Аймақтар • 29 Мамыр, 2018

Зайсанның газы облысты қамтамасыз ете ала ма?

654 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа Үндеуінің «Елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыру» деп аталатын бесінші бастамасында ел тұрғындарын газға көшіру экологияны ғана жақсартып қоймай, жаңа жұмыс орындарын құруға, сол арқылы экономиканың әрі қарай дами түсуіне жол ашылатынын атап өткен еді.

Зайсанның газы облысты қамтамасыз ете ала ма?

Елбасының бесінші бастамасы Шығыс Қазақстанға да тікелей қатысты деуге болады. Өйткені өңірдің Зайсан ауданында бірнеше жылдан бері газ тарту жұмыстары жүргізіліп жатқаны белгілі. Алайда «Айта-айта Алтайды, Жамал апай қартайды» демекші, Зайсанның газы облыстың басқа да аудандарын қамтиды деп қанша мәрте айтылса да, Зайсанның өз ауылдары газға әлі қосыла алмай отыр.

Мамандардың сөзіне сенсек, бұл өңірде 5 миллиард 200 мил­лион текше метр газ қоры бар. Зай­сан­­ның газы туралы көп жылдар бойы айтылғанымен, «Сарыбұлақ» кені­шіндегі көгілдір отынды иге­ріп, оны халық игілігіне жарату мәсе­л­есі тек 2007 жылдан бас­тап қолға алынғаны белгілі. Осы жылы «Тарбағатай мұнай» ЖШС құр­ы­лып, 2013 жылдың қарашасында Зайсанда салтанатты түрде алғаш­қы газдың алауы жағылған еді. Сол кезде серіктестіктің бас дирек­торы Болат Еламанов ұзындығы 92,5 шақырымды құрайтын «Сары­бұлақ-Майқапшағай» газ құбы­рын тартуға 27,5 миллиард теңге қаржы жұмсалғанын, құбыр арқы­лы жылына 0,6 миллиард текше метр көгілдір отын тұтынушыларға жететінін мәлімдеген болатын.

Тоғыз ауылға көгілдір отын қашан тартылады?

Зайсан қаласының өзі газбен қамтылғанымен, ауданның тоғыз ауылына газ тарту жөніндегі әңгі­мелердің айтылып жүргеніне бір­неше жылдың жүзі болса да әлі бір­де-бір ауылға газ қосылған жоқ. Бұған не себеп? Не кедергі? Бұл мәселе жақында «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының саяси кеңесі бюросында талқыланған-ды. Зайсан ауданының әкімі Темірбек Қасымжановтың айтуынша, 9 ауыл­ға көгілдір отынның жетпей отыр­ғанына жобаның техникалық құжат­тамасына енгізілген өзгерістер себеп болыпты. Соған орай жобаны аяқ­тау мерзімі ұзарып, жұмыс көлемі ұлғайған көрінеді.

 – 2014 жылдың 23 қыркүйегінде аудандық сәулет, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашы­лы­ғы, жолау­шылар көлігі және авто­мо­биль жолдары бөлімі мен «Строитель» ЖШС арасында тиісті шарт жасалған. Жобаның жалпы құны – 1 224 467, 979 мың теңге. Қар­жы­ның негізгі бөлігі 2014 жылмен 2016 жылдың алғаш­қы жар­тысында игерілді. Алайда 2014 жыл­д­ың 27 қазанында құра­мын­да тап­сырыс беруші, мерді­гер ком­пания, авторлық қадаға­лау, тех­ни­калық қадағалау және «ҚазГазТрансАймақ» АҚ өкілдері бар комиссия техникалық шешім қабылдап, газ құбырының жер үстін­дегі болат құбырларын жер ас­тындағы полиэтилен түріне ауыс­тырады. Соған орай құрылыс жұ­мыс­тары созылды. Қазіргі кезде 118 шақырымға жерасты газ құбыры төселді, жоғары қысымға шыдамдылығы тексерілді. Тоғыз ауылдағы 1800 үйге жерасты газ құбырына қосылу үшін құбырлар жүргізілді. Бұл – барлық жұмыстың 96 пайызы, – дейді аудан әкімі.

Осы аралықта «Строитель» ЖШС шаруаны уақытында аяқта­мағандықтан, тапсырыс беруші оны мемлекеттік сатып алуға жауапсыз қатысушы мердігер деп тану және тұрақсыздық айыбын өтеу туралы сотқа талап-арыз түсіріпті. Сот шешімімен 2017 жылы 30 наурызда бір миллион теңге тұрақсыздық айыбы өндірілгенімен, жауапсыз ЖШС-ні жауапсыз деп танудан бас тартылыпты.

Қазіргі уақытта Зайсанда ауыл­дарға газ тарту жұмыстары екі кезең бойынша жүргізілуде. Біріншісі негізгі құбырдан ауылдарға жеткізу болса, екіншісі кентішілік және кварталішілік газ құбырын тарту. Бірінші кезең бойынша «Тарбағатай Мұнай» ЖШС өз қаржысына 2015 жылы ұзындығы 61 шақырым болатын магистральдың құрылы­сын аяқтап, тапсырыпты. Осындай мәліметтерді алға тартқан аудан басшысы екінші кезең бойынша 2018 жылдың 29 тамызына дейін тоғыз ауылдың тұрғындары газбен қамтылатынын жеткізді. Соны­мен қатар қазір тағы да 8 елді мекенге жобалау-сметалық құжат­т­ар әзірленіп жатқанын, жалпы 2020 жылға дейін аудандағы 37 елді мекеннің 18-ін газбен қамту­ды жоспарлап отырғанын айтты. «Ауданды газдандыру туралы ар­найы бағдарлама бар. Сол бағ­дар­лама бойынша Зайсан қаласын толығымен аяқтадық. Биылғы бас­ты мақсат – 9 елді мекенді газға қосу. Бұл дегеніңіз – 10 мың адам. Бұған қаладағы 16 мың адамды қос­саңыз, биыл 26 мың адам көгіл­дір отынға қол жеткізеді», дейді ол.

«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының саяси кеңесі бюросында аймақ басшысы Даниал Ахметов аудан әкіміне облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасымен бірлесіп биылғы 1 қыркүйекке дейін аталған елді мекендерді газбен қамтуды толық аяқтауды тапсырды.

– 2014 жылдың 23 қыркүйегі мен 2017 жылдың 25 қазаны аралы­ғында Зайсан ауданы әкімдігі тарапы­нан шарт жеті рет өзгертулер мен толық­тыруларға ұшыраған, бұл – бір. Тапсырылу мерзімін 2014 жыл­дан 2018 жылдың соңына дейін соз­ды­ңыздар, бұл – екі. Сонда үш жыл­ға дейін создыңыздар. Өзге­ріс­тер уа­қы­тында жасалмаған­дықтан осы­­лай болып отыр, бұған аудан әкім­­дігі жауапты, – деген-ді облыс әкімі.

Зайсанның газын облыстың өзге де аудандарына жеткізу жоспарланып отырғаны белгілі. Іркіліп тұрған бұл іске Президенттің бес әлеуметтік бастамасы серпін бергендей. Сәуір айында облысы­мызда маңызды бес бастаманы іске асыруға арналған жол картасы әзірленген болатын. Жол картасы бойынша аймақтың оңтүстік өңір­лерін газдандыру мәселесі жөнінде арнайы жұмыс тобы құрылып, іске кірісіп кетті. Зайсан, Тарбағатай, Үржар және Күршім аудан­дарының ауылдық елді мекен­деріне магис­тральды желі­лерді және автомат­танды­рылған газ тарату стансасын (АГТС) салу жоба­сын халық­ара­лық қаржы институт­тарын тар­ту арқылы жүзеге асыру жо­с­пар­ланып отыр. Жоба бойынша газ құ­быр­лары 4 бағытта салы­нып, ұзын саны 95, 314 мың адам­ды көгілдір отын­мен қамтуға мүмкін­дік тумақ.

Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы