Бәріне де айыппұл салады. Олардың «ағатай, кешіріңіз, құлдығыңыз болайық. Күл-қоқыс шашқан жерді тілімізбен жалағандай тазалап берейік. Ендігәрі қайталанбайды «деген жан шырылын шыбын шаққан құрлы көрмейді. Ай-күннің аманында бастары шатылған «төрт батырдың» ең кішісі 14 жастағы Даниил толыққанды отбасыдан болғандықтан, оның мойнына қос бірдей айыппұлды іліндіріп жібереді. Қалған үшеуі тек шешелерінің қарауында екені ескеріліп, жеңілдеу шарамен құтылады.
Даниилдің анасы Натальяның шыр-пыр болып отқа да, суға да түсуден тайынбайтын түрі бар. Учаскелік инспектордың іс-әрекеті де, екі айыппұл төлеттіруі де заңсыз деген дәйекті алға тартып, аудандық сотқа жүгінген екен, өтінішін қанағаттандырмай тастаған. Одан іс облыстық сотқа түсіп, әкесі ғана айыппұл төлесін деген шешім шығарған.
Баланың адвокаты да заң талаптарының өрескел бұрмаланғанына бұлтартпас деректер жеткілікті деп отыр. Оның айтуынша, кәмелеттік жасқа толмаған жеткіншектерге хаттама куәгерсіз, ата-аналардың қатысуынсыз толтырылған. Мектептің әлеуметтік педагогы шақырылмаған. Бақылау камерасының жазбалары алдыртылмаған. Тәртіп бұзушылық орын алған және хаттама толтырылған күндер әртүрлі. Сондықтан тағы да сотқа жүгінбекші.
Заңгерлер болса, дау-дамайдың өршуін заңның солқылдақ тұстарынан іздейді. Олардың айтуларынша заңда кәмелетке толмаған бала тәртіп бұзса, ата-анасына айыппұл салынсын деген бап қарастырылған. Құқықтық құжаттың әр қарпін тура түсінетін, бұлжытпай орындайтын тәртіп сақшылары әкесін де, анасын да жазалаған.
Ал еш жерде жұмыс істемейтін Наталья балам 17 мың теңге айыппұл төлейтіндей бас жарып, көз шығарған жоқ қой. Ескертумен шектелсе, қазандары ортайып қала ма деп күйіп-пісумен жүр.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы