Қазақстан • 22 Мамыр, 2018

Суретші Ренат Елубаевтың «Мәңгілік елес» атты көрмесі өтті

990 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ренат Елубаевтың суретпен кәсіби түрде айналысқанына небәрі жеті жылдың көлемі болыпты. Бірақ бойдағы туабітті таланты шықпай қоймайды екен. Осы уақыт аралығында бірнеше халықаралық бәйфгелерге қатысып, жеңімпаз атанған. Бірер күн бұрын Астанадағы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасында «Мәңгілік елес» атты кезекті көрмесін өткізді.

Суретші Ренат Елубаевтың «Мәңгілік елес» атты көрмесі өтті

Өмірдің түрлі қиындығына ұшырағаннан кейін ол жанының тыныштығын іздеп, қылқаламды серік еткен Бейнелеу өнеріне бет бұруына асыл жары себепші болыпты. Содан болса керек, көрмеге тек жан дүниесі бейнеленген, импрессионизм бағытындағы 40 картинасын қойған.

Олардың басым бөлігі осы жылы ғана салыныпты. Шығармаларына көз жүгіртсек, өткен күнге, сәби шағына, туған жеріне деген сағыныш лебі есіп тұрады. Сары түсті бояуды көбірек қолданғанының да сыры осында сияқты. Кейбір туындыларында тау шатқалдарын әсірелей, әсемдеген тұстары да бар. Әдемілігі өз алдына, автор осы арқылы өмірдің түрлі қиындықтарын жеткізгісі келгендей. Картиналарының идеялық астарынан өткен заман мен бүгінгі күннің сабақтасып жатқаны байқалады.

– Көрмені «Мәңгі елес» деп атауымның себебі – елес ешқашан бітпейді, ол мәңгі, шеті-шегі мен ұшы-қиыры жоқ, – деп Ренат қысқа ғана қайырды.

Шын талант, оның қылқаламынан туған дүниелер уақыт өте келе жарқырай бермек. Талантының тағы бір ерекше тұсы – көрмеге қойылған туындыларының көбін «көзсіз» отырып салыпты.

– Көзімді жұмып отырып сурет салғанда артық ешнәрсе ойламаймын. Көз алдыма елестеген дүниені әдемі әсерге беріле отырып, шабыттана саламын. Сонда қиялымдағы бейне қағаз бетіне анығырақ түседі. Әрине, негізгі бөлігін салып болып, әрлейтін жеріне келгенде қарап отырып саламын. Көзімді жұмып салған кезде ішкі жан-дүнием, сезімім сөзбен айтып жеткізгісіз, ерекше күйге бөленеді, – дейді ол бізге шығармашылық құпиясын ашып.

Оның айтуынша, көзсіз сурет салу әдісін әлемдік тәжірибеде он жасқа дейінгі балалар ғана қолданылады екен. Себебі осы жасқа дейінгі өрендердің жан-дүниесі, түйсігі, көзқарасы кіршіксіз таза болады. Ал одан ары қарай бұл сезім бәсеңдейтін көрінеді.

Ал Ренаттың жасы отыздан асса да осы әдіспен салуы сурет әлеміне кеш келуінен болса керек. Ол небәрі жеті жылдың ішінде кез келгеннің қолынан келе бермейтін жетістіктерге жетті. Бүгінге дейін Беларусь, Ресей елдерінде жеке көрмелерін өткізді. АҚШ, Италия, Армения мемлекеттеріндегі байқауларға қатысып, жеңімпаздар қатарынан көрінген.

​​​​​​​Аян ӘБДУӘЛИ,
«Егемен Қазақстан»