– Осы шарадан кейін біздің өңірдегі велоспорт бұрынғыдан да қарқынды дамиды деген ойдамыз. Атыраулықтар бұқаралық спортқа белсенді бет бұрып келеді. Саламатты өмір салтын насихаттауға арналған шаралар легі үнемі жаңа жобалармен толығуда, – дейді облыс әкімінің бірінші орынбасары Сағындық Лұқпанов.
Олимпиада чемпионы Александр Винокуров: «Жарысқа қатысушылар саны осыншалық көп болады деп ойламадым», дейді. Мұнайлы аймақтың жасы мен кәрісі қатар ағылған веложарыс шын мәнінде спорт мерекесіне айналды. Бес аталым бойынша жүлде сарапқа салынды. Нәтижесінде, ең жасы үлкен қатысушы 66 жастағы Ғимран Ақботин, ең жас қатысушы 4 жастағы Айя Саламат деп танылды. Бисалиевтер отбасы «Спортшылар отбасы» аталымын жеңіп алды. Ал ең креативті велосипедтің иесі Бақытжан Шайхиев болса, Марат Наурызғалиев ең креативті киім иесі атанды. Барлық жүлдегерлерге сыйлыққа велосипед берілді. Жеңімпаздарды марапаттау шарасынан кейін Сұлтан Бейбарыс алаңында эстрада өнерпаздарының қатысуымен мерекелік концерт өтті.
Айта кетейік, шараны ұйымдастырушы «Атырау облысының спортты қолдау және дамыту» қоғамдық қоры биыл құрылғанымен, біраз шараға бастамашы болып үлгерді. Қор бастамасымен екі жас футболшы атақты «Реал» Мадрид командасының жаттығу лагерінде дәріс алу мүмкіндігіне ие болды. Веложарыс аясында қайырымдылық жәрмеңкесі мен аукционның өтуі де шараның маңызын арттыра түсті. «Астана» велокомандасының бағалы лоттары сатылымға шығарылды, одан түскен ақшалай қаражат олимпиадалық резервтегі балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің велоспорт бөлімін спорттық жабдықтармен қамтуға жұмсалады. Велоспорт бөлімінде 10 мен 16 жас аралығындағы 80-ге жуық спортшы дәріс алады», дейді аталған қоғамдық қордың өкілі Таңат Нұршин.
Сонымен көптен күткен аукцион да мәреге жетті. Ең қымбат лот «Vino Bike» велосипеді – 10 млн 400 мың теңгеге бағаланып, оны Құлсары қаласынан келген отбасы сатып алды. Сондай-ақ олар екінші коллекциялық Аргон – 18 велосипедін 5 млн 400 мың теңгеге алды. Майк Тайсонның қолтаңбасы бар қолғаптары 3 млн 200 мың теңгеге бағаланса, Рой Джонсонның қолтаңбасы бар қолғаптар 1 млн 200 мың теңге болды. Қайырымдылық аукционында екі чемпионның қолтаңбалары бар жейделер, сирек кездесетін велосипедтер мен ең ірі еуропалық велотур өтетін Испанияның Вуэльта қаласына 3 күндік тур ойнатылды. Александр Винокуровтың өзі Рой Джонсонның қолтаңбасы бар қолғаптардың иесі атанды. Қайырымдылық шарасы кезінде 34,4 миллион теңге қаржы түсті. «Барлық қаржы Атырау облысындағы велоспортты дамытуға жұмсалады», дейді ұйымдастырушылар.
Бақытгүл БАБАШ,
«Егемен Қазақстан»
АТЫРАУ