Әлем • 24 Мамыр, 2018

Басқа басылымдардан: Қарауылы жоқ түрме

247 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Басқа басылымдардан: Қарауылы жоқ түрме

Қарауылы жоқ түрме

Бразилияда қарауылы, қарулы бақылаушылары жоқ ерекше түрме ашылды. BBC арнасының мәліметіне сүйен­сек, бұл – әлемде баламасы жоқ мекемеге айналмақ.

Жалпы, Бразилияда қылмыс жасаушылар көп. Сондықтан шығар, ел­дегі түрмеге түскендер саны бойын­ша әлемде төр­тінші орын алады. Оның үстіне, елдегі мұндай меке­ме­лердегі жағ­дай мәз емес. Әсіресе Бразиялия түрме­ле­рінде жиі-жиі көтерілістер болып тұ­рады.

Осы мәселенің шешімін табу үшін «Сотталғандарды қорғау және кө­мек ұйымы» таяуда жаңа жүйе ой­лас­­тырған болатын. Соған сәйкес, жаңа­дан ашылған түрмеде ешқан­дай қарауыл, қарулы күзет болмайды. Мұнда жазасын өтеу­ші­лер­ге өз киімін киіп, айнаға қарауға, боянуға рұқ­сат еті­леді. Тіпті сырттан келетін қонақ­тар­дың өзіне есікті ашатын осы түр­меде отырғандар.

Алайда мұндағы сотталғандар ұйымның ережесіне қатаң бағынуы тиіс. Әуелі олардан жүйені бұзбау, соған бағыну жөнінде келісім алынады. Сон­дай-ақ жазасын өтеушілер ұйым жүйе­сіне сай, білім алуға және жұмыс істеуге міндетті.

Мұндай ерекше жүйе жазасын өтеу­шілерге де қолайлы болған сы­ңайлы. Мәселен, 12 жыл бойы түр­ме­де отырған Татиане Сорреа де Лима есімді сотталушы алғашқыда сен­бегенін айтады. «Айнаға қайта қа­ра­ғанда өзімді таныған жоқпын», дейді ол.

Ұйым өкілдерінің айтуынша, мұн­дай жүйе соттал­ған­дар­дың қоғам­нан бөлектенбеуіне, оның бойында жек­кө­ру сезімі туындамауына көмек­те­седі. Әрі жазасын өтеп шық­қан­нан кейін қайнаған өмірге біте қайнасып кетуіне мол мүм­кіндік береді деп есептейді. Оның үстіне, қарулы күзет пен қарауылдың болмауы түрмедегі жан­жалға жол бермеу­ге септігін ти­гіз­бек.

Иран АҚШ-тың ұсынысынан бас тартты

Иран Президенті Хасан Рухани АҚШ-тың біржақты шешімін қолда­майтынын мәлімдеді. Бұдан сәл ғана бұрын Вашингтон билігі Иранмен жаңа ядролық келісім туралы өз пікірімен бөліскен болатын.

Al Jazeera арнасы таратқан мәлімет­ке қарағанда, Х.Рухани теледидар арқылы жасаған мәлімдемесінде әлем үшін АҚШ-тың шешім қабылдайтын уақыты аяқталғанын жеткізген. «Елдердің бәрі тәуелсіз. Біз өз жолымызбен жүріп, өз халқымызды қол­дай­мыз. Иран және әлем үшін АҚШ шешім қабылдай алмайды», деді Х.Рухани.

Иран президентінің бұлай деуінің өз себебі бар. Біраз бұрын АҚШ президенті Дональд Трамп Тегеран мен ядролық державалар арасындағы 2015 жылғы келісімнен бас тартып, елге жаңа санкция салу жөнінде шешім қабылдаған болатын. Оның үстіне, АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Иран тарапы өздері қойған 12 міндетті орындамаса, Вашингтон билігі қаржылық қысымды күшейтуге кірісетінін хабарлады. Ақ үй қойған міндеттердің қатарында Халықаралық атом энергиясы агенттігіне елдегі ядролық бағдарламаны толық бақылауға рұқсат беру, Сириядан әскерін шығару секілді мәселелер бар.

Цукерберг Еуропа парламентінде жауап береді

Facebook-тің негізін салушы Марк Цукерберг Cambridge Analytica компаниясына қатысты дауға байланысты Еуропа парламентінде өзіне қойылған сұрақтарға жауап бермек.

Бұған дейін, Cambridge Analytica ком­паниясы 50 миллионға жуық әлеу­меттік желі қолданушысының жеке деректерін ұрлап, әр елдегі сайлау нәтижелеріне араласты деген күдік туған болатын. Euronews арнасының мәліметіне сүйенсек, М.Цукерберг ЕО депутаттарының шақыруын қабыл ал­ған. Ол алдағы аптада Брюссельге арнайы келмек.

Мұндай ақпаратты Еуропа парла­менті төрағасы Антонио Таяни да рас­тады. Еуроодақ Facebook басшысы қойылған сұрақтарға нақты жау­ап беруі тиіс деп талап қойып отыр. Өйткені ЕО шенеуніктері осы әлеу­меттік желі арқылы Cambridge Analytica миллиондаған адамның жеке деректерін ұрлап, оны АҚШ-тағы сайлау кезінде және Ұлыбританияның Еуропалық одақтан шығуы сәтінде қолданған деп есептейді.

ЕО депутаттары әлден М.Цукер­бер­гке қоятын сұрақтарын әзірлеп қой­­ған сыңайлы. Мәселен, «Жасыл­дар партиясының» көшбасшысы, бель­гиялық саясаткер Филип Лам­бертс «Фейсбук бизнес моделін өзгер­тіп, қолданушылардың деректері ұрланбас үшін ол қандай әрекет жасайды?» деген сұрағын көлденең тартпақ.

Ал Бельгия қауіпсіздік комис­сия­сының заңды кеңес­шісі Брэндан Ван Алсенойдың айтуынша, Facebook қолда­ну­шы­лар­дың деректерін жинауды кез келген сәтте жүргізеді екен. Бұл сұрақ та нақты жауап беруді та­лап етеді.

М.Цукерберг мұның алдында АҚШ Конгресі алдында қойылған сұ­рақ­­тарға жауап беріп, мәселенің мән-жайын түсіндірген болатын.

Шолуды дайындаған Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»