Аймақтар • 29 Мамыр, 2018

Щучьеде асық атудан 2005-2007 жылы туған кадеттер арасында республика чемпионат өтті

374 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жақында Щучьеде асық атудан 2005-2007 жылы туған кадеттер арасында өткен республика чемпионатынан Қостанай облысының командасы олжалы қайтты. Ұлдар командасының үшінші орын алуына Данил Бабенконың үлесі мол болды. Жарыста төрешілер оның асықты шиырып, дәл ататын мергендігіне тәнті болды. 

Щучьеде асық атудан 2005-2007 жылы туған кадеттер арасында республика чемпионат өтті

– Ол 6 метр қашықтықтан атқанда дәл тигізіп, асық­тарды шеңбердің сыртына шашып жібереді. Бірақ шең­бердің ішінен атқанда шамалы қателіктер жіберіп алды. Оқасы жоқ, жаттығуларда оның әдістерін жетілдіреміз, сонда Данилге тең келер еш­кім болмайды, – деп асық ату­дан облыстағы аға жаттық­тыру­шы Кәрішал Кәкешев жел­пініп қойды.

Данил Федоров ауданын­дағы Владыкин ауылындағы шағын жинақты орталау мек­тебінің алтыншы сыны­бын бітірді. Сонда дене­шы­нықтыру пәнінен беретін Асқар Досанов ағайы ауыл балала­рына асық атудан үйірме жүргізеді. Ол Данилдің кіш­кентай кезінен ептілігін байқап, оны аудандық, облыс­тық жарыстарға апара бастайды. 

– Данил республикада асық ату ұлттық спортынан өтетін жарыстар тарихында шеберлігімен көзге түскен ұлты қазақ емес алғашқы ойыншы. Қостанайлық ұл­дар командасы осы жолы Данил­дің арқасында үшінші орынға ілікті. Оның өзіне асық ату ойыны өте ұнайды, жаттығудан қалмай ұқып­ты қатысады. Асықты шиы­рып ат­қанда екінің бірін жолда қал­дырады. Өнер мен спорт ұлт таңдамайды, – дейді Кәрішал Кәкешев.

Халқымыздың асық ату ұлттық ойыны ЮНЕСКО-ның материалдық емес мә­де­ни құндылықтар тізіміне кір­геннен кейін облыс аудандары мен қалаларындағы мектептерде үйірмелерде кө­бейді. Қазір ауылдарда, аудан­­дарда асықтан жарыстар жиі өтеді, оның та­ны­мал­дығы кеңейіп келеді. Рес­публикалық чемпионатта Рудный қаласындағы №15 орта мектептен жасақталған қыздар командасы бірінші орынды жеңіп алды. Олардың барлығы да асық атудың білгір жат­тық­тырушыларының бі­рі Ға­­линұр Бектеповтің шәкірт­тері.

Міне, бір кездері қазақ мектебі болмаған кеншілер қала­сында қазір ұлттық спорт ойындары осылай қанатын кең жайып келеді.

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»

ҚОСТАНАЙ