Жақында қоғам белсендісі, суретші Кәріпбек Күйіков әлеуметтік желіде Қарқаралы ауданының Егіндібұлақ бағытындағы тас жолдың ахуалын айтып дабыл қаққан болатын. Ол осы өңірдегі Теректі ауылының маңында кейінгі жылдары ашылған кен орнынан Қарағайлы-Қарағанды темір жолына кен тасыған ауыр салмақты машиналар жолды талқандап жатқанын айтып қынжылыс білдірді. Содан кейін өткен жол мәселелеріне арналған жиында облыс басшысы Ерлан Қошанов Қарқаралы ауданының әкімі Халел Мақсұтовты осы мәселеге қатысты сынға алды.
Шынында да, Егіндібұлақтың жолы былтыр ғана жөндеуден өткізілген болатын. «АлтайПолиметалл» ЖШС-ның күндіз-түні кен тасыған ауыр көліктері сол еңбектің бәрін еш қылып, жылға да жеткізбестен жолдың ойдым-шойдымын шығарды.
– Жолға зақым келмеуі үшін жүк көлігінің салмағы 8 тоннадан аспауы керектігін білесіз ғой. Жол инспекциясы неге жұмыс істемейді?! Штатта 32 адамды ұстап отырып, өңірдегі жолдың жағдайын қадағалай алмайсыз ба? – деді өңір басшысы аудан
әкіміне.
Қарқаралы ауданының әкімі жолдың аталған бөлігінде 25 шақырым аралықты жамап-жасқау жұмыстары жүріп жатқанын, тағы да 25 шақырымға орташа жөндеу жасалатынын айтып ақталды.
– Жоспарланған 50 шақырым жолдың жартысын жөндеуге тендер өткізілді. Тендер бағасы 234 миллион теңгені құрайды. Мердігер жұмысқа кіріскелі отыр, – деді ол.
Аудан әкімінің айтуынша, «АлтайПолиметалл» ЖШС бұдан былай аса ауыр жүк көліктерімен кен тасыған мердігермен жұмыс істемейтін болыпты. Компания жолға залал келтірмеу үшін кенді ендігіде жалпы салмағы 8 тоннадан аспайтын «КамАЗ» көліктерімен тасиды. Белгіленген тәртіпке бағынбай жолға шыққан аса ауыр жүк көліктерінің иелеріне үлкен айыппұлдар салынатын болады.
Осының бәрі елді шулатпай, облыс басшысына дейін жеткізбей тындыруға болатын шаруа еді. Аудан орталығымен, одан әрі Қарағандымен жалғайтын жалғыз жолмен қатынау мүмкін болмай қалған соң, халық, әрине үндемей отыра алмайды. Жиырма жылдан астам уақыт бұрын аудан мәртебесінен айырылып, Қарқаралыға қосылған Егіндібұлақтың жолдан басқа проблемасы да жетіп-артылады. Қарқаралының құрамында деген аты болмаса, әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан үнемі шетқақпай қалып жататынын осы өңірдің тұрғындарынан жиі еститініміз рас. Шалғайда жатқан ел қандай да бір шаруасын шешу үшін міндетті түрде жолға шығады. Қарағандыдан Егіндібұлаққа күніне екі мәрте қатынайтын автобустың өзі жүру мүмкін болмай қалған жолға амалсыздың күнінен әрең шығатын болған. Ондаған елді мекенге тек Егіндібұлақ, яғни осы жол арқылы ғана баруға болатынын, оларда сырттан баратындарды есептемегеннің өзінде, он мыңнан астам халық тұратынын ескерсек, аудан әкімінің алаңсыздығын түсіну қиын.
Облыс әкімі Е.Қошанов жол полициясының өкілдеріне де өңірдегі барлық жолдарды қатаң бақылауға алып, ауыр жүк көліктерінің қозғалысын қадағалауды тапсырды.
Қайрат ӘБІЛДА,
«Егемен Қазақстан»
ҚАРАҒАНДЫ