Мамыр айының 19-ы күні Маңғыстауда күннің ыстығы +35° болды. Аптапты күндерде дала төсінде жұмыс істеуге әбден машықтанған мұнайшылар ауа райының бұл «мінезіне» мән бермей, Ақтау қаласынан 230 шақырым қашықтыққа жолға шықты. Сапардың мақсаты – «Үстірт ескерткіштеріне – ел тағзымы!» атты корпоративтік іс-шараны өткізу болатын. Акция аясында аталмыш компанияға қарасты 23 кәсіпорын аймақтағы мемлекет қорғауында тұрған 28 тарихи және мәдени, әдет-ғұрыптық нысандарды өз қамқорлығына алды. Олардың арасында жалпы жұртшылыққа танымал орындармен бірге, тарихи дәуірі, сондай-ақ атқарған қызметіне байланысты маңызды болғанмен, танымалдығы жоғары емес нысандар да бар.
Мамыр айының алғашқы күндерінде басталған бұл акцияға Маңғыстаудағы барлық кен орындары мен сервистік компаниялар жұмылды – әрқайсысы әр ескерткішке арнайы барып, сенбілік-тазарту жұмыстарын жүргізіп, әктеп, сырлап, шарбақ салып, су тартып, түнеуханаларға жөндеу жүргізді. Мысалы, 5 мамыр күні «Өзенмұнайгаз» АҚ жастар кеңесі «Бабалар жүрген ізбенен» санитарлық автоэкспедициясымен жолға шығып, 45 жас мұнайшы екі күн бойы Айрақты және Шерқала тауларына, Самал бақшасына, Ақмыш оазисіне, Шақпақ ата және Сұлтан ене жерасты мешіттеріне барып, абаттандыру, тазалап қоқыстан арылту бағытында қажетті жұмыс көлемін анықтады. Барды бағалап, тарихи құндылықтарды қастерлеу шарасы туған ел тарихын танимын деген жастар үшін танымдық сапар болумен қатар, ел жастарының отансүйгіштік, елжандылық рухын қалыптастыратыны белгілі. Бұдан басқа «ҚазМұнайГаз» компаниясы ұжымдарынан құралған 1500-ден астам мұнайшы бір ай бойы Қарауылкүмбет, Ұзынтам, Өмір, Қызан, Қошақ, Махмут баба, Сисем ата, Оғыланды, өзге де бірнеше нысандарға барып, жол көрсеткіштерін орнатты, қорғаныш тақталары мен шарбақтар салып, кең ауқымда санитарлық тазалық жұмыстарын жүргізді. Нысандардың тарихи маңызын әңгімелеп, мұнайшыларға танымдық тұрғыда мағлұмат беру үшін өлкетанушы мамандар ілесіп, сапар сәні мен мәнін арттыра түсті.
Біз куә болған сапарда «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ мұнайшылары – «Жас мамандар» кеңесі мүшелері алдымен «Қызылқала» қалашығының қазба жұмыстары жүргізілген орнында болып, тазалап, қоқыстарды жинады. Одан әрі Бозашы бойындағы Бекет атаның Тобықты жерасты мешітіне барып, өз жұмыстарын жалғастырды. Қазіргі таңда Бекет атаның намаз оқып, шәкірттер оқытқан мешіттер саны бесеу десек, оның үшеуі Маңғыстауда орналасқан. Осы үш мешіттің бірі – Тобықты. XVIII-XIX ғасырлардың қолтаңбасы саналатын мешіт «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ мұнайшылары күшімен жаңарып, жаңғырып келеді. Мұнайшылар тарихи орынға қоршау салып, қонақүй және ғибадат бөлмесін салу бойынша жұмыстар жүргізумен бірге, электр жарығын және су құбырын тартып берген. Су бар жерге 600 түптен астам ағаш отырғызып, күн шақырайып, аптап ұрған аймақтағы түнеухана маңын жасыл желекке орантып қойыпты. Бұл туралы мешіт шырақшысы қуана айтып, мұнайшыларға алғысын жеткізді.
– Біз Елбасымыздың саясатына үн қосуды, оның халықты рухани жаңғырту бағытындағы бағдарламасына, сондай-ақ ел экономикасын арттыруға, Қазақстанды дамыған алдыңғы қатарлы елдердің қатарына қосуға негізделген барша стратегиялық бастамаларына қолдау көрсетуді азаматтық парыз санаймыз. Бүгінгі 560 шақырым жолды артқа тастап, «Қызылқала» қалашығына және Тобықты жерасты мешітіне барып жасаған сенбілік жұмыстарымыз – жоспардағы көп істердің бірі ғана. Алдағы уақытта «ҚазМұнайГаз» компаниясының басшылығымен, жергілікті жердегі компаниялардың жүзеге асыруымен жақсы істер жалғасын табады деп ойлаймын, – дейді сапар соңында «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ «Жас мамандар» кеңесінің төрағасы Бауыржан Қожаев.
Қиын кезде ел экономикасының аяқтан тұруына қолдау көрсеткен құрыш білек мұнайшылардың тарихи нысандарды қаморлықтарына алып, әлеуметтік саладан алшақ кетпеуі қуантады. Халқын қолдап, бабаларын ардақтаған мұнайшылардың ісі көпке үлгі, көңілге ыстық. «Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген тәмсілге сүйенсек, өткенін қастерлеп, келешегін қамдаған елдің ертеңі осал болмауы тиіс.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
Маңғыстау облысы