Ауылда жергілікті жұртты рухани тербеп отыратын мешіт бар. Жұма намазынан кейін мұнда имам, ақсақалдар кейінгілерге үлгі-өнеге боларлық өсиетті әңгімелер айтады. Көкенаки Әбілдин ақсақал да жұма намазынан қалмайды, ауылдағы жақсы істерге бастамашы болып жүретін кісінің бірі. Ғұмыр бойы білім саласында қызмет етті, бар көңілін де, қызметін де жас ұрпақ тәрбиесіне арнады. Көп жылдар мектеп директоры қызметін атқарды, жаңашыл ұстаз ретінде де жерлестеріне есімі белгілі. Арғы Кеңес Одағы кезін айтпағанда, Тәуелсіз Қазақстанның «Қазақстан Республикасы білім саласының үздігі» төсбелгісін алғаш алғандардың бірі. Әліпби латын қарпімен жасалса қазақ тілінің қанатын кең жаюына септігі тиерін біледі, ауылдастарына да солай түсіндіреді. Өткен жылдың аяғына қарай аудандық газетке бір мақаласын латын қарпіндегі әліпбимен жазды. Аудандық газет редакциясы да оқырманының бұл бастамасын қолдап, мақаланы дереу жарыққа шығарды. Оны оқыған ауылдастары көз үйренбегендікі ме, ежелеп отырып қалған. Мешітке жиналғандардың арасында жұма намазынан кейін осы Көкенаки ағаның латын қарпіндегі мақаласы, латын әліпбиі сөз болды.
– Сол күнгі әңгіме жамағаттың жұма намазынан кейін латын қарпін, жаңа әліпбиімізді үйретіңіз деген ұсынысымен аяқталды. Он екі кісі сабаққа қалатын болды. Бұл ұсыныс маған да қатты ұнады, дереу тақтаны балаларға жасатып, ілдіріп қойдым. Солай сабақты бастап та кеттік, – дейді Көкенаки ақсақал.
Қазір жұма намазынан кейін Көкенаки ағайдың сабағына тек үлкен кісілер ғана емес, мектептің мұғалімдері, оқушылар, жастар да келіп қатысатын болған. Ұстаздың өзі жас кезінде неміс тілін оқыған еді, сондықтан негізі бір латын қарпі оған ешқандай қиындық туғызған жоқ. Қазір ағылшын тілін оқып жатқан оқушылар үшін де бұл қиын емес екен. Ал Көкенаки ағай өзінің «әдістемелерімен» сабақты барған сайын қызықты өткізіп келеді.
– Мен даналық сөздерді, түрлі шежіре, қысқа әңгімелерді жинап аламын да, тақтаға соны латын қарпіндегі әліпбимен жаздырамын. Ауылдастарым әрі латын қарпіндегі әліпбиді үйренеді, әрі даналық сөздерден ғибрат алады, – дейді Көкенаки ағай.
Қазір ораза күндері жамағаттың пәтуасымен латын әліпбиін үйренуді уақытша тоқтатты. Ауылдастар ауыз ашқаннан кейін мешітке жиналып Тараух намазын оқиды, өсиет әңгімелерін айтады. Көкенаки ақсақалдың қысымен үйреткен еңбегі далаға кетпеген екен, намазға келгендердің барлығы да латын қарпін жазудан, оқудан қиналмайтын болған. Москолев ауылындағы мешіт ауылдастардың Аллаға құлшылығын жасаумен қатар, рухани толып, марқайып қайтатын қасиетті орнына айналды.
Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»
Қостанай облысы,
Әулиекөл ауданы,
Москолев ауылы