Қазақ театрының орта толқынында Әнуар Боранбаевтың орны да, еңбегі де ерекше болатын. Сахнада Абайдан бастап, «Айман-Шолпандағы» Арыстан, «Қаракөздегі» Сырым, «Қобыландыдағы» Бірсімбай, «Еңлік-Кебектегі» Кембай, У.Шекспирдің «Асауға – тұсауындағы» Люченцио, «Қан мен терде» Еламан, «Ақ кемеде» Момын шал, «Ана – Жер-Анада» Майсалбек сияқты көптеген рөлдерін жоғары көркемдікпен сомдаған еді. Ал кинода басқасын айтпағанда, бір «Гауһартастағы» Тастанның өзі актердің атын қазақ киносы тарихында қалдырды.
Амангелді ауданының 90 жылдығына және биыл Әнуар Боранбаевтың туғанына 70 жыл толуына орай аудандық кітапхананың облыс орталығындағы күндері шеңберінде жерлестері актердің еске алу кешіне жиналды. Оған Әнуардың талантын ерекше бағалайтын көрермендерімен қатар, Амангелдіден, Астанадан туыстары мен жары, сыныптастары келді. Актердің өмірі мен шығармашылығына арналған көрме тұсында көрермен көп кідірді. Кешке жиналғандар Әнуардың тұтынған бұйымдарымен қатар оның фото суреттерін, ол туралы жазылған естелік кітаптарды, театр сахнасында өзі ойнаған спектакльдерге пайдаланған заттарын тамашалады.
Кеште оны жақсы білетін туған-туыс, дос-жарандары, жары естеліктер айтты.
– Балалық шағымыз бірге өтті. Ол кезде мектепті бітіргендердің бар арманы оқуға түсу үшін Алматыға бару болатын. Ол кезде мамандықтың ең күштісі агроном, экономист, дәрігер, мал дәрігері болып саналатын. Көпшілігіміз Алматыдағы институттарға түсіп, сол мамандықтарды алып шықтық, ауылға келдік. Әнуар да туғандарының қалауымен Ауыл шаруашылығы институтының Агрономия факультетіне түскен болатын. Бірақ оны алғашқы курстардан тастап кетті де, жүрек қалауымен өнер жолын қуды. Ол мектепте жүргенде әдебиеттен мықты болатын, – дейді сыныптасы Хайролла Хасенов.
Ауылдастары Әнуардың кішіпейіл, қарапайым, адамгершілігін көбірек айтты. Оның ауылға келгенін аудан басшылары білмей де қалатын. Атағым бар екен деп, аудан басшыларына кіріп, өзіне жағдай жасауды, көлік беруді сұрап көрмепті. Тіпті екі ауылдың арасына атарбамен кете береді екен. Оның сахна сыртында, отбасында қандай болғанын жары Ақбөпе де сағына әңгімеледі.
– Әнуар ауылына, туған жеріне ештеңе тең келтірмейтін, өте жақсы көретін. Амангелдіге барып, Әнуардың табанының ізі қалған топырақты басқаныма мәз болып келемін. Мен де актерлер отбасынанмын ғой. Оны театр сахнасынан көргенде өзім әлі мектеп қабырғасында жүрген қыз едім. «Қандай сұлу жігіт!» деп таңғалғанмын. Сахнадағы жігіттің сол сұлу бейнесі ойымнан шықпай жүретін. Кейін жолымыз бәрібір түйісті. Оның таланты ғана емес, адамгершілігі, текті жаратылысы керемет еді. Мен бақыттымын, ондай азаматпен бірге ғұмыр сүру әр әйелдің арманы екенін білемін. Несін айтасың, ғұмыры қысқа болды, тағдыр бізді айырып жіберді. Бірақ елі-жұрты ұмытқан жоқ, сондықтан оны әркез тірі деп білемін. Бүгін де Әнуар ортамызда отырғандай толқып тұрмын, – деді Ақбөпе Боранбаева.
Амангелді ауданындағы өзі оқыған мектепке Әнуар Боранбаевтың есімі берілген. Өнер қуған жастарға Әнуардың кинода сомдаған бейнелері өмірлік мектеп болары хақ. Жерлестері ауылға Әнуар келіп қалғандай, тағлымы мол, сағынышқа толы кештегі естеліктерден серпіліп тарасты.
Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»
ҚОСТАНАЙ