Лаңкестікке ұрынып ел ішінде лаң салу жақсылыққа апармайды. Мұны, әсіресе, Боралдай кентінде болған соңғы қайғылы оқиға дәлелдеп отыр. Сүттей ұйыған елдің ең қасиетті тыныштығын бұзғандар көпшіліктің наласы мен қарғысына қалады. Ата-бабамыз аңсаған тәуелсіздігімізге қолымызды жеткізіп, өркениеті де, экономикасы жоғары алып елдермен иық теңестіре бастағанда кейбіреулердің іріткі салуы нені көздейді? Міне, осындай сұраққа жауап алу мақсатында біз ҰҚК ардагері, отставкадағы полковник Жеңіс РАМАЗАНОВҚА хабарласқан едік.
– Елімізде орын алып жатқан мұндай келеңсіз жәйттерге байланысты сұрақтардың қоғамды мазалап отырғандығы сөзсіз. Оларға сіз болып, біз болып жауап іздеп көрсек, оның мәнісі мынада деп ойлаймын. Соңғы уақыттары журналистика, тарих, саясаттану, дінтану салаларында діни тақырыптарды зерттеулердің көбейе түсуі Орталық Азия елдеріндегі діни-экстремистік ахуалдың белсенділікпен жүргізіле бастағандығының әсері екендігі анық. Осы аймақтағы орын алып отырған оқиғалар, діни факторлардың саясилана түскендігінің айқын көрінісі. Осыған байланысты Президентіміз Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы (ИЫҰ) Сыртқы істер министрлері кеңесінің 38-сессиясында екі мәселені ерекше атап өтті: біріншісі – саяси идеология ретінде діни фундаментализмге қарсы тұруды үйрену; екіншісі – ИЫҰ-ның біздің төрағалығымыз арқылы жүзеге асырылып жатқан мұсылман әлемі мен батыс елдері арасындағы ашық та әділ келіссөз өткізуді дұрыс жолға қоя білуі.
Қазіргі уақытта қолданылып жүрген «ислам фундаментализмі», «радикализм», «вахабизм», «саяси ислам» және тағы басқа терминдер өзара шатасып кетті. Ислам мәдениетінің мәйегінде қайнап шықпағандықтан, олар пікірталас тудырады. Жаумен күресу үшін оның күшті және әлсіз жақтарын, іс-қимыл тактикасын, ойлау методологиясын, күш-құралдарын жақсы білу керектігі айтпаса да түсінікті. Сондықтан, жоғарыда аталған құбылыспен күресу үшін оның тамыры мен шыққан көзін, табиғи мінез-құлқын, қауіпті жақтары қандай, оның діни фундаментализмнен, радикализмнен ерекшелігі неде деген және басқа да мәселелерді жақсы білуіміз керек. Діни догматиканың қитұрқылығын жіліктеп барып, осындай жақтарын ұғынғанда ғана бұл құбылысқа қарсы тұруға болады, дәлірек айтқанда, қарсы тұруымыз керек. Өйткені, дін мен діни экстремизм дегеніміз бір-бірімен қабыспайтын, екі бөлек ұғым.
Діни экстремизм дегеніміз бұл басқа діни конфессияның өкілдеріне төзімсіздік көрсету немесе бір конфессия аясында қатаң қарсылық білдіру арқылы байқалады. Діни экстремизм ұғымы кейде заңдылыққа қарама-қайшы келетін, заңсыз іс-әрекет жолына түскен діни есалаң адамдардың идеологиясы мен іс-қимылы арқылы да анықталады. Зайырлы қоғамға қарсы шығу үшін немесе қандай да бір конфессия өкілінің басымдық рөлін бекіту мақсатында діни экстремизмнің саяси мақсатта қолданылуы жиі кездеседі. Дегенмен, еліміздің аумағында азаматтарымыздың өзіндік діни сана-сезімінің өсуі, діннің өркендеуі тарихи заңдылық екендігін атап өту керек. Мұның табиғи құбылыс екендігін мойындай отырып, біз оған ешуақытта қарсы болмауға тиіспіз. Ал осындай діннің атын жамылып, билік үшін күресетін, ұлтаралық, конфессияаралық және әлеуметтік араздықты қоздыратын адамдар мен ұйымдардың іс-қимылын анықтап, жолын кесу күш құрылымдарының міндеті болып табылады.
Енді діни экстремизмнің қандай қауіпті жақтары бар деген мәселе төңірегінде ойлансақ. Соңғы жылдары Орталық Азия аймағында қауіпсіздік деңгейінің төмендей түскендігі байқалуда. Осы аймақта орналасқан мемлекеттердің көпшілігінде экстремистер билікке қол жеткізу үшін қарулы қақтығыстарға баруда. Оның салдары біздің елде де білініп отыр. «Отты нүктелерден» қашқындардың келуі, заңсыз есірткі айналысының көбеюі, лаңкестер мен содырлардың ел аумағында жасырынуы – сөзімізге нақты дәлел. Елімізде жергілікті керітартпа ислам топтары бой көрсетіп, дінге сенушілерді ресми рухани басқармаға қарсы қоюға тырысуда. Діни экстремизмді жете бағаламау, оның көріністеріне тиісті қарсы қимыл қолданбау өкінішті салдарға әкеліп соқтыратындығын көршілеріміздің тәжірибесі көрсетіп отыр. Сондықтан, осы мәселені шешуде мемлекет пен қоғамдағы барлық мүмкіндіктер кешенін пайдаланып, мұндағы негізгі кезеңді көрсеткен дұрыс.
Бірінші – қалыптасқан жағдайды тиімді бақылау және заңнамамен белгіленген құқық шеңберінде шетелдік және отандық экстремистердің заңға қайшы іс-әрекеттеріне қатаң түрде қарсылық көрсету. Сонымен қатар, Тараз және Атырау қалаларында орын алған қайғылы оқиғалар осы жұмыста құқыққорғау органдарына экстремистік әрекеттердің алдын алу және жолын кесу бағытындағы жұмыстарда жедел шараларды қабылдай алмайтындығын көрсетті. Екінші – халық арасында кеңінен сауықтыру және түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыруға айрықша көңіл бөлу. Диалог, талқылау, сендіру әдістері – бұлар ең күшті қару. Сонымен қатар, қуатты құрылымдар өзінің функционалдық міндеттерінің аясында алдын алу және түсіндіру жұмыстарымен де айналысулары керектігін атап өту керек.
Дегенмен, өкінішке қарай, «алдын алу» деген сөздің жедел лексикадан біртіндеп жоғалып бара жатқандығын да айтып өткен орынды. Осыған байланысты, арнайы қызметтер мен құқық қорғау органдары жедел қызметтің бір түрі ретінде алдын алу жұмысын қайта жандандырулары керек. Сонымен бірге, бұл істе қоғамның, рухани орталықтың, шығармашылық және ғылыми интеллигенцияның, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының қатысуы мен ұстанымдары аса маңызды. Мысалға, бұқаралық ақпарат құралдары діни экстремизм проблемасы бойынша ақпаратты тиісті инстанциялармен келісіп, әбден тексеріп барып жариялауы керек.
Діни экстремизмнің алдын алу саласында республика ғалымдарының алдында үлкен міндеттер тұр. Жақында қабылданған «Дін және діни ұйымдар туралы» Заңның ережелерін ескере отырып, оларды іске асыру үшін Қазақстан халқының діни өміріне ұдайы әрекет ететін мониторинг ұйымдастыру; Қазақстанның этноконфессиялық картасын жасау; Қазақстан халқының түрлі этностық, конфессиялық, өңірлік, әлеуметтік-демографиялық және өзге де топтарының діни экстремизм проблемасына деген көзқарасын анықтау қажет. Діни және этнодіни негіздегі шиеленістердің алдын алу және болдырмау бойынша шаралар мен практикалық ұсынымдар кешенін; Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық нормалары және ұлттық қауіпсіздік мүдделері тұрғысынан діни ілімдер идеологиясын бағалау критерийлерін әзірлеу керек. Тұтастай алғанда, мемлекетіміздің қауіпсіздігін қорғау – әрбір азаматтың конституциялық парызы. Осы парызды шешуге барлық ұйымдар, мекемелер мен кәсіпорындар, сондай-ақ қоғамдық және діни бірлестіктер атсалысуға міндетті. Әр құрылым осы діни экстремизмге қарсы әрекет ету шаралары жүйесінде өз орнын табуға тиіс. Осындай кешенді іс-шаралар атқарғанда ғана Қазақстан атты ортақ шаңырағымызда бейбітшілік пен тыныштық орнайтын болады.
Жазып алған Александр ТАСБОЛАТОВ.