Қазақстан • 24 Мамыр, 2018

«Қазақстандық қоғамды жаңарту үдерісіндегі дін және зайырлылық» атты дөңгелек үстел өтті

978 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматыдағы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Философия, саясаттану және дінтану институтында философия ғылымдарының докторы, профессор Елена Бурованың 60-жылдығына арналған «Қазақстандық қоғамды жаңарту үдерісіндегі дін және зайырлылық» атты дөңгелек үстел өтті.


«Қазақстандық қоғамды жаңарту үдерісіндегі дін және зайырлылық» атты дөңгелек үстел өтті

Дөңгелек үстел жұмысын Философия, саясаттану және дінтану институтының директоры, саясаттану ғылымдарының докторы, профессор Ақан Бижанов өзінің алғы сөзімен ашты. Ең бірінші кезекте мерейтой иесін құттықтаған ол Елена Бурова ханымның осы саланың дамуына орасан зор сіңіргенін айрықша атап өтіп, алдағы уақытта да табыс тіледі. Және де институт директоры ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің атынан белгілі ғалымға Құрмет грамотасын табыс етті.

Дөңгелек үстелде қазіргі Қазақстандағы дін мен зайырлылықтың философиялық, мәдениеттанулық және дінтанулық мәселелері, дін мен мемлекет ара қатынасының қазақстандық үлгісі, Қазақстан қоғамының діндарлық деңгейі талқыланды. Сонымен қатар зайырлылық принциптеріне негізделген қоғамдық сананы қалыптастырудың сан қырлы жолдары қарастырылды.

Алқалы жиынға Философия, саясаттану және дінтану институты, еліміздің жоғарғы оқу орындарынан келген жетекші мамандар, ғылыми-зерттеу ұйымдарының өкілдері, PhD докторанттар, магистранттар мен өзге де мамандар қатысып, баяндама жасайды.

Болашақта дінтанушы, исламтанушы, теолог мамандар мен мемлекеттік орган саласындағы ғылыми және тәжірибелік қызметтегі ғалымдардың кәдесіне жарату үшін дөңгелек үстел материалдарын жинақ етіп басып шығару жоспарлануда.

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Егемен Қазақстан»

 АЛМАТЫ