Жалпы, облыстың Ресейдің шекаралас отырған көршілес өңірлерімен сауда-экономикалық ынтымақтастық байланыстары бұған дейін де үзілген емес. 2012 жылы облыс орталығында Қазақстан мен Ресей Президенттерінің қатысуымен өткен ІХ форумда Павлодар облысы Татарстан, Башқұртстан, Алтай өлкесі, Омбы, Новосібір және Том облыстарымен, ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойған болатын. Мұндай ынтымақтастық Беларусьтің Минск облысымен де жасалған еді. Қазір бұл байланыстардың жалғасып, әртүрлі салаларда дамуы – өңір үшін өте маңызды. Облыстағы Ертіс, Железин, Успен, Шарбақты аудандары Ресейдің Омбы облысымен, Алтай өлкесімен, Құлынды даласы, Славгород, Байғамұт, Керей ауылдарымен, Новосібір облысының аудандарымен шекаралас орналасқан.
Биылғы сәуір айында облыс делегациясы Алтай өлкесіне, Түмен облысына барып қайтты. Сол жерлердің тұрғылықты қазақтарымен кездесті. Айтпақшы, Түменнен Астанаға биылғы жаздан бастап әуе қатынасы ашылмақ. Облыс әкімі Болат Бақауов Түмен қазақтарын жазда өтетін «Ұлы Дала елі» фестиваліне шақырған болатын.
Ал осы сапар барысында Болат Бақауов Алтай өлкесінің, Түмен облысының басшылары Александр Карелинмен, Владимир Якушевпен кездесті. Алтай өлкесінде павлодарлық делегация «Сибэнергомаш БКЗ» зауытын, «АгроЦентр» машина жасау кәсіпорны мен «Юг Сибири» күнбағыс өңдеу зауытын аралап көрді. Үйренетін нәрсе қашанда қажет.
Екіншіден, Түмен облысындағы «Индустриялық саябақпен» танысты. Бұл – Түмендегі инвесторларға барлық коммуникацияларға қосылуға, жеңілдік жағдайларына және қаржылай қолдаудың тетіктеріне қол жеткізуге мүмкіндік беретін арнайы экономикалық аймақ. Ал «Павлодар» арнайы экономикалық аймағында жылына 250 мыңнан астам бастапқы алюминий шығаратын қоспалы алюминий өндірісін новосібірлік инвесторлар жүргізуде. Краснояр өлкесінен келген инвесторлар болса, автомобильдің алюминий дискілерін жасайды.
Бұл жолы Болат Бақауов бастаған өңір делегациясы Уфаның бірнеше өндірістік кәсіпорындарын аралап, мұнай-газ-химия салаларына арналған форумға қатысты. Сонымен бірге «Газ.Мұнай.Технологиялар» тақырыбында өткен ресейлік көрме де өңірден барған делегация үшін маңызды болды.
Облыс делегациясы сондай-ақ ұзақ жыл жұмыс істеп келе жатқан «Башнефть» мұнай өңдеу зауытын, «Kronospan» ағаш өңдеу компаниясы мен «УфаОргСинтез» кәсіпорындарын аралап көрді. Форумға қатысқан облыс әкімі Болат Бақауов Башқұртстанның Ресей мұнай-газ өндіру саласындағы технологиялар орталығына айналғанын, Уфаның мұнай өндірудегі дәстүрлі тәжірибесі Павлодар облысы үшін өте маңызды екендігін айтты. Осы тұрғыдан инновациялық жаңашылдықтарды өңірге әкелу өте қажет.
Еліміздегі үш мұнай зауытының бірі Павлодарда орналасқаны белгілі, зауыттың қуатын арттыру мен қайта құру жұмыстары қолға алынуда. Өндіріп жатқан мұнай өнімдерінің көлемі iшкi нарыққа жеткілікті де болар, бірақ Ресейдің мұнай өніміне тәуелділігіміз бар, жаңарту жолында әлі де қолға алатын жұмыстар аз емес. Сондықтан біздің делегацияның сапары негізінен мұнай-газ саласын дамытуға, уфалықтардан тәжірбие алу бағытындағы мәселелерге арналды. Қолда бар жанар-жағармайды дұрыс пайдалана алмай келеміз. Бұл науқан кезінде қиын. Өнім сапасы, оның халықаралық стандартқа сәйкестік жайы ойлантады. Елбасы Үкіметке елімізде мұнай өңдейтін төртінші зауыттың құрылысын айқындауды тапсырды. Мақсаты – өзіміздің мұнайды өзімізге өндіріп беру.
– Әрине мұнай-газ саласына қатысты форумдар тәжірибе алмасып қана қоймай, жаңа технологиялармен танысуға жақсы мүмкіндіктер береді. Мұнай-химия саласында ресейлік серіктестермен бірлескен жұмыс екі жаққа да тиімді, – деді Б. Бақауов.
Ал «Башнефть» мұнай өңдеу зауыты жыл сайын 6 миллион тоннаға жуық мұнай өндіреді. Жанармайдан бөлек, қысқы, жазғы дизель отыны, жүк мазуты шығарылады. Өндіріс орнында 6 мыңнан астам адам жұмыс істейді.
Облыс делегациясы, барған «Kronospan» ағаш өңдеу компаниясының жүз жылдық тарихы бар екен. Әлемдегі ең ірі ағаш өңдеу зауыты саналады. Өнімнің 56 пайызын Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Қытай импорттайды. Ағаш өңдеуші кәсіпкерлер алдағы уақытта да павлодарлықтармен келісімге келіп, жұмыс жасамақшы.
Осы сапар кезінде Болат Бақауов Башқұртстан Республикасының басшысы Рустем Хамитовпен кездесті. 2017 жылдың қараша айында Ресейдің Челябі қаласында өткен Қазақстан-Ресей шекаралық форумының барысында екі облыс басшысы өзара серіктестік туралы келісімшартқа қол қойған-ды.
Енді міне, Павлодар облысы Башқұртстан үшін Қытаймен байланыс орнатудың көпірі болмақ. Рустем Хамитов Болат Бақауовпен кездесуі кезінде көршілермен тығыз байланыста жұмыс істеудің тиімділігін айтып өтті.
– Қазақстан – біздің ең жақын көршіміз, – деді Рустем Хамитов. – Өңірлердегі серіктестеріміздің бірі ретінде Павлодар облысы да жаңа идеяларды ұсынып жатыр. Сіздерде әктас, тұздың үлкен кендері бар. Павлодарлық әріптестердің көмегімен Башқұртстан Қытайға ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізу мәселесін қарастырып отыр.
Болат Бақауов екіжақты серіктестік байланыстың қай түріне болсын дайын екендіктерін білдірді. Делегация құрамындағы шаруа қожалықтарының өкілдері тауарлы-сүт фермалары мен өсімдік шаруашылығының жұмысымен танысу үшін келгендерін айтып өтті.
Ауыл шаруашылығы дақылдарын қайта өңдеумен айналысатын шаруа қожалықтары мен кәсіпорындардың өзара тиімді жұмысына ерекше мән беруді ұсынды.
Білім және ғылым салаларындағы байланыстар да жалғасу үстінде. 2015-2018 жылдар аралығында С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеттің 35 магистранты Уфа мемлекеттік мұнай-техникалық университетінде оқып, ғылыми тағылымдамадан өтті. Университет Түмендегі жоғары оқу орындарымен ғылым саласындағы жаңа жобалар туралы келіссөздер жүргізді. Мақсат – мұнай-газ саласы үшін жергілікті мамандарды оқытып, өңір зауыттарында жұмыс істеулеріне ықпал ету. Өңірдің Ресеймен арадағы сыртқы тауар айналымы биылғы жылдың бірінші тоқсанында 410,1 миллион АҚШ долларын құрапты.
Екі елдің шекара бойында орналасқан өңірлерінің рухани-мәдени байланыстарын, экономикалық-инвестициялық мүмкіндіктері мен бизнесінің өзара әлеуетін арттыруға, ауыл шаруашылығы саласындағы қарым-қатынастарды дамытуға бағытталған іс-әрекеттер әрі қарай да жалғасын таба бермек.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Павлодар облысы