«Бала дауысы Астана жүрегінде» мерекелік бағдарламасында еліміздің түкпір-түкпірінен келген кішкентай дарын иелері қазақ эстрадасының жарық жұлдыздары – Роза Рымбаева, Майра Мұхамедқызы, Маржан Арапбаева, Жеңіс Сейдоллаұлы және «Алау» тобымен бірге өнер көрсетті. Көрермендер халық әндерін, әлемдік хиттерді және авторлық шығармаларды тыңдап, жаңа хореографиялық қойылымдар мен ұмытылмас кештің куәгері болды. Елорданың сахнасында шетелдердің танымал әртістері өнер көрсетті. Олардың ішінде әлемдік шоу бағдарламаларын бағындырып жүрген қырғызстандық «Тұмар» би тобы, мерекеге арнап жаңа ән жазған, танымал барабаншы Гагаш, Өзбекстанның кішкентай жұлдызы, YouTube желісінде миллиондаған көрермен жинап, талантымен тамсандырған Журабек Жураев бар.
«Бала дауысы-2018» байқауы тұңғыш рет елордада өтіп, салтанатты шараға байқаудың идея авторы Әлия Нұрсұлтанқызы Назарбаева келді. Ал оқу және спорт саласында жетістіктерге жетіп жүрген астаналық мектептердің 2 600 оқушысы мен мұғалімдері керемет кештің сыйлы қонақтары болды.
Салтанатты ашылу концертінен кейін өнерпаздарды іріктеу туры басталды.
Бұл аталмыш байқаудың үшінші туры. Биыл наурыздың 15-і мен сәуірдің 15-сі аралығында өткен қабылдауда «Бала дауысы» ұйымдастыру комитетіне 8-12 жас аралығындағы балалардан 3765 өтінім келіп түсіп, байқау басталғалы бергі рекордтық көрсеткішті көрсетіпті. Алдын ала қорытынды бойынша, іріктеу турдың финалына 14 облыстан, Алматы және Астана қалаларынан 81 қатысушы шақырылған. Олар Майра Мұхамедқызы, Жеңіс Сейдоллаұлы және Әсет Арыстанбек сынды кәсіби қазылардың алдында вокалдық өнерлерін ғана емес, би және әртістік қабілеттерін көрсетті. Сөйтіп «Бала дауысы» жұлдыздар үйіне 81 баладан 19 жас талант шақырту алды. Ендігі жерде оларды осы жылдың қыркүйек айында дайындығы басталатын супер-финал күтуде. Балалар вокал, актерлік шеберлік, хореография, сөз өнері, сахна өнерінен шеберлік сабақтарын алады.
27 қазаннан бастап 27 желтоқсанға дейін телекөрермендер кішкентай әртістердің өнерін тамашалап, өз сүйіктілеріне дауыс беретін болады. Сөйтіп 2 ай ішінде телекөрермендер «Халық сүйіктісін» анықтайды. Ал 8 желтоқсан күні Астанадағы «Қазақстан» Орталық концерт залында ауқымды супер-финал өтеді. Тікелей эфирде қазылар «Бала дауысының» биылғы жеңімпазын анықтайды.
Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»