Әлем • 24 Мамыр, 2018

«Сауда соғысы» сәтті аяқталды

759 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
«Сауда соғысы» сәтті аяқталды

 «Егемен Қазақстанның» 10.04.2018 жылғы санында «Сау­да соғысы қыза түсті» деген ма­қа­лада АҚШ пен Қытай ара­­сын­да енгізілетін тауарларға са­лы­­натын кеден салығын көтеру арқылы екі алып «сауда соғысын» бастағанын жазған болатынбыз. Онда АҚШ өз нарығына Қытай енгізген 1333 түрлі тауарға салынатын салық көлемін 25 пайызға дейін арттырып, қытай бизнесмендерін қосымша 50 млрд доллар төлеуге мәжбүр қылса, «еруліге қарулы» жасаған Қытай жағы өз нарығына АҚШ енгізетін 106 тауарға (бұлар­дікі ірі тауфар­лар) 25 пайыз қосымша са­­лық енгізу арқылы амери­ка­лық биз­несмендерді соншалық қосым­ша салық төлеуге мәжбүр етуге ба­рып отырғанын айтқанбыз.

Текетірес бір айдан артық мерзімге созылып, жуырда ғана екі жақ өзара мәмілеге келді. «Жэньмин-Жибао» газетінің хабарына қарағанда, «Сауда соғысын» аяқтау үшін АҚШ-та жүргізілген келіссөздерде Қытай тарапының делегациясын бастаған Мемлекеттік кеңестің вице-премьері Лю Хэнің айтуынша «тараптар сауда соғысын бас­тамауға келісіп», екі жақ та өздеріне ен­гі­зілетін тауарларға кеден салығын ар­тты­рудан бас тартқан. Сондықтан да ви­­це-премьер өзі қатысқан келіссөздерді нә­­тижелі әрі конструктивті болды деп санай­ды.

Сонымен қатар ол алдағы уақытта Қытай мен АҚШ энергетика, ауыл шаруа­шы­лығы, медицина, жоғары технология­лы тауарлар мен қаражат саласындағы сау­да ынтымақтастығын нығайта түсуге ке­ліс­кенін жеткізген. «Бұл екі жаққа да тиімді» деп атап өткен ол. Сонымен бір­ге оның сөздерінен Қытай мен АҚШ ара­сында екіжақты инвестиция салуға, зият­кер­лік меншікті қорғау салаларындағы ынты­мақтастықты ынталандыруға келі­сім болғандығы айтылған. Вице-пре­мьер алдағы уақыттарда да екіжақты қа­рым-қатынаста қайшылықтар болып қа­луы мүмкін, бірақ оларды тараптар сал­қын­қандылықпен, тыныштықпен үнемі ди­алог арқылы шешуі керек, деп өзінің мә­лім­де­ме­сін аяқтаған.

Осы келісімде АҚШ тарапының келіссөз жүргізген делегациясын бастаған Қаржы министрі Стивен Мнучин Fox News телеарнасына берген сұхбатында әлемнің «ең үлкен екі экономикасы сауда мәселесін реттеуде өте табысты прогреске қол жеткізді. Біз сауда соғысын «паузаға» қоямыз, қосымша кеден салығын енгізуден бас тартып, осы шеңбердегі схеманы енгізуді бастаймыз», деген. Сонымен бірге С.Мнучин жақын арада АҚШ-тың сауда министрі Уилбурр Росс Бейжіңге барып, Қытайдың америкалық тауарларды сатып алулары туралы келіссөздер жүргізетінін айтқан. Екі елдің арасындағы былтырғы сауда айналымы 375 млрд доллар болса, биылғы жылдың сәйкес мерзімінде ол көп төмендеп кетіпті.

Жақсыбай САМРАТ,

«Егемен Қазақстан»