Мәшһүр Жүсіптің өмірі мен шығармашылық жолын баяндайтын 7 бөлімнен пьеса тұрады. Қоюшы режиссер – «Қазақ филологиясы» мамандығының 2-ші курс студенті Ташкенбай Аңсат.
Тарихшы, әдебиетші ғалымдардың айтуынша, Мәшһүр Жүсіп (1858-1931) жас кезінде Бұқарадағы «Көклән» медресесінде оқып, араб, парсы, тілдерін жақсы білген, 5 жасынан бастап ауыл молдасынан білім алады. Қазақ ауыз әдебиеті байлығымен ерте танысып, халықтық жыр-дастандарды жаттап өседі. Мәшһүр Жүсіп Самарқан, Ташкент, Түркістан, Бұқараға барады. Араб, парсы тілдерін үйреніп, Шығыстың классикалық әдебиетімен жете танысады. Абай, Шәкәрімдерше Құран кәрім философиясын, Қожа Ахмет Ясауи ілімін терең зерттеген.
– Ал Мәшһүр Жүсіп туғанда Ізмұхаммед абыз: – Бұл шырағым жұма күні туды. Атамыз Адам ата жаралған күн. Аты – Адамжүсіп болсын! – депті. Екі пайғамбардың аты қосақталған, дейді Айтмұханбет Тұрышев.
Ғалымның мәшһүртанушы ретінде ақын шығармаларын зерттегеніне 30 жылдай уақыт өтіпті. Мәшһүр Жүсіптің шығармаларының жиыны 50 томға жақын.
– Сондықтан Омбы, Том, Мәскеу, Ташкент, Бішкек, Қазан, Қытай архивтерін үнемі зерделеп қарап, ақтарғанымыз жөн. Мысалы, 1907 жылдары «Хал ахуал», «Тіршілікте көп жасағаннан кейін көрген тамашамыз», «Сарыарқа кімдікі екендігі?» деген кітаптары Ресей патшалығының цензурасына ілікті. Ақын Абай мен Шәкәріммен кездескен деген де ел аузында әңгімелер баршылық. Пьеса жазудағы мақсат – студенттерімізді өткенге үңілдіру. Әлі де ашылмай жатқан осындай көп зерттеулер бар екенін біліп, болашақта үлес қоссын деген үмітті ой, – дейді Айтмұханбет Тұрышев.
Ташкенбайдың айтуынша, пьесаны дайындауға бір айдай уақыт кетіпті. Қойылымды сахналауға университеттің 8 факультетінің студенттері қатысқан. Рөлдерді Адамжүсіп – Ташкенбай Аңсат, Көпей – Әбілда Бекболат, Ізден абыз – Ибрагим Ермек, Сермұхамед және Нәжімиддин молда рөлінде – Кәкім Бәкіжан, Бала Мәшһүр және Мұса Шорманұлы рөлінде – Расул Иркенов, Қисық рөлінде – Аружан Атабек, Шәкәрім рөлінде – Серік Еслям, Абай рөлінде – Алмат Орынбаев деген студенттер ойнады.
Тарихшы ғалым Қайрат Батталовтың ойынша, бұл өнер арқылы жастардың санасына әсер етіп, халқымыздың руханиятын жандандыруға үлес қосу деген сөз. Мәшһүр Жүсіпті жастар оқып, түсініп, зерттей де білулері керек. Студенттер бір пьесамен тоқтап қалмас, әрі қарай да тарихи-танымдық қойылымдарды сахналау жалғасады деп сенеміз. Филолог ғалым Айман Зейнулинаның айтуынша, «Адамжүсіп» пьесасын кәсіби актерлар емес, студенттер сахналағаны – танымдық рухани жаңалық.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Павлодар
Суретті түсірген Руфина ТОРПИЩЕВА