Парламент • 28 Мамыр, 2018

Заң жобаларының сапасын арттыру жолы ұсынылды

517 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Заң жобаларының сапасын арттыру жолы ұсынылды

Қазіргі уақытта заң шығару функциясын жүзеге асыру барысында Парламенттің депутаттары «Қазақстан Республикасының Заңнама институты» ММ-мен бірлескен жұмыс жүргізеді, сондай-ақ «Республикалық құқықтық ақпарат орталығы» РМК қамтамасыз ететін түрлі ақпараттық-құқықтық жүйелердің контентін белсенді қолданады. Бұл ұйымдар ведомстволық тұрғыдан Әділет министрлігіне бағынышты және заң жобасының тиімділігін арттыруға, Үкімет қызметін құқықтық тұрғыдан қамтамасыз етуге, елдегі құқықтық саясатты қалыптастыру мен іске асырудың ықпалды тетігін жасауға бағытталған айрықша міндеттерді орындайды. Сонымен қатар құқықтық ғылымның рөлін күшейту мақсатында Заңнама институты құқық және заңнама саласында іргелі және ғылыми-қолданбалы зерттеулер жүргізеді, оларды жетілдіру бағыттары бойынша ұсыныстар әзірлейді.  

Алдарына қойылған мақсат­тарға жету үшін осы екі ұйым қызметкерлері күн сайын құ­қық­тық актілердің жобаларын әзірлеуден бастап, олар рес­ми жарияланғанға дейінгі құқық­тық шығармашылық процестің барлық сатысында үлкен жұмыс атқарады.

Алайда бүгінгі күні олар­дың алатын еңбекақылары атқаратын жауапты да ауқым­ды міндеттеріне сәйкес емес. Осы мәселе аталған ұйым­дар кадрларын жиі ауысу­лар мен тұрақсыздыққа ұрындырып, ынталандырудың төмендігі үлкен проблемалар тудырып отыр. Орын алған жағдай еліміздегі заң жобалау жұмы­сының сапасына кері әсер етуі мүмкін.

Осыған байланысты­ біз Заң­нама институты мен Респуб­ликалық құқық­тық­ ақпарат орталығы қызметкер­лерінің материалдық жағдайына алаң­­даушылық білдіре отырып, олардың заң шығару са­ла­сын­дағы жұмысын кү­шейту, кон­сультациялық қызметтер нарығындағы ма­­ңыздылығын арттыру мақ­сатымен оларды біріктіру арқылы коммерциялық ұйым нысанында әрекет ете­тін кәсіпкерлік қызметке қа­­тыстыру мүмкіндігін қа­растыру керек деп пайымдай­мыз. Бұл бюджеттің үнем­делуіне жәрдемдесіп, атал­ған ұйымдарды ұстау шы­ғын­­дарын азайтады, сонымен бірге олардың қызмет көрсету нарығында табыс табуына, сол арқылы еңбекақыларын арттыруға және әлеуметтік жағ­дайын жақсартуға мүмкіндік берер еді деп ойлаймыз. Халық­аралық тәжірибеге қарайтын болсақ, осындай Заңнама инс­титуттары және құқықтық ақ­парат орталықтары өздерінің көптеген қызметтерін ақылы негізде көрсетеді. 

Біз осы айтылған мәселе­лерді Үкімет басшысы Б.Сағын­таев­тың құзыры­на жет­кізіп, заң жобалау жұмысының сапасын және жүргізілетін құқықтық реформалардың тиімділігін арттыру мақсатында аталған ұйымдарды біріктіріп, олар­ға коммерциялық ұйым мәрте­бесін беру мүмкіндігін қа­растыруды өтіндік. 

Асқар БЕЙСЕНБАЕВ,
Сенат депутаты