушы органдарға жүктелген. Олар толығымен салыстыра тексерілген және нақтыланған сайлаушылар тізімдерін сайлау учаскелеріне 25 желтоқсаннан кешіктірмей тапсыруы тиіс. Ал 30 желтоқсаннан бастап сайлау учаскелерінде сайлаушылардың тізімдермен танысуына мүмкіндік берілетін болады», – деп атап өтті Ортсайлауком басшысы.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.