Әдебиет • 25 Мамыр, 2018

Қош бол, Анук!

411 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

«Новеллалар ханзадасы» атанған грузин жазушысы Гиви Сихарулидзе – әлемдік әдебиет айдынына өзіндік қолтаңба салған тұғырлы жазушы. Туындылары көп елдердің танымал журналдарында жиі басылып жүрген қаламгер 17 кітаптың авторы. Оның қаламынан туған «Она+Я» шығармалар жинағы әлемнің көптеген тілдеріне аударылған. Адамзатқа ортақ құнды дүниеден газетіміздің әдебиетсүйгіш оқырмандарына тәбәрік тартамыз. 

 

Қош бол, Анук!

Түнгі сағат екі. Тбилиси әуе­жайында некен-саяқ жолаушылар ұшаққа отырғызу сәтін күтуде. Олардың қайсыбірі отырған орнында қисая кетіп, көз шырымын алуда, енді біреулері ұйқылы-ояу, дүңгіршектерден алған жур­налдарды мән-мағынасыз парақ­тауда. Шығарып салушылар дабыр­­лаған бір бұрыштан тарс-тұрс шампан атқаны есті­леді. 

– Енді өз өміріңді қалай көр­кейт­сең де өзің білесің! Өзіңді америкалық арумын деп есепте, – деп тілек айтып жатыр сол арада сайлана қойған асаба. 

– Рахмет, сендерді Құдай қол­дасын! – деп жауап қатты әйел даусы. Оған еріксіз көзім түскен, қырық­тан асқан көзілдірікті әйел­­ді көрдім. Қасында он үштер шамасындағы ұлы бар екен. Шы­ғарып салушылардың бірі әйелді көңілдендіруге тыры­сып, әзіл-қалжыңды сапырып, жиналғандарға неше түрлі күл­діргі әңгімелерді айтқанда бәрі­нің ішек-сілелері қатып дуылдасты. Әйел де мәз болып күлді, бірақ оның көзінің тұңғиығында бір мұң бар еді. Мен оның ауық-ауық қасындағы ер адаммен бір нәрсе жайында сыбырласқанын байқадым. Сосын ұлының жаға­сын түзеп, оған: 

– Әкеңді қалдырып кету саған қиын екенін білемін. Бірақ Құдай қаласа, алты айдан кейін ол да бізге келеді. Пәтер сатылмай тұрға­нын көрмейсің бе? – деді. 

Ер кісі ұлға бұрылды:

– Ал енді ақылды бол, анаңды күт! Сен енді жігітсің ғой! Бар үмітіміз сенде.

Оның көзіне жас келіп қалды, ол бір қолымен ұлын кеу­де­сіне қатты қысып, екі қиыр­ды бірік­тіргісі келгендей, екін­шісі­мен әйелін құшақтады. 

– Анук джан, ес ку цавад танем, джаник джан! – деген ақ­сүйек кейіптегі егде әйелдің дау­сы естілді. – Сен Лос-Андже­лес­тегі біздің Гариктің мекенжайын білесің ғой, оған міндетті түрде телефон соқ!

– Иә, мама, хабарласамын! – деді де, әйел қайтадан күйе­уі­не бұрылды. Оған оны қал­дырып кету аса қиын сияқты. Олар­дың арақатынасынан мен кавказ­дықтарға тән жұбайлық қимастықты аңдадым. 

Ұшаққа отыруға шақырғанда әйелге жасы ұлғайған салауатты қарт жақындады. Оның өмір тауқыметтерінен қажыған әжімді жүзін жас жуып кетіпті. Қын­жылудан көңіл кірбіңі байқал­ғанымен, ол оған жайдары тіл қатты. 

– Анук, қымбаттым менің, мықты бол! Мына қарғыс атқыр мұқтаждық болмаса, сені ол жаққа кім жіберер еді! Өзіңді сақта. Рас, біздің грузиндердің Америкада туыстары жоқ. Бірақ сенің анаңның жақындары әй­теуір бір қол ұшын берер!

Сосын ол немересін құшақ­тады: 

– Байқа, жігітім, грузин тілін ұмытушы болма. Қандай тектен шыққаның ылғи есіңде болсын! Есіңде болсын, мен саған сенемін.

Бала қайта-қайта атасының бауы­рына тығылды, біресе әке­сіне жабысты. Сосын ләм-мим деместен орнынан ата жөнелді. Өйт­кені өзінің басқа амалы жоғын білетін. Сөйтіп анасымен бірге өткелекке беттеді. 

– Бұл тіршілігіміздің түбі қайыр­­лы болса игі еді! – деп ой­ла­дым мен. Туған елін тас­тап кетіп жатқан алғашқы да, ақырғы да отбасы бұл емес еке­нін білемін. Өздері кеткенмен жан-жүрегі, ақыл-санасы осында қалды. Алыс елге олардың бір тұтам тәні аттанды. Онда не күтіп тұрғанын бір Құдай ғана біледі. Амал қанша, өкінішке қарай, аз халықтардың жазмышы осындай.

Мен Америкаға бір айлық ісса­парға бара жатыр едім. Ор­ным­нан тұрып, ұшаққа шығатын жаққа бет алдым. 

Он шақты жолаушы отырған ұшақ Тбилиси–Ереван–Париж–Лос-Анджелес бағытында ұшады. Алда – адамды шаршататын ұзақ жол. 

Менің орным жаңағы ханым­ның қасында болып шықты. Онымен ілтипат білдіре амандас­тым, ұлға кәмпит сыйладым. Сосын әрқайсысымыз өз ойы­мыз­­ға шомып, бір-бірімізге ләм-мим сөз айтпастан Ереванға жет­тік. 

Келесі ұшуға дейін төрт сағат үзіліс бар екен. Бағытымызды тір­кетіп, орындықтарға жайғас­тық. Әйел сыпайылап қана менің атымды сұрады. 
– Георгий, – деп жауап қаттым мен. – Ал сіздікі ше?

– Анук, – деді ол. – Сіз Амери­када ұзақ боласыз ба?

– Жоқ, мен іссапармен бара жатырмын!

– Қандай бақыттысыз! Ал біз­дің қашан оралатынымызды бір Құдай біледі. 

Осылай деп сөмкесінен бірде­ңе алып шықты да, сосын маған қарап, толқулы дауыспен: 

– Бәлкім, бұл күлкілі де шы­ғар, бірақ мен қайткенде де еш­кімге білдірмей бір уыс грузин топырағын ала шықтым. 

– О не дегеніңіз, ханым, – дедім мен оған, – сіздер де көп ұза­­­май елге қайтатын боларсыздар!

– Мен соған күмәндімін, – деп мұңая жауап қатты ол. 

– Әуестігіме ғафу өтінемін, әйтсе де сіздің мамандығыңыз қан­дай?

– Мен тіл маманымын, – деді ол. Сәлден кейін тағы үстемеледі: 

– Кеңестік кезде университетте лекция оқыдым, соны мақ­таныш ететінмін. Ал қазір қиын жағдайға душар болдық, енді осыдан басқа жол таппай тұрмыз. Маған бір америкалық таныс әйел шақыру жіберді, тіпті өз пәтеріне тоқтатайын деп отыр. 1500 долларлық жалақымен дүкен­ге гүл сатушы етіп орналас­тыруға уәде етті. Ісіміз оңға бас­­са, кім біледі, сосын, Құдай қа­ласа, дәрігер күйеуімнің ке­луіне мүмкіндік туар. Мүмкін, оны әлдебір клиникаға дәрігердің ассис­тенті етіп алатын шығар. Егер виза мерзімі аяқталғанға дейін жұмыс істеу құқығын ала алма­сақ, онда жасырын қалуға тура келеді. 

– Неге бұлай қапаланасыз! Көресіз әлі, сіздерде бәрі тамаша болады! – деп сөзін бөлдім. 

– Ауызыңызға май! – деген ол маған жылы жүзбен қарап: 

– Мен әкем жағынан грузин­мін, ал шешем армян, – деді. 

Осы әңгімеден кейін басымнан бір ой кетпей қойды: бұл ханымға Ереван арқылы ұшуға тура келгені неліктен екен?! Сірә, бұл бір нышан болар. Қос халық­тың қызы Грузияны тас­тап кетіп барады. Ол өзінің ар­мян­дық тегін мақтан етеді (бұл кәдімгідей сезіліп тұрды) екен. Қалай болғанда да қиын сәт­те ардақтап сақтаған аяулы гру­зин топырағын өзімен бірге алып кетіп барады. Өзім де біл­мейтін бір күш мені орнымнан ұшып тұруға мәжбүр етті. Бір­шама уақыт абдыраған халде залды олай-бұлай айнала кезіп жүріп алдым. Сосын кенеттен бір ой сап ете түсіп, қалтамнан кішкентай бүктемелі бәкімді алдым да, гүлзарларға беттедім... Тізерлеп отырдым да, түсіндіріп болмас құштарлықпен асығыс-үсігіс топырақты шұқып қопсыта бас­тадым. Сосын оны орамалыма са­лып түйіншіктеп орадым да, жо­лаушылар салонына қайтып келіп, үн-түнсіз орныма отыра кеттім!

– Ұшуға дайындалыңыздар! – деп хабарлады стюардесса. Бір­неше минуттан кейін әуе кемеміз аспан айдынын қақ жары­п, бізді алыс елге әкетіп бара жатты. 

– Қымбатты Анук! – деп мен оған абайлап тіл қаттым. – Ма­ған не болғанын білмеймін, бірақ Құдіреттің өзі мұны армян жерінде істеуге мәжбүрледі! – Сөзімді ақырына дейін бітірмей бет орамалыма түйілген топы­рақты ұсын­дым. Ол түйіншекті үнсіз алды да (онда не барын сол сәтінде аңғара қойды), ма­ған өзінің мұңға толы ақылды көз­дерін тоқтатты. Түйіншекті шешіп, ішіндегісіне үңілді. Со­сын грузин топырағы салынған түйіншегін алып, өзінің қолы бос болмағандықтан, менің оны шешіп беруімді өтінді. Одан соң қос уыс қасиетті топырақты аялай араластырып, бір түйіншекке орады да, алғысқа толы шыраймен қолымды қысып, «Сірә, менің ойымды оқыған боларсыз» деп жымиды. 

– Мына қос уыс топырақты бө­лек-бөлек апару біздің екі халықты бөлгенмен бірдей-ау. 

Осы сөздерді айтып ол топы­рақ түйіншегін сүйді де, мұңды ойларға шомды. Құдды біреу дуа­лап тастағандай, бірнеше сағат бойы қыбыр етпей шексіздікке қадалды. 

Ойнапсың құйттай Грузиямен!

1993 жылғы Берлин фести­валінің ашылуы. Мен өзіме бөлін­ген «мерседестен» шықтым да, зоопалас залының қақпасына беттедім. Қауым мен телерепортерлер сатырлата қол соғып, аппараттарымен шырт-шырт суретке түсіріп шығарып салды. Менің қуанышымда шек жоқ: осы елдің азаматтары Ресей тырнағынан енді ғана босап шыққан жаңа туған кішкентай Грузияның өкіліне осынша құрмет көрсетіп, менен қолтаңба сұрағандары мерейімді тасытып, бойымды керемет мақтаныш сезімі кернеді. 

Әлемдік кино жұлдыздары лық толған залға кіріп, өз орныма барып отырдым. Грегори Пек, Де Вито және Фэй Данауэй секілді актерлермен көршілестігім қатты толқытқан сыңайлы. 

Күн сайын әртүрлі кино­фильм­­дерге 20 билеттен аламын. Уақыттың ауқымына сыйсам, неғұрлым көп фильм көрер едім. Осы бір мүмкіндікті барынша пайдаланып қалуға тырысып бағудамын. Кинотанушы бол­масам да, әлдебір түйсікпен бұл фильмдердің қайысы же­ңіске жететінін күні бұрын болжап қоямын. Біздің «Ұйық­тамайтындардың күні» фильмінің жар сала жарнамаланып жатқан фильмдерден көш ілгері екенін де сеземін. Оның сценарийін жазған да, режиссері де Темур Баблуани. Сонымен қатар ұйым­­дастыру бөлімінің бізді мен­сінбей қомсына қарайтынын да сезіп жүрмін. Сөйтіп жеңістен дәмелі үміт ұшқыны біртіндеп өшіп жатыр. 

Фестивальдың жабылуына төрт күн қалды. Фильмдер барған сайын бәйге жолынан шығып қалуда, ал біздікі ақырындап алға жылжи берді. Ақтық бәсеке жа­қындады. 

Ұйымдастыру бөлімінен фес­тивальдың жабылу салтанатына шақыру билеттерінің жа­йын білдім. Маған мұнда мен сияқты актерлер екі мың екенін, ал олардың бәрін шақыра алмайтынын айтып, егер қаласаңыз, банкетке шақыру берейік деді. 

Мен қапалана мырс еттім: рас, біздің мемлекетіміз әлем картасында мүлдем кішкентай болып көрінеді, бірақ біздің жүз адамға жайған дастарқанымыздың сән-салтанаты мен берекесі Гер­ма­нияда он мың қонаққа тартыл­ған аспен бірдей. 

Банкетке шақырғаны үшін мысқылдай алғыс айттым да, одан бас тарттым. Сосын дауысымды қаттырақ шығара: 

– Мен қатысқан фильм алғаш­қы бестікке ілінгені сіздерге бел­гілі ме?! – дедім. 

– Белгілі, бірақ бәрібір сізге ша­қыру бере алмаймыз. 

Мен шеткерек барып тұрдым. Кенет маған дабыр-дұбыр орыс сөзі естілді. Шамамен жиырма бес адам сол бөлімге беттеді. Олар­дың фильмі фестивальға мүл­дем ілікпеген, сондықтан орыс фильмдерінің көрсетілімі аты­­мен болмаған. Соған қара­мастан барлық жиырма бес адам фестивальдың жабылуына ша­қы­ру алды. Мен тағы да әуелі өзі­міздің дәрменсіздігімізге, сосын орыс етігінің күллі әлемде, әсі­ресе Германияда, қалай бол­­­ғанда да, қандай күшке ие екен­­дігіне күйінішпен мырс ете түстім. Рен­­жіп қорланған мен аэрофлот кассасына барып, Бер­лин–Мәскеу бағытындағы билетімді ертеңге ауыстыруды өтіндім. Сұлу орыс әйелі мені күлім­сірей қарсы алып, қулана жымиды да: «Грузин киносы мен грузин жігіттерін жақсы көремін», деп күле тіл қатты. Мен рахмет айтып, билетімді алдым. 

Келесі таңда асықпай тұрып вестибюльге түстім де, өзімді әуежайға апарып тастамақшы мәшинені күттім. Кенет қонақ үйдің сыртқы есігі ашылды да, бетіне арсыздық тұнған орыс тілді еврей тілмаш пен ұйымдастыру бөлімінің қызметкері маған қа­рай жүрді. Ұйымдастыру бөлімі қызметкерінің кінәсінен болған жаңсақтық үшін тілмаш арқылы менен ғафу өтініп, маған әдемі қораптағы шоколад пен шақыруды ұстата берді. Мен олардың әсте де қонақжайлылық жорасын бұзғаны үшін кешірім сұрап тұрмағанын түсіне қойдым. «Шынымен-ақ біз жеңдік пе екен?!» деп ойладым. «Жеңдік! Әри­не, жеңдік!» деп іштей кәміл сеніммен бірнеше рет қай­та­ладым. Портьеден қол жүгім­ді қай­­тадан нөмірге апарып қоюды өтін­дім. Ал өзім билет кассасына жүгірдім. Таныс кассир әйелмен көз түйістіріп, кәмпит қорабын беріп жатып: «Бәлкім, ертең ұшуға ауыстырарсыз?» дедім. Сыйлыққа қуанып кеткен ол жымиып күлді: «Бір аптадан кейінгіге болса да, мейлі, көгершінім!». Сосын еш қиын­дықсыз билетке түзету енгізіп, мөрін басты да берді. Онымен шаттана қоштастым. 

Кешкі сағат сегіз. Менің мә­шинем фестивальдың жабылуы өтуге тиісті жерге келді. Тағы да қо­шемет, қаптаған адам, тағы да репортерлер. Көз алдымнан ға­жайып, кішкентай Грузия елес­теп өтті. 

«Шіркін-ай, дәл осы күйімді жар-қосағым көрсе ғой» деп армандадым. Есік алдында бізді смокинг киіп сәнденген екі неміс қарсы алды. Оларға шақыруды ұсына бердім. Бір сәтте жүрегім зырқ ете түсті. Әлі де күмәнім басым. Бұл екеуден бәрін күтуге болар еді. Бірақ олар мені сол арада екі әдемі қыздың қолына тапсырды да, орысшалап: мен және бес адамдық грузин тобы үшін Грегори Пек пен Де Вито отырған ерекше қатар бөлінгенін үстемелеп айтты. 

Сазды дыбыстар фестиваль­дың жабылу салтанаты бастал­ғанын паш етті. Ресми құттық­таулардан кейін аламан додада жеңген фильмдерді марапаттауға көшті. Әуелі түрлі газеттер мен журналдардың жүлдесін алған­дарды атап өтті, сосын діни ұйым­дар белгілеген жүлделерді таратты. Демімді ішіме тартып мен отырмын: барлық жүл­делер­ді үлестіріп қойды, қызық-ай, бізге не бұйырар екен деп ойлап қоямын. 

Кенет фильмді жария етті. Мен оған «Күміс аюды» береді деп күткем. Ондағы басты рөлде Фэй Данауэй ойнаған болатын. Қателеспеген екем, ду қол­ша­палақтың астында сахнаға режиссер мен актерлер шықты. Ен­ді әбден әбіржідім. Міне, «Кү­міс аюды» да беріп қойды. Ал біз ше?

Дәл осы кезде шыққан жүргі­зушінің дауысы бар күмәнімді сейіл­тіп, жиналған қауымға біз­дің фильмнің «Күміс аюмен» мара­патталғаны туралы хабарлады. 

Бақыттан басым айналып, тілім байланып, құлағым зыңыл­дап кетті. Сахнаға режиссер Те­мур Баблуаниді, содан кейін бас­ты рөлдерді орындаушылар: Лия Баблуаниді, Гуджу Бур­дулиді және мені шақырды. 

Бүкіл өмірімді кәсіпқой биші ретінде сахнада өткізсем де, мына жерде жаңадан келгендей толқып сасқалақтадым, сахнаға көтеріле бере өзімнің тілмашыммен соқ­тығысып қалдым. Кенеттен сап ете түскен мынадай ғаламат табысты, осыншама шаттықты мақтаныш кернеп тасып-төгілген жұдырықтай жүрегім әрең сыйдырып тұрғандай еді! Оның үстіне, құттықтаулардан кейін сахнада өзімнің пірім Грегори Пекпен қатар тұру бақытына ке­нелдім. Бір сәтке тағы да ойша өзім­нің көп қасірет шеккен Грузия­­ма оралдым, көз алдыма әйе­лім мен балаларым келді...Бе­тімді қуаныш жасы жуып кетті ...

– Ойнапсың құйттай Грузия­мен! – Жынды адамша, бас­қаларға байқатпай, осылай деп қайталай беріппін. 

Орыс тілінен аударған 
Қорғанбек АМАНЖОЛ