Үстіміздегі жылдың 15 маусымы мен 15 шілдесі аралығында Ресейде өтетін әлем чемпионатында жоғарыда аталған рекордтың бұзылатын түрі бар. Олай деуге негіз, араға бақандай 28 жыл салып, мундиальмен қайта қауышқан Египет ұлттық құрамасының сапында 45 жастағы ардагер ойыншының өнер көрсетуі әбден мүмкін. Ол – мысырлық команданың негізгі қақпашысы Эссам әл-Хадари.
1973 жылдың 15 қаңтарында Жерорта теңізі мен Ніл өзенінің сағасында орналасқан Думьят қаласының маңындағы Кафрде дүниеге келген Эссам өз елінің бірқатар белді командаларымен қатар, Швейцарияның «Сьон», Суданның «Әл-Меррреих» және Сауд Арабиясының «Әл-Таавун» клубтарында өнер көрсетті. Айтулы командалармен бірге ол толағай табыстарға қол жеткізді. Елішілік біріншіліктерде талай мәрте топ жарды. Африка чемпиондар кубогы мен суперкубогын үш реттен олжалады. Арабтар суперкубогын екі мәрте төбесіне көтерді. Ал сол табыстарының арасындағы ең ірісі – Египеттің «Әл-Ахлинің» сапында 2006 жылы Жапонияда өткен клубтық әлем чемпионатында қола медальді иеленуі.
1996 жылы Эссам әл-Хадари Египет құрама командасына қабылданды. Бұл ретте де ол айшықты өнерімен көзге түсіп, өз отандастарымен бірге талай биік белесті бағындырды. Атап айтсақ, Африка ұлттары кубогы жолындағы жарыста қара құрлық көкжалдарының барлығын қапы қалдырып, 4 мәрте (1998, 2006, 2008, 2010) бас жүлдені олжалады. Осы орайда, 2006 жылы Египетте жалауы желбіреген Африка ұлттары кубогының ақтық сайысы жайында азды-кемді айта кетсек, еш артығы жоқ деп ойлаймыз. Айтулы жарыстың бас жүлдесі үшін бәсекеде жарыс қожайындары мен Кот-д’Ивуар құрамалары күш сынасып, негізгі және қосымша уақытта жеңімпазды анықтай алмады. 11 метрлік айып добын соғу барысында қақпашы әл-Хадари алғашында даңқты Дидье Дрогбаның, іле-шала тағы бір мықты ойыншы Бакари Коненің соққыларын кері қайтарып, жергілікті жанкүйерлерді шаттық пен қуанышқа бөлеген еді.
Эссам өз елінде ерекше құрметке ие. Египетте оны еңкейген қарттан еңбектеген балаға дейін жақсы таниды, пір тұтады. Өз елінің ұлттық құрамасы сапында ол тапжылмай 22 жыл бойы өнер көрсетіп, 156 рет жасыл алаңға шықты. Бұл – әлемдік футболда тым сирек кездесетін оқиға. Сол уақыт аралығында ол талай рет Египеттің теңдессіз қақпашысы ретінде танылып, 2001 және 2006 жылдары Африканың үздігі атанды. Бүгінгі таңдағы теңбіл доп шеберлері арасынан осы көрсеткіш жағынан онымен тек Джанлуиджи Буффон ғана теңесе алады. Италияның мақтанышы осы күнге дейін 176 рет жасыл алаңға шықан екен. Бұл ретте ол мысырлықтың алдын орап тұр. Десек те әл-Хадари Египет құрамасының жейдесін 1996 жылы кисе, Буффон бір жыл өткеннен кейін ғана өз елінің бас командасы қатарына қабылданды. Осы жағынан алғанда Эссамның көші ілгері.
Өз тарихында Египет футболшылары екі рет қана әлем чемпионатында өнер көрсетті. 1934 және 1990 жылдары. Осы жарыстың екеуінде де олар бірде-бір рет жеңіске жеткен жоқ. Ал биылғы додада сол олқылықтың орнын толтыруға тамаша мүмкіндік туып тұр. Құрамында Мұхаммед Салахтай сұрмергені, Эссам әл-Хадридей қақпашысы және күллі Мысыр халқын қуантуға құштарланып отырған рухы биік басқа да өр мінезді ойыншылары бар азулы команданың Ресей жерінде өз жанкүйерлерін қуантатынына сенімдіміз.
Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Егемен Қазақстан»