Маңғыстауда Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Маңғыстау облысының материалдық және материалдық емес тарихи-мәдени мұралары» атты кешенді экспедициясы өз жұмысын бастады. Ресей Ғылым академиясының Ресей тарихы институтының бас ғылыми қызметкері, профессор, тарих ғылымдарының докторы Вадим Трепавлов бастап, үш тур бойынша жұмыс жасайтын экспедиция мүшелерін Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов қабылдады.
Маңғыстау облысының материалдық және материалдық емес тарихи-мәдени мұраларын зерттеу мақсатында шетелден ғалым-мамандарды тарту, Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасын ұлттық және халықаралық деңгейде насихаттау, Маңғыстау облысының тарихи-мәдени мұраларын аймақ бойынша кешенді ғылыми экспедиция өткізу арқылы баяндау, Сакралды бағыттағы тарих және мәдениет ескерткіштерін зерттеу, өңір тұрғындарының дәстүрлі және тұрмыстық бағыттарын, халық шығармашылығын зерттеу, эпиграфикалық ескерткіштерге зерттеулер өткізу, яғни фольклор мен фиксация, кешенді экспедиция қорытындысы бойынша ғылыми есептер дайындау сынды ауқымды жұмыстарды мақсат еткен экспедицияның құрамында білікті мамандар жеткілікті.
Атап айтқанда Д.С.Лихачев атындағы Ресей Табиғи және мәдени ғылыми-зерттеу институтының доценті, тарих ғылымдарының кандидаты, археолог Т.Кармов, тарих ғылымдарының кандидаты, Әзербайжан Ұлттық Ғылым академиясының археология және этнография институтының басылым және ғылыми байланыстар бөлімінің жетекшісі С.Ашуров, Әзербайжан антикалық және ортағасырлық археология бойынша маман, т.ғ.к. 3.Н.Алышов, Измир қаласындағы Эгей университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Метин Екичи, тарих ғылымдарының кандидаты, түркітанушы, Орталық Азия Кунсткамерасы бөлімінің қызметкері С.Белорусова, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы-драматург Ә.Сарай, профессор, филология ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Тұран-Иран ғылыми-зерттеу орталығының директоры И.Жеменей, Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының антикалық кезең және орта ғасыр археологиясы бөлімінің аға ғылыми қызметкері Е.Оралбай сынды белгілі ғалымдар мен жергілікті өлкетанушылар бар.
– Маңғыстау өңірі – табиғаты бөлек, тарихы тереңде жатқан аймақ. Ғылыми зерттеулерді талап ететін, ежелгі өркениет елі. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев: «Әрбір халықтың, әрбір өркениеттің баршаға ортақ қасиетті жерлері болады, жас ұрпақтың санасына сол қасиетті орындардың ұғымын сіңіруіміз керек. Бұл – рухани дәстүрдің басты негіздерінің бірі» деген болатын. Сол себепті біз «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында үлкен ғылыми экспедиция шығаруды қолға алып отырмыз. Сіздердің еңбектеріңіз – ұлттық тарих пен таным және патриотизмді қалыптастыруға негіз болатына сенімім мол, – деді Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов.
«Киелі Маңғыстауды түркі әлемі археологиясының орталығына айналдыруымыз керек» деген түркиялық ғалым Метин Екичи өңір тарихына қатысты жаңалықтарды ЮНЕСКО көлемінде жариялайтынын жеткізді. Маңғыстау облысының тұрғындары арасынан ХХ ғ. 20-30 жж. қатысты этнографиялық мәліметтер жинақтау, араға ғасыр салып белгілі неміс этнографы Рихард Карутц жолын зерделей жүру, Маңғыстаудағы ноғайлы кезеңі (XIV-XVII ғғ.), Үстірттегі шыңырау-құдықтарды зерттеу, сондай-ақ ежелгі Маңғыстаудың теңіз айлақтарына архивтік-библиографиялық зерттеулер, картографиялық материалдарды зерделеу жүргізу, «От киесі» Отпантау кешенінің туристік әлеуеті, Маңғыстау жерасты мешіттері, өңір ескерткіштерінің эпиграфикасы мен архитектурасы, яғни Маңғыстаудың сакралды ескерткіштерін зерттеу, Маңғыстау петроглифын зерделеу бағытындағы кешенді экспедиция он күн бойы 2000 шақырым қашықтықта жол жүреді деп жоспарланған.
Ақтау қаласынан басталған жол Қошқар ата, Ақшора, Жалғызтам, Үштам, Кенті-баба қорымдары, Сұлтан-үпі жерасты мешіті, қорымы және сайы, Қапамсай-Шақпақ ата жерасты мешіті және қорымы, Отпантау тарихи-мәдени кешені, Ақмыш сайы, Шерқала тауы, Айрақты тауы, Көгез этноауылы арқылы Шетпе ауылына апарса, Тынымбай шоқы жеріндегі Таңбалытастан басталып, Бозжыра тауы, Оғыланды қорымы, Бекет ата жерасты мешіті – Үстірттегі шыңырау-құдықтар Ақшымырау, Жаңасу жеріндегі Шотан құдығы, Еліқажы), Сайөтес ауылы Сисем ата қорымы, Шетпе арқылы Қараман ата жерасты мешіті және қорымы болып жалғасады.
Өлкенің баға жетпес тарихи мұрасын ұлттық идеологияның бөлігі ету, еліміздің әлемдік брендін жоғарылату, туған өлкеге деген сүйіспеншілік пен патриотизмді арттыруды көздеген кешенді экспедиция қорытындысы бойынша «Kazakh TV» арнасында қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде бірнеше сериядан тұратын деректі фильм дайындалатын болады.
Маңғыстау – қойнына сыр бүккен өлке. Оны табу мен тану – ұрпақтан айрықша ыждағаттылықты талап етеді. Сондықтан Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының антикалық кезең және орта ғасыр археологиясы бөлімінің аға ғылыми қызметкері Ерден Оралбайдың Маңғыстау облысынан Археология институтының филиалын ашуды ұсынуы өңірде көптен бері айтылып жүрген мәселенің өзектілігін дәлелдей түсті.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
Маңғыстау облысы