Аймақтар • 22 Мамыр, 2018

Өскеменде студенттердің телерадио кешені ашылды

435 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өскемендегі С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінде аталған оқу орнының журналистика бөлімінің құрылуының 20 жылдығы аясында «ALTAI JASTARY» деп аталатын студенттердің теле-радио кешені ашылды.

Өскеменде студенттердің телерадио кешені ашылды

Университет пен облыстық «Altai» телеарнасының бірле­суі нәтижесінде жұмысын бастаған кешеннің ашылу сал­танатына белгілі абай­та­­ну­шы ғалым Мекемтас Мыр­­захметов, танымал теле­жүр­гізуші Нұртілеу Иман­ғалиұлы, облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова мен оқу орнының ректоры Мұх­­тар Төлеген қатысты. «Шы­­­ғыс Қазақстанның журна­­­листика мектебінің өзіндік қа­лыптасқан жолы бар. Сон­дықтан бұл студия жас жур­налистердің теориялық білімін тәжірибемен ұштастырып, одан әрі шыңдала түсуіне үлкен серпін береді деп ойлаймыз»,  деді өзінің құттықтау сөзінде Әсем Бекқызы.

Белгілі абайтанушы Ме­кем­тас Мырзахметов облыс әкімінің орынбасарымен бірге жаңа студияның алғашқы қонағы болып, жур­налистердің қойған сауалдарына жауап берді. «Біздің қазақ журналистері көбіне бір сүрлеумен жүргенді жөн көреді. Шетелдің жур­на­лис­тері жан-жақты. Өздерінің ойларын да батыл жеткізіп отырады. Жас журналистер ке­лешекте осы жағын ескерсе деймін», деді ғалым.

Студияның ашылғанына, әсі­ресе журналистика бө­лі­мінің студенттері ерекше қуа­нулы. «Осыдан бір-екі ай бұрын университетіміздің ректоры Мұхтар Әділбекұлы сту­денттермен кездескенде студия ашу мәселесін айтқан едік. Біздің тілегіміздің тез арада орындалғанына қуа­ныш­тымыз», дейді журналистика бөлімінің 3-курс сту­денті Тасқын Болатұлы.

Бұрынырақта журналис­тика бөлімі студенттеріне дәріс оқыған тәжірибелі жур­­налистер де игі іске оң ба­ғаларын беріп, лебіздерін жет­кізді. «Бәрі бірінші бас­шыға байланысты ғой. Жур­налистика бөлімінің біраз уақыт қақпақылға айналған кез­дері де болды. Бір басшы бөлімді жаппақ болды, бірде филология, бірде философия факультетіне қосылды. Дегенмен қазір университет басшылығы тарапынан бо­лашақ журналистерге жақ­сы көңіл бөлініп жатқан секілді. Мүмкін алдағы уақытта бө­лімді кафедраға айналдыру мәселесін де ойластырып көру керек шығар», деді облыстық «Дидар» газетінің бұрынғы бас редакторы, белгілі журналист Айтмұхамед Қасымов.

Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»

ӨСКЕМЕН