Қазақстан • 29 Мамыр, 2018

Қазақ әдебиеті әлем назарына ұсынылады

537 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазіргі замандағы қазақ әдебиеті өкілдерінің екі томдық антологиясы Британ Кеңесінің қолдауымен Кембридж университетінде жарық көрмек.

Қазақ әдебиеті әлем назарына ұсынылады

БҰҰ-ның алты тіліне аударылатын антологияның мазмұны, құрылымы қандай болатынын талқылау үшін әдебиетіміздің көрнекті өкілдері Алматыдағы Достық үйінде бас қосты. «Қазіргі заманғы қазақ мәдениеті әлем назарында» жобасы – Елбасы­ның «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақа­ласынан тамыр тартқан, игілікті шаруа. Мұндай ауқымды аударма жұмысы қатаң бақылауда болады. Негізі жұмыс тобына Пре­зи­дент Әкімшілігі ішкі сая­­сат бөлімінің меңгерушісі Аида Балаева жетекшілік етеді. Ал­маты­да өткен жиында Аида Балаева аударма сапасының жоғары болуын және антологияның таралу маңыз­­дылығына тоқталған бола­тын. Сондықтан да қазақ қалам­гер­­лерінің шығармаларын аударып, таратуға Британ Кеңесі мен Кембридж универси­теті сияқты беделді ұйымдар пейіл танытып отыр. Жобаны ұйымдастырушы топ анто­ло­гияны француз, испан, қытай, араб, орыс тілдеріне аударғанда да үлкен жетістікке жетуді көздейді.

Мемлекеттік сыйлықтың лау­­реаты, жазушы Әлібек Асқаров: «Жалпы біздің қазақ әде­бие­тін­­дегі орнын толтыра алмай жүрген бір кемші­лігіміз бар. Ол – небір інжу-маржан жақсы шығармаларды шетелге таныту. Бұрын шетелге таныту жағы өте ауыр, қиын жағдай еді. Елба­сының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында қазір қаламгерлер арасында үлкен серпіліс бар. Алты тілге аудару үшін алты мемлекетке бару керек. Оның баспагерлері бар, басқасы бар солармен келіссөз жүргізу керек. Келі­сімге қол қою керек. Соның бәрін мемлекет жасап берді. Ендігі міндет – соған лайық інжу-маржандарды таңдап отырып, аударуға беру», деді.

«Простор» журналы бас редак­торының орынбасары Любовь Шашкова болса: «Қазақ әдебиетінің классиктері мен жаңа заманғы өкілдерін қамтитын екі томдық антоло­гияның бір томы – поэзия, бір томы – проза. Үлкен жұмыс атқа­рылды, енді жақсымызды жарқы­ратып көрсете алуымыз керек», деп пікір білдірді.

Аида Балаеваның айтуынша, бұл жоба ақын-жазу­шы­лары­мыздың шетелмен қарым-қатынас орнатуына, қазақ әдебиетін әлем жұрт­шы­лығына танытуға, әлемдік әдеби үрдіске ат салысуға зор мүм­кіндік береді.

Сонымен қатар антология тек кітап форматында ғана емес, электронды және аудио форматта да жарық көріп, онлайн платформаларда оқырман назарына ұсынылады.

Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»