Қазақстан • 29 Мамыр, 2018

Сәбидің саулығы сізге де байланысты

681 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қазақ халқының «Бірінші байлық – денсаулық», «Тәні саудың – жаны сау» деген мақал-мәтелдері адам денсаулығын күтуде терең тәрбиелік және философиялық маңызын жойған жоқ. Неміс философы Артур Шопенгауэрдің айтуы бойынша, «Біздің бақытымыздың оннан тоғызы денсаулығымызға байланысты». Демек әркім денсаулығына ерекше мән беріп, ең алдымен өзі жауапты болуы керек. Ал өмір есігін жаңа ашқан сәбидің денсаулығына кім жауапты? Әрине ең алдымен ата-анасы жауапты екені мәлім. Дегенмен сәбилерге екпе салу кезеңінде жауапкершіліктің жүгі ауырлап, ауқымы ұлғая түседі. Өзінің жеке пікірін білдіре алмайтын сәбидің ертеңгі саулығына қатысты, өкінішке қарай, ересектер арасында түсініспеушілік пен түсіндіре алмаушылық та туындайды.

Сәбидің саулығы сізге де байланысты

Дәрігерлер екпе салдырудың пайдасын айтудан жалықпаса, кейбір ата-аналардың бұған қарсы уәждері жоқ емес. Яғни жұртшылықтың арасын­да вакцинаның сапасы мен қауіп­сіз­дігіне деген күдік бар. Ал дәрі­гер­лер елімізде қолданылатын екпе­лер­дің сапасына күмән келтірудің қажеті жоқ екенін айтып-ақ келеді. Ел аумағына сырттан әкелінетін екпенің барлығы да Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сертификатына ие екенін де мәлімдеуде. Вакциналар елге келісімен республикалық имму­но­биологиялық зертханада тексеруд­ен өтіп, сапасы мен қауіпсіздігі тек­се­ріледі екен. Екпенің зиянынан пай­дасы көп екені жөнінде аз жазыл­ған жоқ. Дегенмен соңғы жылдары екпе туралы қайшы пікірлер де пай­да бола бастады. Ғаламторда да оның адам өміріне зияны туралы ақпараттар жетерлік. Түрлі жазба, бейнекөріністерді көрген ата-аналар­дың екпеге деген сенімсіздігі туын­дай­ды. Қолданушылар оның дұрыс-бұрыс­тығына көз жеткізбестен вакцина салдырудан ат-тондарын ала қа­шады. Үгітшілердің айтуынша, ек­пе­ден кейін сәби сал немесе аутизм ауру­ына шалдығуы әбден мүмкін. Тіпті мысал да келтіреді. Дәрігерлер мұ­ның бәрі жай қауесет, нақты екпеден әлі ешқандай бала ауруға шал­дық­пағанын қанша айтса да, дәрі­ден бас тартқан ата-аналардың са­ны жыл сайын артып келеді. Яғни қа­р­а­пайым тұрғындар мамандарға емес, желідегі бейтаныс адамдарға көбірек сенеді. Осындай жағ­дай­лар­дың алдын-алу үшін дәрі­герлер та­ра­пы­нан тұрғындарға екпенің тиім­ді әрі пайдалы екенін ұғындыру мақсатында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп те келеді.

Оңтүстік Қазақстан облысы Қо­ғам­дық денсаулық сақтау депар­та­ментінің мәліметінше, екпеден бас тартқандар саны 1231-ге жетіп отыр. Олар 2 мен 5 жас аралығындағы балаларына екпе жасатудан бас тартқан ата-аналар. Өткен жылы бұл көрсеткіш 1280 болған екен. Дәрігерлердің ата-аналармен кез­десіп, түсіндіру жұмыстарын жүр­гі­­зуінің нәтижесінде 194 балаға екпе жа­­салған. Ал биыл басқа ата-ана­лар­­дың есебінен көрсеткіш қайта­дан ұлғайыпты. Екпеге қарсылардың 60 пайыздан астамы теріс ағымдағы ді­ни ұйымдағылар, жеке сенім-на­ны­мы бойынша – 15,2 пайыз, вак­цинаға сенімсіздік – 7,6 пайыз, бұ­қа­ралық ақпарат құралдары тара­т­қан жағымсыз ақпараттар әсерінен 13,2 пайызын құрайды. Ста­тис­­тикалық мәліметтерге сәйкес, соң­ғы бес жылдың ішінде аталмыш жағ­дай­­­лар еселеп өсіп отыр. Мысалы, елі­­мізде 2016 жылмен салыстырғанда ек­педен бас тартқан тұрғындардың саны 2017 жылы 3 мыңнан бірден 9700-ге артқан. Ал биыл олардың саны 13 мыңға жуықтаған. Ресми дерек­­терге жүгінсек, әлемде жыл сай­ын вакцинаның арқасында 3 миллион­дай сәби ажалдан аман қалып, 750 мың­дай бала мүгедектіктен ары­лады екен. Иә, елімізде вакцина – ерік­ті іс, ата-ана баласына екпе егуді өздері шешеді. Жалпы, адам­дар­дың жұқтыруы мүмкін 70-ке тарта жұқ­палы ауру түрі бар екен. «Ұлттық ек­пелер күнтізбесіне» полиомиелит, тубер­кулез, дифтерия, көкжөтел, сірес­пе, қызылша, қызамық, паротит, В гепатиті, пневмококк, гемофильді сынды инфекциялар енгізілген.

Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің мәліметінше, екпе арқылы соңғы жылдары облыста аса қауіпті жұқпалы аурулардың саны кеміген. Көпшілігі мүлдем тір­келмеген. Мысалы, Оңтүстік Қазақстан облысының аумағында диф­терия ауруы 2000 жылдан бері бол­мапты. Полиомиелит жергілікті жағ­дайда соңғы рет 1998 жылы тір­кел­ген. Сіреспе мен қызамық 2011 жыл­дан, көкжөтел 2012 жылдан бері кездеспепті. Соңғы жылдары гепатитке қарсы екпе салдыру арқылы бұл дертті жүздеген есеге кеміту мүм­кін болған. «Жас аналар «біздің бала­лар екпеден кейін ауырады», деп ре­ніш­­терін білдіріп жатады. Бірақ ағз­аға екпе салынғанда ыстығы көте­ріліп, ауырсыну қалыпты жағдай. Одан қор­қу­дың қажеті жоқ. Керісінше ек­педен бас тартқан жағдайда бала диф­терия, туберкулез, гемофильді ин­фекция, пневмокок, полиомиелит, қы­зылша сынды өте ауыр аурулармен ауы-
рып қалуы мүмкін. Кішкентай ке­зінде бала үйден шықпай ата-ана­ның қарауында болып, инфекция жұқ­­тырмайды. Алайда, баланы үне­мі үйқамақта ұстап отыра алмайсыз ғой. Бала өсіп, адамдармен арала­суы кезінде кез келген инфекцияны жұқ­тырады. Ал вакцина жоғарыда ай­тып өткен ауруларға иммунитет қа­лып­­тастырады. Бұл ғылыммен дә­лел­ден­ген», дейді №7 Шымкент қала­лық ем­ханасы бас дәрігерінің орынбасары Мархабат Қошимбетова. Мамандар вакцина адамның денесіне енгізілген кезде иммунитет бәрібір реакция беретінін айтады. Әлсіреген ағзаға салынса, асқынулар тіптен өршуі мүмкін, яғни ауырып тұрған балаға екпе салынбайтыны да сондықтан. Оны ескере бермейтін дәрігерлердің бар екенін айтушылар да аз емес. Ба­ланың организмін танып-білетін тә­жі­рибелі педиатрлар тапшы. Жалпы тә­жі­рибелік дәрігер немесе отбасылық дә­рігерлердің баланың ағзасын тану жа­ғынан тәжірибесі, біліктілігі жетпей жататыны жасырын емес.

Жоғарыда айтқанымыздай, екпеден бас тартушылардың 60 пайыздан астамы теріс ағымда жүрген ата-аналар. Олар қандай діни түсінікке арқа сүйейді? Оңтүстік Қазақстан облысы дін істері басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығының» дінтанушы маманы Ұлықбек Әлиакбарұлының айтуынша, шариғат екпеге қарсы емес. «Мәселен, мұсылманның бір парызы қажылыққа барамын деген адам екі түрлі екпе салдыруы тиіс. Екпе­лерді салдыртқаны жөніндегі бе­лгіні төлқұжатына ұрғызбайынша Сауд Арабиясы оны шекарадан өтк­із­­бейді. Шариғатта аманат деген бар. Адамның денсаулығы да бізге бе­ріл­­ген аманат. Денсаулықты ауру­дан сақ­тау үшін екпе алған дұрыс. Екпеге қар­сылық – арандату. Мұның астарын­да қоғамды бүлдіру жатыр», дейді Ұлықбек Әлиакбарұлы. Сондай-ақ теолог мамандар мәселе ата-ана­ның екпеге деген сенімсіздігінде, оны салдырып балам мүгедек болып қа­лады-ау деген қорқыныш сезімінде еке­нін айтуда. «Сол себепті ата-ана­лар емханаға жиі шақыртатын дәрі­гер­лерге дініміз рұқсат бермейді деп айтады. Діни көзқарас десек дә­рі­гер­лер мазаламайды деп жалған ақ­па­рат таратады. Осы мәселені зерттеу барысында, екпеден бас тартқан ата-аналармен сұхбаттасқанда діни көзқарастың қатысы жоқ екені белгілі болды», дейді дін істері мәселелерін зерттеу орталығының теолог маманы Дәурен Амантайұлы.

Балаларының екпенің салдарынан ауырғанын айтатын ата-аналар баршылық, бірақ олардың қол­дарында дәлелдейтін ешқандай құ­жат жоқ. Тек құрғақ ауыз сөз. Деген­мен дәрігерлердің өз ісіне жауап­ты бол­ғаны да бұл істе үлкен рөл атқа­рады.

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
«Егемен Қазақстан»