Аймақтар • 22 Мамыр, 2018

Таразда көкейкесті мәселе көп

325 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгінгі таңда үш жүз мыңнан астам халқы бар Тараз қаласында қолға алынған жүйелі жұмыстар жетерлік. Әсіресе қала құрылысын жандандыру, саябақтарды қайта жаңғыртудан өткізу мәселелері оң шешімін тапты. Екі мың жылдан астам тарихы бар көне шаһардың бүгінгі сәулеттік келбеті де көзтартарлықтай деуге болады. Дей тұрғанмен, қала тұрғындарының алаңдаушылығын тудырып отырған мәселелер де бар. 

Таразда көкейкесті мәселе көп

«Сын түзелмей, мін түзел­мейді» дейді халқымыз. Кем­шілікті көрсетіп, оның жойылуына атсалысу да азаматтық парыз. Жуырда ғана Тараз қаласының әкімі болып тағайындалған Ғалымжан Әбдірайымов шаһар көшелерін аралап, бірқатар кем­шіліктерді өткір сынады. Мә­селен, қала көшелерінің сәнін ке­тіріп тұрған жабайы жарнамалар жайын айтқан әкім тиісті мекеме басшыларына аталған кемшілікті жою жөнінде тапсырмалар берді.

Қала көшелерін аралау барысында әкім Абай даңғылының бойында орналасқан Жам­был Жабаев атындағы №5 мектеп-гимназияның маңын­дағы жасанды жол кедергісінің жартысы жоқ екенін де сынады. Сонымен қатар жол бойындағы тал-дарақ­тардың біркелкі әктелуі, су құбыры жүйелерінің қақпағы мен жол белгілерінің орнатылуы да назарға алынды.

Қаланың Абай және Фурма­нов көшелерінің қиылысында канал бар. Ал осы каналдың бойына әсіресе жаз мезгілінде қоқыс толып қалады. Әрі-бері өткен тұр­ғындардың қалдық­тарды осында лақтырып кете беретіні де жасырын емес. Әкімнің айтуын­ша, ендігі жерде аталған канал бойына тазарту жұмыстарын жүргізу үнемі қадағалауда болады.

Тараз қаласындағы ең ірі сау­да нысандарының бірінен саналатын «Ауыл-Береке» базарына баратын жолдың да бұл күнде тозығы жеткен. Сондай-ақ тар жолмен жүрудің өзі қиын. Әрине, бұл мәселе де қала хал­қын алаңдатпай қоймайды. Егер қала әкімінің тиісті мекемелерге берген тапсырмасы жүзеге асатын болса, базарға апаратын ескі жолдың жаңаланатын күні алыс емес. Енді тиісті кәсіпкерлік құрылымдар қала жолдарының маңызды бөлігі саналатын жолды жөндеуге құлық танытса болғаны.

Тағы бір айта кететін мәселе, бүгінгі таңда Тараз қаласында іргетасы қаланған 14-шағын ауданды ыстық сумен қамтамасыз ететін су-құбыр жүйелері негі­зінен аталған «Ауыл-Береке» база­рының маңынан өтеді. Бірақ қомақты қаражат кеткен әлгі құбыр желісі дұрыс орна­тылмаған. Сонымен қатар базар маңындағы су қоймасына қоқыс тастаушылар саны да артуда. Базардағы сауда орындарынан, ондағы асханалардан күн сайын қыруар қоқыс шығады. Енді су қоймасына тасталған сол қоқыстардан соң аталған қойманың жайын елес­тету­дің өзі қиын. Сондық­тан да бұл мәсе­­ленің бір айдың ішінде ше­ші­летінін айтты Ғ.Әбді­райымов.

«Әкім бол, халқыңа жақын бол» дейді халық. Көне шаһар­да көкейкесті мәселе әрине көп. Енді сол мәселенің бәрі де реті­мен шешімін тапса, шаһар­дың сәулеті бүгінгіден де артып, Та­раз­дың тотыдай таранып, тұғы­­ры­нан таймайтыны анық.

Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы