Қазақстан • 24 Мамыр, 2018

Сенат Қазақстан мен ХҚДБ арасындағы келісімді және ҰҚШҰ аясындағы құпия ақпарат туралы хаттаманы ратификациялады

494 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

 

Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының отырысы болды.


Сенат Қазақстан мен ХҚДБ арасындағы келісімді және ҰҚШҰ аясындағы құпия ақпарат туралы хаттаманы ратификациялады

Палата 2004 жылғы 18 маусымдағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы шеңберінде құпия ақпараттың сақталуын өзара қамтамасыз ету туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялады.

Хаттамамен енгізілген өзгерістер Келісімге қосылу мүмкіндігін ұсынуды және барлық халықаралық құқық субъектілерінің оның тетіктеріне қатысуын, Келісімді іске асыру тетігінің негізгі буыны болып табылатын уәкілетті органдардың құрамын нақтылауды, құпия ақпараттың таралуына жол берген тұлғаға қатысты заң құзыретін нақтылауды, сондай-ақ нақтылайтын және редакциялық сипаттағы түзетулерді көздейді. Сенат Қазақстан мен Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі арасындағы Қарыз туралы келісімді (Орта білім беруді жаңғырту жобасы) ратификациялады.

Қарыз туралы келісімге 2017 жылғы 21 тамызда Астана қаласында қол қойылған болатын. Құжат Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың бес институционалдық реформасын іске асыру жөніндегі «Ұлт жоспары – 100 нақты қадамның» 76-қадамындағы, сондай-ақ Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2016 – 2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында белгіленген басымдықтарға сәйкес келеді.

Орта білім беруді жаңғырту жобасы бойынша шығындардың жалпы сомасы 75 миллион АҚШ долларын, оның ішінде Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкінің қарызы 67 миллион АҚШ доллары мөлшерінде, қарызды республикалық бюджеттен қоса қаржыландыру 8 миллион АҚШ доллары мөлшерінде құрайтын болады.

Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкінің 67 миллион АҚШ доллары сомасындағы қарызы Қазақстан Республикасына 5,5 жыл жеңілдік кезеңін қоса алғанда, 17 жыл өтеу мерзіміне беріледі.

Келісім ҰБТ тестеудің жаңа стандарттарын қалыптастыру арқылы бағалау жүйесін, оқудағы жетістіктерді сыртқы бағалауды және тест тапсырмаларының базасын жаңартуды қайта қарау сияқты білім берудің жаңартылған мазмұнын қолдауға бағытталған бастамалар кешенін қамтиды.

Келісімнің басты бағыттарының бірі білім беру материалдарына қолжетімділікті арттыру, мультимедиялық жабдықпен жарақтандыру және ауыл мұғалімдерінің әлеуетін ұлғайту арқылы ауылдық жалпы білім беретін және шағын жинақталған мектептердегі оқушылардың үлгерімін жақсарту болып табылады. Келісімнің жалпы қаржыландыру сомасының шамамен
67 пайызы 5400 ауылдық мектепті интерактивті жабдықпен қамтамасыз етуге жұмсалатын болады. Ауылдық мектеп кабинеттерінің 60 пайызын компьютерлермен, проекторлармен және экранмен жарақтандыруға мүмкіндік беретін 32,5 мың жабдық жинақталымын сатып алу жоспарланып отыр.

Менеджмент бойынша оқытумен ауылдық жерлердегі мектептердің шамамен 200 мың мұғалімдері мен басшылары қамтылуға тиіс. 3 миллионнан астам оқушы, оның ішінде ерекше білім берілуіне қажеттілігі бар балалар Келісімнің бас бенефициарлары болады.

Келісім инклюзивті білім беруді қолдауға да бағытталған. Жалпы білім беретін мектептер негізінде 9 Ресурстық орталық құру және оларды жарақтандыру, дефектологтердің, психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялар беретін мамандардың біліктілігін арттыру, көру қабілеті және интеллекті бұзылған балалар үшін оқулықтар сатып алу жоспарланып отыр.

Келісімді іске асыру ауылдық және қалалық мектептердің арасындағы үлгерімдегі алшақтықты қысқартуға және білім беру сапасын теңдестіруге ықпал етуге тиіс.Отырыс барысында сенаторлардың депутаттық сауалдары жария етілді. Динар Нөкетаева докторантураға қабылдау тәртібін өзгерту туралы; Нариман Төреғалиев Республикалық балалар және жасөспірімдер туризмі мен өлкетану орталығын ашу жайында; Әли Бектаев ауыл шаруашылығы машиналарын жасауды дамытуға қатысты; Владимир Волков Қызылорда облысында «үнді қара сорасы» өсімдігінің таралуы мен есірткі плантацияларын анықтау және жою шаралары; Асқар Бейсенбаев Заң шығару институты мен Республикалық құқықтық ақпарат орталығын біріктіру және коммерциялық мекемеге жатқызу жөнінде; Төлеубек Мұқашев 22 мамырда Астанада болған қатты желдің салдарынан туындаған табиғи апат туралы; Михаил Бортник тұрғын үй бағдарламасын іске асыруға қатысты сауал жолдады.

Соңғы жаңалықтар