Экономика • 21 Мамыр, 2018

Көпір құрылысы аяқсыз қалмайды

304 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Президент Н.Назарбаевтың бер­ген тікелей тапсырмасына сәй­кес, Үкіметтің осы тапсырмаларды орындау жөніндегі іс-шаралар жоспарына Атырау облысының Махамбет және Индер аудандарына қарасты Жайық өзенінің үстінен көпір құрылысын салу жобасы енгізілген. Нысанның жалпы құны 9 800,0 млн теңгені құрайды. 2014-2017 жылдар аралығында аталған жобаға 7 550,3 млн теңге көлемінде қаржы бөлініп, ол иге­рілген.

Көпір құрылысы аяқсыз қалмайды

Бұл көпірдің республикалық маңызы бар, ол Ақтөбеден ресей­лік Астраханға дейінгі жолды қыс­қартып, транзиттік көлік ағынын Атырауға кіргізбей өткізуге мүм­кіндік береді. Сонымен қатар елу мыңнан аса тұрғыны бар 18 елді мекен халқын аудан орталығына пароммен қатынасудан құтқарады.  Бүгінгі күнге дейін пароммен қа­тынау тұрғындардың тіршілігіне қолайсыз, қауіпті және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына да кері әсерін тигізуде. Осы тарапта аса қажетті көпір құрылысы жұмысын жылдам аяқтап, іске қосу мақсатында 2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджетті нақтылау кезінде қосымша 1 500,0 млн теңге бөлінген жағдайда, биылғы жылы нысанды толықтай бітіріп, іске қосуға мүмкіндік туа­тынын айтып, біз сәуір айында Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың атына депутаттық сауал жолдаған едік.

Сол сауалға Үкімет бас­шы­­­сы­нан жуырда жауап кел­ді. Онда «басталған жобаларды, со­ның ішінде олардың құны­ның қымбаттауын болдырмау мақ­сатында бірінші кезекте аяқтау қажеттігі туралы сіздердің ұсы­ныс­тарыңызды қолдаймыз. Соны­мен бірге, ағымдағы жылдың бюд­­жетін нақтылау барлық мүм­кін ресурстарды қолдана отырып Мемлекет басшысының Жол­дауын және «Президенттің бес әлеу­меттік бастамасын» іске асы­руға бағытталғанын хабарлаймыз. Соған байланысты жоғарыда көр­сетілген жобаға қаражат бөлу мәселесін шешуді Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің жер­гілік­ті желінің автожолдары жобалары бойынша бюджет­ қара­жаттары үнемделген жағдай­да қайта бөлу жолымен немесе 2018 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау кезінде, сондай-ақ 2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджетті қалыптастыру кезінде қарастыруды ұсынамыз» делінген.

Үкімет басшысының өзекті мәселеге көңіл бөліп, қолдағанын құптаймыз. Қажетті қаражаттың айтылған бағыттардан түсетінінен үміттіміз.

Ғұмар ДҮЙСЕМБАЕВ,

Сенат депутаты