Жобаға қатысуға 18-35 жас аралығындағы қазақстандық қыз-келіншектер шақырылған. Ұйымдастырушылардың дерегі бойынша, тиісті мерзім ішінде өтініш білдірушілер саны жиырма мыңнан асып, іріктеу кезеңінен үш мың қатысушы өткен.
Ал 13 мамыр күні өткен онлайн-дауыс беру нәтижесіне орай республика бойынша ең көп дауыс жинаған 5 қатысушының есімі анықталып, финалдық кезеңге жолдама алған болатын. Олардың қатарында Адинай Римхаш (Астана), Жанар Сәкенова (Атырау), Айгерім Қалиева (Алматы), Мадина Лепесбай (Актау), Қорлан Мұрат (Алматы) бар.
Ақтық бәсеке 19 мамыр күні өткізілді. Финал қатысушыларын құрамына танымал тұлғалар мен еліміздің мәдениет саласының өкілдері кірген әділқазылар алқасы бағалап, жүзден жүйріктерді анықтады. «Баян Сұлу» кондитерлік фабрикасының өкілі және ұйымдастыру комитетінің төрағасы Марлен Абылғазиновтың айтуынша, үздіктерді анықтау әрине оңайға соққан жоқ. Финалға өткен бес жеңімпаздың әрқайсысы жеңіске әбден лайықты. Әр арудың табиғаты да, таланты да ерекше екендігі анық.
Финал шартына сәйкес байқау талаптарын жақсы көрсеткіштермен орындап, әділқазылар алқасының көңілінен шыққан, биязылық пен әдемілікті, иннабаттылықты көрсете білген 19 жастағы астаналық Адинай Римхаш республикалық байқауда үздік шықты. Жеңімпаз аруға автокөлік сыйға тартылды. Сонымен бірге Адинай Римхаш жыл бойына «Баян Сұлу» кондитерлік маркасының ресми бейнесін ұсынатын болады.
Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ