Қазақстан • 29 Мамыр, 2018

Балық шаруашылығына басқаша көзқарас қажет

1595 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Еліміздің агроөнеркәсіп ке­шенінің маңызды бір саласы – балық шаруа­шылы­ғын дамыту ісі ерекше қол­дауды қажет етуде. Ша­руа­­шылықтың бұл бағыты өз болмысынан экспортқа бе­йім және валюталық қор­дың негізі бола алады. Алай­да балық өнімдерінің көп бө­лігінің көлеңкелі айналымға кетуінен және істің қырын білетін білікті мамандар тапшылығынан туындайтын қиындықтар мемлекеттік деңгейде көңіл аударатын мәселеге айналды.

Балық шаруашылығына басқаша көзқарас қажет

Жалпы, еліміздегі балық өңдеу кәсіпорындары ірі су айдындарына жақын орналасқан. Оның негізгі үлесі Атырау, Алматы, Шығыс Қазақстан және Қызылорда облыстарының еншісінде. Осы аймақтардағы 72 балық өңдеу кәсіпорнының өндірістік қуаты жылына 87 мың тоннаны құрайды. Алай­да ол кәсіпорындардың шикі­затпен қамтамасыз етілуі небә­рі 43 пайыздың шамасында ғана болып отыр. Ал аграрлық өнеркә­сіптік кешенді дамытудың мемле­кеттік бағдарламасында тауар­лы балық өсіру көлемін 2021 жыл­ға қарай 5000 тоннаға дейін кө­бейту болжамдалған. Бір қараған­да бұл сандар көзге қораш көрін­беуі мүмкін. Бірақ өткенмен салыстырсақ, қазіргі көлемнің болмашы екен­дігіне және жоспардың мерзіміне қарап-ақ аталған са­лаға көз­қарасты айқындауға болады. Осы жерден сәл шегініс жасау та­­рихи ақиқатқа бір табан жақын­дата түспек. 

«Қан мен тер» дәуірін айтпа­ған­­ның өзінде, өткен ғасырдың тоқ­­­саныншы жылдарына дейінгі кезеңді елімізде балық шаруа­шы­лы­ғының дәуірлеген кезі болды десек қателеспейміз. Мәселен 1991 жылы елімізде балық аулау мен ба­лық өнімдері өндірісінің жалпы кө­лемі 80 мың (!) тоннадан асқан. Оның ішінде тоғандық балық аулау 10 мың тоннаға жуықтаған. Бар­лық облыстарда балық зауыттары мен ба­лық комбинаттары, басқа да кәсіп­орындар тиімді жұмыс істеге­нін аға буын ұмыта қойған жоқ. Оның үстіне Кеңес одағындағы респуб­ликалардың үшеуінде ғана Балық ша­руа­шы­лығы министрлігі болса, со­ның бірі біздің елімізде еді. Өкі­нішке қарай, еліміз нарықтық жүйе­ге бет түзеген кезеңде эконо­ми­ка­ның жетекші саласына ай­нал­ған балық шаруашылығы құл­дырауға ұшырады. Мемлекет бұл саланы дамытуға бағытталған іс-ша­раларды тек 2000 жылдардың бас кезінен бастап қолға ала бас­та­ды. Бұл қазақстандықтардың балыққа деген сұранысының ке­муінің көрсеткіші ме? Әрине, жоқ. Қазір күллі әлем аса жоғары қар­­қынмен балық еті мен теңіз өнім­деріне ден қойып, тез қоры­ты­латын, сіңімді, жұмсақ әрі та­ғам­дық құнары мол жеңсік асқа құмар­тып отыр. Ал біздің елі­міздегі балық шаруашылығы саласы ішкі қажеттіліктің өзін өтеу­ге қауқарсыз. Елдегі балық шаруа­шылығы саласында су қорына бай Каспий теңізін қоспағанда су тоғандарының жалпы ауданы 5 млн гектардың шамасында. Осыған қарамастан балық тұ­ты­нудың ғылыми негіздегі бір адамға шаққандағы жылдық нормасы 14,6 килограмнан 2000 жылдары 4 килограмға дейін түсіп кеткен. Қазірдің өзінде бұл көрсеткіш 10 килоға жетпейді. Демек бұл сала­ның мүмкіндігі толық пайдаланылмай отыр. Балық өнімдеріне қажет­тілікті қанағаттандыру үшін балық аулауды, тауарлы балық өсіру мен балық импортын жылына 272 мың тоннаға дейін жеткізу қа­жет. АШМ ақпаратына сәйкес, елі­міз­де 2017 жылы бар-жоғы 45 мың тон­на балық ауланған. Ал ішкі сұ­ра­ныс­ты қанағаттандыруға сала­ны орнық­ты дамытып, бәсекеге қабілетті­лігін арттыруға импортты ауысты­рып, экспортты ұлғайтуға қандай кедер­гілер бар? Осы мә­се­леге қатысты Сенат депутаты Сәр­­сенбай Еңсегенов бы­лай дейді: 

– Біріншіден, балық ресурстарын мемлекеттік басқарудың тиімді жүйесі жоқ. Тәуелсіздік жыл­дарында балық жөніндегі ор­талық мемлекеттік орган бірнеше рет құрылымдық өзгеріске ұшы­рады. Қазір жауапты комитет атауы­ның өзінде «балық» сөзі жоқ. Ондағы балық ресурстарын қор­ғау және балық аулауды реттеу басқармасында салаға жауапты 9 штаттық маман ғана бар. Бұл мамандар экономиканың тұтас бір са­ласын аяғынан тұрғызу, оған ғылыми негіздеме дайындау үшін жеткіліксіз. Балық ресурстарын басқару жөніндегі орталық мем­лекеттік органның тұрақты болмауы оның қазіргі уақыттағы мәртебесінің төмендегі аталған салада нәтижелі мемлекеттік саясат жүргізуге қолбайлау болып отыр. Сондықтан осы саланы өркендету үшін арнайы дербес Агенттік құру туралы ұсынысты көптен бері айтып келеміз. 

Екіншіден, балық шаруа­шы­лығын дамыту жөніндегі терең ғылыми негізделген бағдар­ламаның немесе нақты іс шаралар жоспары жоқ. Тәуелсіздік жыл­дары ауыл шаруашылығы кешенін дамытуға арналған 9 бағдарламалық құжат қабылданды. Соның өзінде қордалаған мәселе толық шешілген жоқ, ал балық шаруашылығына арналған бір ғана бағдарлама әзірленді. Оның да көптеген талаптары орындалмай қалды. 

Үшіншіден, балық шаруашылығы кәсіпорындарына берілетін мемлекеттік қолдау түрлерін жетілдіру қажет. Бұл, әсіресе балық өнімін өңдейтін және экспортқа шығаратын кәсіпорындар үшін маңызды. 

Төртіншіден, заңнамалық актілерді жетілдіру керек. Балықшылар үшін маңызды мәселенің бірі – жыл сайын берілетін лимиттің немесе квотаның уақытында шықпауы жыл сайын қайталанатын жағымсыз құбылысқа айналды. Көктемгі балық аулау мерзімінің қысқа екенін ескеріп, құжатты алдын ала қараша-желтоқсан айларында қабылдау қажет. Сенатор пікірінде айтылғандай, бұл сала дамуына айтарлықтай кедергі келтіріп отырған мәселенің бірі – құжаттардағы қисынсыздық.

Оны бір ғана Қиғаш өзенінің мысалымен баяндап көрейік. Еділдің бір саласы саналатын бұл өзеннің қайнары балыққа толы. Атырау облысының аумағында Каспийге құяды. Аталған трансшекаралық өзеннің ырзығын толық көру әзірге еліміздің балықшыларына бұйырмай отыр. Өйткені өзен ортақ болғанымен, екі мемлекеттің балықшыларға жасаған жағдайы мен бекіткен тәртібі, ережесі бөлек. Мәселен, ресейлік балықшылар Қиғаштың қызығын күні-түні көре алады. Ал қазақстандық балықшылардың балық аулауына тек күндізгі уақытта ғана рұқсат етілген. Орыс балықшылары балық лимитін 15 жылға бір-ақ алса, қазақстандықтар жыл сайын құжат рәсімдеуге мәжбүр. Ұзақ мерзімдік рұқсаттың өндірісті дамытуға қаржы салуға ынталандыратыны айтпаса да түсінікті. Сондай-ақ биоресурстарды пайдаланғандығы үшін төленетін төлемнің айырмашылығы да жер мен көктей. Ресейде балықтың килограмына біздің теңгемен шаққандағы төлем – 80 тиын, отандық балықшылардың осы салмақтағы өнімге төлейтіні – 35 теңге. Айырмасы тым үлкен. Сенатор С.Еңсегенов қазақстандық балықшыларға қойылатын бұл шектеу бар байлығымызды өзгеге өз қолымызбен ұстата салғанмен тең деп пайымдайды. Осыдан кейін өнім өндіруде бәсекелестікке төтеп беріп көріңіз. Енді еліміз үшін ортақ өзенді тиімді пайдалануға берілетін құжаттарды ресейліктермен теңестіре салудан өзге келісімдерге қол жеткізудің машақаты көп. Оның үстіне тәулік бойы балық аулау Қиғаш өзенінің балығы мен су өнімдерінің қорына әсер етпейтіндігі ғылыми тұрғыда дәлелденіп те қойған. 

Жоғарыда келтірілген деректердің екінші қырын да бүгіп қалуға болмас. Атап айтқанда, балық қорын қорғауға жауапты мекемелердің материалдық-техникалық жарақтандырылуы да сын көтермейді. Олардың жоғын жоқтап, жетпесін түгендеп беруге Атырау облыстық әкімдігінің мүмкіндігі болғанымен, заң аясында қаржы бөлуге құзыры жоқ. Өңірдегі азғантай инспекторлар балықшылармен қатар, орман шаруашылығы мен жануарлар дүниесін қорғау арасында сабылып жүр. Оның үстіне жалақылары мардымсыз, көліктері көне. 

Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Ерлан Нысанбаевтың мәліметтеріне қарағанда, 2018 жылы мемлекеттік тапсырыс шеңберінде балық өсіру кәсіпорындары су айдындарына 60,1 млн құнды балық түрлерінің шабақтарын жіберуді жоспарлап отыр. Бұдан басқа конкурстық негізде жекеше балық өсіру кәсіпорындары 9,1 млн дана құнды балық шабақтарын жіберуге ниетті. 

– Өткен жылы балық өсіру кәсіпорындары 2700 тонна тауарлы балық өсірді. 

Негізінен өсіру биотехнологиясы пысықталған бекіре, бақтақ және тұқы тұқымдас балықтар өсірілуде. Балық өсіру шаруашылықтары үшін техникамен жабдықтар сатып алуға инвестициялық салымдар жұмсалған жағдайда шығындардың 30 пайызы; бекіре, бақтақ және тұқы тұқымдас балықтарды өсіруде балық жеміне жұмсалған шығындардың 30 пайызы мемлекет есебінен өтеледі. Осы жылдар аралығында Қазақстан мен Қытайдың ветеринарлық сертификаты теңестірілді, бұл өз кезегінде экспорт әлеуетін арттыра түседі. Қазір отандық балық және балық өнімдері Австрия, Германия, Грузия, Қырғызстан, Канада, Литва, Ресей, Румыния, Тәжікстан, Өзбекстан, Нидерланды, Польша, Украина мен Чехияға экспортталуда. 
Тиісінше былтыр балық өнімдерінің импорты азайды. Импорттың негізін теңіз және мұхит балықтары және теңіз өнімдері құрайды, – дейді Е.Нысанбаев. 

Экспорттың жөні бөлек, бірақ жергілікті балықшылар көбіне балықты терең өңдеуден бұрын, оны тұздап қана сатуды қолай көретіндігі көптен айтылып жүр. Бұның салдарынан шетелде қайта өңделген балық өнімдері өз дастарханымызға қымбат бағаға оралуда.

«Қазақ балық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС бас директоры Қуаныш Исбековтің деректеріне қарағанда, елімізде ауланатын балық көлемін 60 мың тоннадан асыруға мүмкіндік бар. Тек ғылымға негізделген мемлекеттік қолдау ғана қажет. Сондай-ақ балықты заңсыз аулауға қатысты кешенді шаралар қабылдануы тиіс. 

Ал «Қазрыбхоз» балықшыларының қоғамдық бірлестіктері мен балық шаруашылығы субъектілерінің республикалық қауымдастығы басқарма төрағасының орынбасары Серік Темірханов балық экспортын Ресей мен Қытайға үстемелеуге болатындығын айтып отыр. Алайда ол қазір елімізде ғылымға бөлініп отырған қаржының жеткіліксіздігін мойындайды. 

Жалпы балық шаруашылығының басы-қасында жүрген «Жайық-Атырау» бекіре балық өсіру зауыты» РМҚК директоры Гильман Сәрсемалиев елімізде балық өсімін жасанды көбейтудің биотехнологиялық жүйесі ескіргендігін, бұл салада Еуропа елдерін айтпағанда, көршілес Ресей мен Әзербайжан және Иранның өзінде кәсіпорындардың анағұрлым жаңартылғандығын жеткізді. Олар соңғы он жылда бекіре тұқымдас балықтарды өсірудің заманауи технологияларын қолдана бастаған. Оның үстіне соңғы жылдары Жайық-Каспий бассейніндегі табиғи балық күрт азайып, жылдық жоспарды орындаудың өзі қиындап кеткен. Демек, бұл салаға да шұғыл қозғалыс керек. 

– Бізге болашақта бекірені терең өңдеу, өнімі мен уылдырығын экспортқа шығару міндеттелді. Бірақ оған тиісінше инфрақұрылым, зертханалар қажет. Оған қоса жыл сайын азайып бара жатқан бекірені қорғау мен қатар насихаттай да білуіміз кезек күттірмес мәселелерді бірі, – дейді Г.Сәрсемалиев. 

Ал Атырау облысының әкімдігі балық шаруашылығын жүргізуге, есепке алуға, бақылауға құзырлы органның материалдық жағдайын жасауға дайын екендігін жоғарыда айттық. Облыс әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиев заңнамалық тұсы реттелген күнде қажетті 1,5 млрд теңгені облыстық бюджеттен бөлуге мүмкіндіктерінің бар екендігін мәлімдеді. Бұл шаруаны реттеуге Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың ықыласы ерекше болып отырғандығын да айта кеткен жөн. Алайда әкімдіктерде мәселеге ықпал етерлік құзырет аз болып отыр. 

Жалпы әлемдік балық шаруашылығындағы алпауыт елдердің үлесі миллиондаған тоннамен есептеледі. Біз оған жетуді көксемесек те, қазіргі қарқынмен 2021 жылға бекітілген тауарлы балық өсіруді 5 мың тоннаға жеткізу жоспарының да орындалуы неғайбыл. 

Дегенмен бұл мәселе жуырда Сенаттың Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің төрағасы Асқар Бейсенбаевтың төрағалық етуімен өткен жиынды талқылануының өзі үміт отын маздатады. 

Ең бастысы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты халыққа Жолдауында көрсетілген аграрлық секторды экономиканың жаңа драйверіне айналдыруда балық шаруашылығы қалыс қалмауы қажет. 

Серік ӘБДІБЕК,
«Егемен Қазақстан»