25 Мамыр, 2018

Жаһандық экономика жаңғырығы

5954 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Соңғы жылдары әлемдік экономикада өсім көлемі төмендеп, халықаралық сауданың даму қарқыны баяулағаны мәлім. Отандық сарапшылардың пайымдауынша, жаһандық саясаттағы қатынастардың күрделене түскеніне байланысты биылғы жылы да экономикалық көрсеткіштер көңіл көншітерлік деңгейге көтерілмеуі мүмкін. 

Жаһандық экономика жаңғырығы

Қазақстан Президенті жанындағы Страте­гия­лық зерттеулер институты директоры­ның орынбасары, саяси ғылымдар докторы Санат Көшкімбаевтың айтуынша, таяу жылдары әлемдік саясатта және экономикада бірқатар шиеленістер орын алуы ықтимал. Мәселен, АҚШ-тың саяси ықпалы, Корей түбегіндегі және Таяу Шығыстағы жағдайлар дүниежүзілік сауданың өсімін тежеуі әбден мүмкін. 

Геосаяси қарама-қайшылықтардың кү­шеюі, ауқымы жағынан бұрын-соңды болып көр­­меген санкциялық соғыстар да экономи­ка саласына ықпал етуші факторлардың бірі. Саясаттанушының пікірінше, бұл процестерден Қазақстан да сырт қала алмайды. 

«Астана – еуразиялық ықпалдастық бойынша Ресейдің одақтасы, Сирия дағ­дарысының мәмілегері. Сондай-ақ еліміз Еуропалық одақпен және Америка Құрама Штаттарымен арадағы қатынастарды біртін­деп дамытуға бағытталған басқа да бейбітшіл бастамалардың авторы болып табылады. Халықаралық қоғамдастық бізді осылай мойындайды. Алдағы уақытта АҚШ, Ресей, Қытай сынды экономикалық көшбасшылар­ға қатысты тиімді стратегияны жүзеге асыратын уақыт келуі мүмкін», дейді Стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары.

Жалпы, дүниежүзілік экономиканың болашағы негізінен екі принципті мәселеге тіреледі деп болжауға болады. Біріншісі – Қытайдың, Үндістанның, Бразилияның, ОАР-дың және басқа да мемлекеттердің күшейіп келе жатқан рөліне бейімделу. Екіншісі – жаһандық экономикалық басқарудың жаңа жүйесіне бейімделу, уақыт талаптарына жа­уап беру. Сарапшы атап көрсеткендей, бұл екі принципті мәселенің саясатпен сабақтасып жатқаны түсінікті. 

Тағы бір атап өтерлігі, бүгінгі таңда адамзат жаһандық экономиканың жаңа технология­лық платформаға өту табалдырығында тұр. Технологиялық инновациялардың жедел дамуы алдағы 5-7 жыл ішінде инновацияларды ең басты артықшылыққа айналдырады. 

Әлемдік экономикаға сөзсіз ықпал ететін тағы бір геосаяси мәселені айтпай кетуге болмайды. Дүниежүзілік энергетикалық нарықтағы шешуші аймақ болып табылатын Таяу Шығыста да соңғы уақытта тұрақсыздық факторлары айтарлықтай ұлғайып барады. Атап айтқанда, бірнеше жылға созылған Сирия дағдарысы әлі толық шешімін тапқан жоқ. АҚШ-тың Иран ядролық келісімінен шығуы да әлемде алаңдаушылық туғызуда. 

«Қазіргі таңда Түркия АҚШ-тың ықпалы­нан алыстай түсуге ниетті болып отыр. Түріктер Еуропалық одақпен арадағы қарым-қатынастарын да қайта қарастыруға көшкенін көріп отырмыз. Бұл мемлекеттің сыртқы саясаттағы ұстанымдарының өзгергені оның Батыстағы одақтастарымен және ондаған жыл бойғы әріптестерімен байланысына кері әсерін тигізуі әбден мүмкін», дейді С.Көшкімбаев. 

Стратегиялық зерттеулер институтының директоры Зарема Шәукенованың пікірі де жоғарыдағы пайымдаулармен сабақтасады. Оның айтуынша, халықаралық аренадағы ахуалдар қазір жиі құбылуда. Қазақстан да бұл процестерден тыс қала алмайды, оған тез арада бейімделу керек. Баяу қимылдауды уақыт көтермейді. 

Саясаттанушының айтуына қарағанда, осы тектес факторлардың соңғы жылдары көбеюі салдарынан таяудағы екі-үш жыл ішінде әлемде және аймақта айтарлықтай ауқымды саяси тұрақсыздықтар байқалуы мүмкін.

«Санкциялық саясат, сауда соғысы, Таяу Шығыстағы тұрақсыздық... Бұл процестердің барлығы жаһандық бәсекенің күшейгенін көрсетіп отыр Ескірген, таптаурын болған жолмен бұдан әрі жүре беру қиынға соғуы мүмкін», дейді ғалым. 

Жалпы, отандық саясаттанушы ғалым­дар­дың, халықаралық сарапшылардың сөздеріне құлақ түрсек, көпшілігінің пікірі халықаралық аренадағы саяси ахуал эко­номикалық секторға қолайсыздау тиеді дегенге тоқайласады. Сондай-ақ олар бұл құбылыстың таяу болашақта толас­тай қоятынына күмәнді. Сарапшылардың пайы­мына салсақ, Қазақстан дүниежүзілік ауқымдағы геоэкономикалық теңсіздіктерді назарға ала отырып, соған сай өзінің саясатын қалыптастыруы керек. Бұл орайда Ұлттық экспорт стратегиясының бекітіл­генін, «KazakhExport» ұлттық компаниясы құрылғанын, Экспорттық саясат кеңесі құрылғанын, сонымен қатар Үкімет тарапынан отандық экспорттаушы компанияларға қолдау көрсетіле бастағанынын айтпай кете алмаймыз. Осы тектес шаралардың барлығы жаһандық сын-тегеуріндерге қарсы жауаптар деуге болады. Бір анығы, алдағы уақытта жаһанда орын алуы мүмкін құбылыстар Қазақстан тарапының да өзгерістерге жылдам бейімделіп отыруын талап етеді. 

Арнұр АСҚАР,
«Егемен Қазақстан»