Асылы, ұлы адамдар бірінші – тегіне, екінші – өскен ортасына, үшінші іздену мен еңбектенуіне қарай қалыптасады. Жігітке лайық кәсіп деп бағалау түгілі, балетті қазаққа тән емес өнер ретінде көретін заманның өзінде Болаттың би мектебінің есігін ашуында бекзат тегінің бір белгісі жасырулы жатқаны күмәнсіз. Тура және жанама мағынасында өмір бойы қазақ өнеріне аяғының ұшымен жүріп қызмет еткен Болат жарық дүние есігін ашқалы бері ешқашан да ешкімді «әке» деп атап көрмесе де, нәзік өнердің намысты, рухты сарбазы болып ұлтына қызмет етуінің сыры компартия ісіне адал болған кеңестік «ақсүйек» әкенің алпыс екі тамырынан жеткен қаны екеніне бір сәтке шек келтірген емес. Өзінен үлкен екі бауырын анасы қолынан жетектеп балет үйірмесіне апарып жаздырғанда, өзгенің өресі жете қоймайтын өнерді балалары бағындырсын деген әкесі олардың биге қатысуына қарсылық білдірмеген. Болат өмірге келмей тұрып та болашағының балетпен байланысты болатынын отбасындағы осы мысал айғақтаса керек....
Қазақстан Республикасы Президенті Архивінде жиі өтетін шараларға қатыса жүріп, кеңес дәуірі және партия тарихына байланысты жинақталған жеке тектік қор арасынан Болаттың әкесі Ғазиз Қуатов пен анасы Рахиль Аюханова туралы, жалпы осы отбасының басына түскен зобалаң тағдыр туралы мол мәліметтер сақталғанын білдік. Президент Архиві өзге аймақтардағы мұрағаттарда сақталған Ғазиз бен Рахиль туралы барлық мәлімет-деректермен жеке тектік қорды мейлінше толықтыра түскен. Архивпен бірге Б.Аюхановтың өзі де, анасы Рахиль де осыншама мол мұрағаттың сынық сөйлеміне де көлеңке түсірмей, алақандай парағына дейін аялай сақтап, осы күнге аман жетуі үшін барынша ұқыптылық танытқан.
Бірде Болат ағамыздың сұхбат арасында: «әкем Ғазиз Қуатов Семей облыстық партия комитетінің екінші хатшысына дейін көтеріліп, «халық жауы» болып ұсталып кеткен, анам Рахиль – татар қызы», дегені бар-тын. Архив деректеріне сүйенсек, Ғазиз 1905 жылы туған, 1928 жылы партия мүшелігіне қабылданған. 1924-1928 жылдары Қызылордадағы Қазақ Өлкелік кеңестік партия мектебінің тыңдаушысы. Ұзынқұлақтан естуінше, әкесі Ғазиз жетімдіктен ерте жетіліп, ширақ, еті тірі, қазақ, татар, орыс тілінде ән салған, бидің де түбін түсіретін, актерлік қабілеті де бар, өнерге жақын адам болған. Тіпті Ғазиз бен Рахиль бас құрап, Қызылордаға көшіп келгеннен кейін де көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысып, «Айман-Шолпан» спектаклінде басты рөлдерде ойнайды. Жас ерлі-зайыптылардың өнерлі екенін байқаған Құрманбек Жандарбеков оларға Ташкенттегі Орта Азия Мемлекеттік институтының актерлік яки режиссерлік факультетіне оқуға түсуге кеңес береді. Бірақ ұйымдастырушылық қабілеті жоғары Ғазиз өнерді емес, елге қызмет етуге бастайтын саяси-қоғамдық жолды таңдайды.
Марксизм-ленинизм институтын бітірген Ғазиз Қуатов пен Рахиль Аюханованың коммунистік идеяға жан-тәнімен берілгені соншалық, балаларының есімін қойғанда да сол жалынды рухтың екпінін сақтаған: әпкесі Мэри – атақты актрисаның, ал ағасы Коминтерн мүшесі, Жапония компартиясының бас хатшысы Сен-Катаяманың құрметіне осы есімдерді еншілейді. Бірақ адамды құмырсқа құрлы көрмей құмарлана ойнағаннан ләззат алатын тағдыр тәлкегі деген бар. Қара тырнағына дейін коммунист болып жаралған Ғазиз Қуатов жапониялық Коминтерн мүшесін ұлықтап, ұлына есімін сыйлағанымен, оны біліп жатқан компартия қайда, ұсталған кезде, өзін 58-бап бойынша «жапон тыңшысы» деп айыптайды.
Қуатовтар отбасы өте қарапайым өмір сүреді. Жыл сайын қызметі өсіп, жоғарылап келе жатқан Ғазиздің әрбір жаңа лауазымы мансабына сәйкес жаңа пәтерге қоныс аударумен қатарласып отырған. Заты әйел емес пе, көшіп-қонғаннан шаршаса да, үйіне жылтыратып жиһаз жинағысы келген әйелі: «басымызға әлдеқандай алмағайып «қара күн» туа қалса» деп, бірде банктен жинақ кітапшасын ашып қояды. Сонда күйеуі Ғазиз: «Коммунистердің өмірінде «қара күн» деген болмайды, оларды тек жарқын болашақ күтеді!» деп қатты ренжіген екен. Коммунизм идеясына қалтқысыз қызмет етуді ғана білген адал жандардың осы қағиданы өмір сүрудің жалғыз ұстанымы деп танығандықтан өз отбасы, бала-шағасының ортасында да ұран ғып ұстап, басы артық дүние жинауға тыйым салып отыруының бұдан асқан мысалын қайдан табарсыз.
1938 жылы 13 қыркүйек күні Семей облыстық партия комитетінің екінші хатшысы Ғазиз Қуатовты «қара қарғалар» келіп ұстап әкеткенде, Болат анасының жатырында жатқан жеті айлық шарана болатын. 8 жастағы әпкесі Мэри мен 6 жастағы ағасы Катаяма сол түннің әр сәтін бүге-шігесіне дейін естерінде сақтап қалған. Бөлмелердің бәрі астан-кестең болып тінтілгеннен кейін 24 сағаттың ішінде бұларға хатшының үлкен үйін босатуға бұйрық береді. Тұп-тура екі айдан кейін Болат өмірге келеді. «Анамның ұсталмай, бостандықта қалуына айы-күні жетіп отырған аяғының ауырлығы себеп болған сияқты», дейді Болат аға. Әкесі алыста, тым алыста, Мәскеудің Бутыркасында отырғандықтан, төлқұжаты қолында жоқ болып, өз құжатын береді. Бір себебі осы болса, екіншіден, аударылып-төңкеріліп жатқан заманның сұрынан қорыққан Рахиль Болаттың болашақ қауіпсіздігі үшін амалсыз «Аюханов» деп баласын өз тегіне жаздырады. Бірақ ендігі жерде Рахильдің де күні күн болмайды, «қай күні ұстап әкетер екен?» деп есікке жалтаңдап қараумен жарық күндерді жылжытады. Өйткені 1923 жылы кісі есігінде жалшылықта жүргенде-ақ комсомол ұйымының жұмысына белсене қатысып, кейін Орынбордағы совет-партия мектебіне оқуға түскен, Сәкен Сейфуллиннің тікелей кеңес беруімен партия қатарына алынған, күйеуі ұсталғанша Семей облыстық партия комитетінің ауылшаруашылық бөлімінде инструктор болып қызмет істеген Рахильдің қырағы көздердің назарына ілікпей қалуы мүмкін емес еді. Алайда бір реттеуші күш Рахильді балаларынан ажыратпай, репрессия машинасынан аман алып қалады.
Ғазиз Қуатов Бутырка түрмесінен Алматыға ауыстырылып, Дзержинский көшесіндегі НКВД тергеуіне жеткізіледі. Анасы ас-ауқат, жылы киім жеткізіп жиі барғанымен, жолыға алмайды. Тек бір рет қана есік аузындағы күзетшінің қолынан іш киімнен жыртылған тілдей шүберекке қанмен жазылған: «Рахиль, менің еш жазығым жоқ, балаларды және Болатты сақта! Ғазиз» деген хат алады. Ғазиз сегіз жыл жазаға кесіліп, Коми АССР-іне айдауға жіберіледі. Онда шахтада істейді. Көп ұзамай туберкулез дертіне шалдығады. Лагерьде жазасын өтеп жүріп те Ғазиздің партияға сенгені сондай, тағдырын тілдемей, әйелінен балаларын тек коммунистік рухта тәрбиелеуді сұрап, еліміздің қалай да фашизмді жеңетінін (бұл 1942-1943 жылдар), отбасымен, әсіресе ешқашан көрмеген Болатымен кездесетінін айтып хат жазған. Бірақ дерті меңдеп кеткен Ғазиздің арманы орындалмайды. 1943 жылдың ақпанында Инту қаласындағы кен орнына жазған Рахильдің үшбұрыш хаты өзіне қайта оралады: «адресат өлген» ...
Анасының мейірімін, ағасы мен әпкесінің қамқорлығын ғана сезініп, отбасының өткен тарихынан бейхабар өскен Болат әкесі туралы шындықты тек 10 сыныпта оқып жүрген кезінде ғана білген. Онда да алдымен Бутырка түрмесінде бірге отырған, кейін Комиде бірге жазасын өтеген белгілі актер Яков Урбанскийдің анасына әкесінің өлімі туралы егжей-тегжейлі жазған хатын кездейсоқ оқып қалады. Анасы айтқысы келмей қашқалақтаса да, алқымынан алып отырып Болат бар шындықты біледі. Сталин атындағы №28 мектептің 10 сыныбында оқып жүрген ол не себепті өзінің осы уақытқа дейін комсомол қатарына қабылданбай жүргенін түсінеді.
Алғашқы комсомол ұясын ұйымдастыру ісінен бастап республикалық ауқымдағы жетекшілік қызметке дейін көтерілген көрнекті партия қайраткері Ғазиз Қуатов ең алғашқылардың бірі болып 1955 жылы ақталады. Бұл туралы КСРО Жоғарғы сотының Әскери кеңесінің төрағасы, генерал-лейтенант А.Чепцов Қазақстан Коммунистік партиясының Семей облыстық партия комитетіне жолдаған анықтама хатта Ғазиз Қуатовты айыптаған істің қайта қаралып, қылмыс құрамы болмағандықтан, НКВД жанындағы Айырықша кеңестің қаулысымен істің тоқтатылғаны туралы хабарлайды. Ал «Қуатов қандай адам болған еді?» деген сұраққа 1982 жылы Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің бетінде жазушы Жайық Бектұров жариялаған Қазақстан комсомолының 1920 жылдардан бергі ардагерлерінің бірі Әшірөп Мұсабекова туралы «Сурет сыр шертеді» атты мақаласында: «Ә.Мырзабекова өлкелік комсомол комитетінің мүшесі болып сайланады. Бұл куәлікке республика комсомолының сол тұстағы көрнекті жетекшілерінің бірі, кейінірек жауапты партия қызметінде болған, 1930-1933 жылдары Қазақстан өлкелік комсомол комитетінің секретары болған Ғазиз Қуатовтың қолы қойылған. Ғазиз біз көргенде ұстамды, ғибратты, байсалды, кішіпейіл қызметкер еді. Оның бір баласы Болат Аюханов осы күні республикаға еңбегі сіңген әртіс, қазақ өнерпаздарының ішінен шыққан биші» деп жазады.
Қуатовтар отбасының тағдырымен таныса отырып, шаңырақтың шайқалмауы және балаларының ғылым мен өнер жолын таңдап, табысқа жетуі, ең алдымен, Рахиль Аюханованың еңбегі, қажыр, парасатының арқасында ғана мүмкін болғанын байқаймыз. Отбасын аман сақтау жолында от пен суға бірдей түсіп, жанкештілік танытқан Рахиль ана өз естелігінде: «Тағдыр маған 29 жасымда күйеуімнен айырылып, қолында үш бірдей баласымен қалған ананың азапты ғұмырын сыйлады. Маған дені сау адам болып көріну қандай қиын болды десеңізші! Әйтсе де өмірде бір қысылтаяң шақ туса, басты шешімді өзім қабылдаушы едім. Менің халық жауының әйелі екенімді білген бойда бірнеше рет жұмыстан қысқартып тастады. Бұл менің еңбек кітапшамдағы өте көп жазбалардан да көрінер еді. Балаларыма қаталдау болдым. Олардың титтей де босаңсуына жол бермедім. Бәлкім содан ба екен, балаларым талапты болды әрі жауапкершілікті сезініп өсті», дейді.
Үлкені Мэри Қарағанды мемлекеттік медицина институтын бітіріп, ғылым кандидаты, доцент атанады. Денсаулық сақтау ісінің үздігі. 1932 жылы туған Катаяма да КазГУ-дің физика факультетін, Мәскеу аспирантурасын тәмамдап, физика-математика ғылымдарының кандидаты болады. Ал дәл қуғын-сүргіннің қызып тұрған шағында, 1938 жылы туған Болаттың орны бұл отбасы үшін ғана емес, күллі қазақ өнері үшін бөлек. Болатсыз балетті елестету мүмкін бе? Жоқ! Нәзік өнерді серік еткендіктен сырт көзге жаны да нәзіктеу көрінетін Болат Аюхановтың сырға, құпияға толы жұмбақ болмысынан бәрібір бір «бүлікшіл» мінез байқалып тұрады. Өзімен өзі келіспей, өнердегі әділетсіздіктермен де ымыраға келе алмай шайқасып жүретін шалдуар-шақар мінезге «шығармашылық адамының бәріне тән қиқар мінез ғой» деп мән бермеуге болады. «Алматының жас балеті» сияқты теңдесі жоқ театр құрып, балет өнерін бір-екі саты биікке көтерген, талай таланттың маңдайын жарқыратып, жер-жаһанға танытқан, ешқашан қолына сыра, аузына сағыз салып көрмеген, үйі жоқ, өмірге бейімсіз балет бишілерін төрт бөлмелі үйіне айлап, жылдап тұрғызып, жақсылық жасауды хоббиі көретін, 40 жыл балетке сіңірген еңбегінің арқасында 40 бишіге үй әперген еңбегінің жанында бұл мінез «ондай-ондай ханның қызында да болатын» мінез ғана емес пе? Ал шынтуайтына келгенде, қатыгез қуғын-сүргіннің қара таңбасы қарып өткен соң, ертеңгі күнге деген сенімнен айырылып, қаншама жылдар бойы үрейге беріліп өмір сүрген барлық «халық жауларының» балаларына тән адамға, қоғамға, заманға деген өкпенің сызы көп дүниемен келіспеуге еріксіз мәжбүр жасайды екен ғой…
Айгүл Аханбайқызы,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ