Қазақстан • 23 Мамыр, 2018

Менингиттен қалай қорғану керек?

661 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Алматыдағы менингококк инфекциясына шалдығу оқиғалары қоғамда белсенді талқыланды. Бұл тұрғындардың алаңдаушылығын тудырғаны жасырын емес. Менингококк инфекциясына қарсы екпе әзірге Қазақстанның ұлттық екпе күнтізбесіне кірмегендіктен, бұл ауру туралы барлығы біле бермейді. Негізі, аталған екпе Мекке мен Мединаға қажылыққа барушы адамдардан міндетті түрде талап етіледі. Сондықтан менингококкқа қарсы екпені қажет ететін адамдар ел ішінде әлдеқайда көбірек екені жасырын емес. С.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медициналық университетінің Балалар жұқпалы аурулар кафедрасының профессоры, Тұрғындарды иммундау жөніндегі консультативтік комиссиясы төрағасының орынбасары Ләззат ЕРАЛИЕВА аталған аурудың белгілері мен одан қорғанудың жолдары туралы әңгімелеген еді.

Менингиттен қалай қорғану керек?

– Ләззат Тасболатқызы, менингококк деген қандай ауру және қаншалықты қауіпті?

– Менингококк – бұл бактерия. Менингококк бактериясының 12 түрі бар. Олардың 6-уы (A, B, C, W135, Y, X) адам өміріне қауіпті. Бұл бактериялар мұрын мен жұтқыншақтың шырышты қабығында болады және бір адамнан екіншісіне жеке тығыз байланыс кезінде, бір мекемеде бірге ұзақ отыру кезінде жұғады. Менингококк инфекциясы науқасқа шұғыл медициналық көмек көрсетілгеніне қарамастан және аурудың асқынуынан өлімге апару мүмкіндігінің жоғары болуымен қауіпті. Одан аман қалған әрбір бесінші адамды өмірінің соңына дейін сіңірдің тартылуы, аяқ-қолдың қозғалмауы, бүйрек аурулары, кереңдік және ақыл-естің кемістігі тәрізді шектеулер мазалайды деп есептелінеді. Менингит – өте қауіпті инфекциялық ауру, бас және жұлынның жұмсақ қабығының қабынуы және түрлі бактериялар мен вирустардан туындауы мүмкін. Алайда, менингококк менингиттері (менингококк қоздырғышы тудырған)  аса қауіпті.  Менингитке апаруы мүмкін пневмококк және гемофильді инфекциялар Қазақстанның ұлттық екпе күнтізбесіне кіреді.   

– Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы менингококк инфекциясына қатысты қандай ұсынымдар айтады?

– ДДҰ менингококк инфекциясына шалдығу деңгейі жоғары елдерде екпе жүргізуге кеңес береді. Қазақстанда соңғы 10 жылда менингококк инфекциясымен ауыру жоғары деңгейде сақталып отыр. Яғни 100 адамға 6,7-7,4 жұқтыру оқиғасы тіркелген. Бұл жалпы көрсеткіш. Ал балалар туралы айтар болсақ, онда тіркелген оқиға саны көбірек. Өңірлік тұрғыдан дертке шалдығудың ең жоғары деңгейі Алматы мен Астанада тіркеліп отыр. Аталған қалаларда тұрғындар санының көп болуы бұған ықпал етеді. Негізінен, онымен 3 жасқа толмаған кішкентай балалар ауырады. Ересектер арасында  инфекцияны жатақханада бір бөлмеде тұратын студенттердің жұқтыру оқиғасы, бұған қоса, оның жүкті әйелдердің өліміне әкелуі кездесті. Біз менингококк инфекциясын қадағалап, анықталған уақытта міндетті түрде тексереміз. Егер жұқпалы аурудың көбеюі немесе жиі тарауы байқалса, міндетті түрде вакциналау ұсынысы енгізілер еді. Әзірге, өзін немесе өз отбасын қауіпті дерттен қорғауға ниет білдіргендер жеке түрде екпе алуға құқылы. Бұған қоса, нарықта сапалы вакциналар бар. Бірақ біз қазір бұл проблемамен шұғыл түрде айналысуға кірістік және алдағы уақытта екпе өзге елдердегі тәрізді күнтізбеге енгізіледі.

– Кейде менингококк инфекциясына шалдығу бойынша жеткілікті түрде сенімді емес статистиканы естуге болады. Оның басты себебі ауруды анықтау мен есепке алу ерекшеліктерінде жатыр. Елде тәуелсіз эпидемиологиялық бақылау құру жоспарда бар ма?

– Биылдан бастап біз менингококк инфекциясын анықтау бойынша қанатқақты жобаны қолға алып жатырмыз. «Алтын стандарт» болып табылатын бактериология ғана емес, сонымен бірге ПЦР-диагностика, ИФА-диагностика тәрізді жаңа тәсілдерді енгіземіз. Қажет болған жағдайда бұл жоба негізінде эпидемиялық бақылау жұмысын жақсартуға немесе тәуелсіз эпидемиологиялық бақылау құруға бағытталған ұсыныстар жасалады.

– Менингококк қаупі мен одан сақтану қажеттігі туралы хабардар етуді қалай жақсартуға болады? Күнтізбеде бар екпелер үшін вакциналауға қарсылар мен оны қолдайтындар арасында әркез пікірталастар болып жатқан тұста екпенің пайдасын қалай түсіндіру қажет?

– Күрделі сұрақ. Бізде жол ережесін бұзушыларды фотографиялармен, ал шылым шегушілерді темекі қорабындағы қауіпті ауруларды жазу арқылы қорқытады. Адамдарға ауру салдары түсірілген фотографияларды көрсетуге болады. Менингококк инфекциясы өте қауіпті. Күндіз сау жүрген бала бұл аурудан бірнеше сағаттан кейін өмірден өтуі мүмкін. Аяқ-қол ампутациясы, жүйке және өзге де ауытқулар тәрізді асқыну салдары ауруға шалдыққан адамның өмірін түбегейлі өзгертеді. Ақпараттандыру – дәрігерлердің парызы. Адамға алдын ала ескертіліп, хабардар етілсе, ол аурумен күреске дайын деуге болады.

Әңгімелескен Думан АНАШ,

«Егемен Қазақстан»