Бизнес • 21 Мамыр, 2018

Қатты қалдықтарды қайта өңдеу – заман талабы

11645 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнаған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты биылғы Жолдауында өңірлердің басшыларына шағын және орта бизнес субъектілерін кеңінен тарта отырып, тұрмыстық қатты қалдықтарды заман талабына сай утилизациялау және қайта өңдеу шараларын қабылдауды міндеттеді. 

Қатты қалдықтарды қайта өңдеу – заман талабы

Бұл өте дұрыс талап деп санай­мыз, өйткені елімізде тұр­мыстық қатты қалдықтар кө­лемі күн өткен сайын артып келеді. Энергетика ми­нистрлігінің мәліметіне қара­ғанда, Қазақстанда жыл са­йын 5 миллион тоннадан астам тұр­мыстық қалдық пайда болып, оның 9 пайызы ғана қайта өңделеді екен. Бұл еліміздегі тұрмыстық қатты қалдықтардың қоршаған ортаға кері әсерін тигізіп, экологиялық ахуалға айтарлықтай нұқсан келтіріп жатқанын көрсетеді.

Әрине кейбір бизнес құрылымдары тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеп, игілікке жарату жобаларын жүзеге асыруда. Осы бағыттағы шетел тәжірибесін зер­делеп, озық технология үлгі­лерін енгізген кәсіпкерлер де бар. Алайда аз болған соң олар­дың әлеуеті шектеулі, сон­дықтан тұрмыстық қатты қалдықтар көлемінің шектен тыс ұлғаюы алаңдатарлық ахуал. Бұл жөнінде «Егемен Қа­зақстан» газеті бірқатар материалдар легін жариялады.

Жаһанға зер салсақ, АҚШ, Еуропа және Оңтүстік-Шығыс Азияның дамыған елдерінде қоқысты жағу арқылы энергия қуатын алады. Бұған ха­­­лықтың тығыздығы мен қуатты логистика да мүмкіндік береді. Мәселен, Швецияда тұрмыстық қалдықтардың 99 пайызы кәдеге жаратылады екен. Сондықтан Елбасы тапсырмасына сәйкес, Қазақстанда да тұрмыстық қалдықтарға бейжай қарамай, оны ел экономикасына пайдалану жағын ойластырған абзал.

Қоқысты шығару міндеті жеке ұйымдарға берілгенімен, олар қызмет құнының төмен­дігіне байланысты оны қайта өңдеу мен утилизациялау орындарына жеткізе бермейді. Бұл өз кезегінде рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерінің пайда болуына алып келуде. Елімізде қоқысты жекелеп жинау, сұ­рып­тау мен қайта өңдеу инф­рақұрылымы дамымай отыр.

Жоғарыда аталған жайттарды еске­ре отырып, Премьер-Ми­нистр Б.Сағынтаевқа төмен­дегі­дей депутаттық сауал жол­дадық.

Біріншіден, елді мекендердің санитарлық жағдайы мен ай­наласындағы қоқыс үйін­ділеріне мемлекеттік органдар ерекше көңіл аударуы, тиімді шаралар қабылдауы тиіс. Екіншіден, тұрмыстық қалдықтар орналасқан орындарды бақылауға алып, оның қоршаған ортаға әсеріне мониторинг жүргізген жөн. Үшін­шіден, тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу және кәдеге жаратумен айналысатын кәсіпкерлік қызметті дамытуға қолдау көрсету керек. Төртіншіден, халықтың экологиялық сауатын жетілдіру шараларын белсенді жүргізу жолдарын қарастырған абзал.

Осы орайда Үкімет Энер­гетика министрлігімен бірлесе отырып, кешенді шараларды белсенді түрде іске асыруы, қажет болған жағдайда арнайы бағдарлама мәселесі қаралып, тиісті заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде ұсыныс жасауы керек деп ойлаймыз.

Дүйсенғазы МУСИН,

Сенат депутаты