– Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жетісулықтар жылы қабылдап, тек осы мақсатта арнайы жұмыс тобы құрылып, бағытымыз айқындалды. Өткен желтоқсан айында республикада бірінші болып облыс орталығында «Рухани жаңғыру» орталығын аштық, – деп мәслихаттың шымылдығын сүйіншілей түрген Амандық Ғаббасұлы әңгімесін төмендегіше жалғады: «Бағдарлама аясында Қарасай ауданында Тұңғыш Президент – Елбасының «Атамекен» тарихи-мәдени орталығы, «Батыр бабалар» музейі жаңадан салынып, іске қосылды. «Рухани қазына», «Тәрбие және білім», «Атамекен», «Ақпарат толқыны» сияқты кіші бағдарламалар негізінде 308 жоба жасалып, оларды жүзеге асыруға 37,1 миллиард теңге қаражат жұмсалады. Оның ішінде 9,4 миллиард теңге демеушілер есебінен толықты».
Жалпы алғанда, облыс бойынша жоғарыдағы бағдарлама өткен жылы 8 мың іс-шара өткізіліп, оған 1 миллион адам тартылған. Олардың қатарында өнер ұжымдарының қайырымдылық концерттері, дөңгелек үстелдер, конференциялар, мәдени байқаулар және тағы басқа шаралар бар.
Осында атқарылған жұмыстардың барлығы халыққа бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жеткен. Нақтырақ айтқанда, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы туралы облыстық бұқаралық ақпарат құралдарында 8 773 мақала жарық көріпті. Тек өткен жылы өңірлік коммуникациялар қызметінде БАҚ өкілдері қатысқан 59 брифинг өткен.
«Рухани қазына» кіші бағдарламасы аясында өңірде 243 мәдениет үйі күрделі жөндеуден өткізіліп, оның 7-еуіне өткен жылы, 13-іне биылғы жылы жобалау-сметалық құжат әзірленді. «Туған жер» жобасы шеңберінде өткен жылы жалпы сомасы 17,7 миллиард теңге болатын 193 жоба жүзеге асырылса, «Отаным – тағдырым» бағдарламасымен 397,3 миллион теңгелік 16 жоба, «Өлкетану» бағдарламасымен 24,4 миллион теңгелік 8 жоба, «Саналы азамат» бағдарламасымен 456,7 миллион теңгелік 16 жоба іске асты», деді облыс әкімі.
Сонымен қатар өлке тарихын таныстыратын «Киелі орындардың электронды картасы» жасалып, оған аймақ аумағындағы
2 343 ескерткіш кірсе, бұлардың ішінен 58 нысан іріктеліп алынып, 17-сіне республикалық, 41-іне аймақтық мәртәбе берілген екен.
Облыста орындалып жатқан келесі бір игі шаруа – Орбұлақ шайқасының 375 жылдығына арналған «Орбұлақ» мемориалды кешені мен Талғар ауданы Жаңалық ауылындағы «Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандары музейінің» құрылыс жұмыстары басталып, аяқталуға жақын.
Сондай-ақ облыс басшысы демеушілердің қолдауымен жүзеге асырылған аса ірі әлеуметтік жобаларға да тоқталды. Атап айтқанда, ««BN INVEST» қаржылық-өндірістік холдингі» ЖШС Қарасай ауданындағы Шамалған ауылында 160 миллион теңгеге халықтың әлеуметтік әлжуаз топтарына арнап 17 тұрғын үй салып берсе, Асқар Сабиров басқаратын «Амал Био» серіктестігі 30 миллион теңгеге Еңбекшіқазақ ауданындағы Ащыбұлақ ауылында қараусыз қалған саябақты жаңғыртып, балаларға футбол алаңын жасап берген.
Өңірде жастар мәселесі де назардан тыс қалмапты. «Жырға тұнған мекенім – Жетісуым» жобасымен 43 жергілікті ақын-жазушының кітаптары жарық көрсе, «Жетісу балалар кітапханасы» жобасы бойынша алты автордың балаларға арналған түрлі жанрдағы антологиясы басылып шыққан. Бұл туындылардың жалпы тиражы 24 мың дананы құрап отыр.
Сондай-ақ «Жетісудың жастарға тартуы» жобасы аясында жас өлкетанушылар мен туристердің «Менің Отаным – Қазақстан» облыстық форумы өткізіліп, осы бағыт бойынша 2017-2022 жылдары 878,4 миллион теңге жұмсалып, 40 жобаны жүзеге асыру жоспары да бар екен.
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»