Аймақтар • 29 Мамыр, 2018

Жетімдерді жебеген әулет

382 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

2014 жылдан бері өткізіліп келе жатқан «Мерейлі отбасы» өңірлік байқауына 350 отбасы қатысса, биыл 80 отбасы тілек білдірді. Олардың арасынан ақтық сайысқа 24 әулет жолдама алды.

Жетімдерді жебеген әулет

«Ұрпақтар сабақтастығы» аталымында Мамлют ауданынан келген Шәукеровтер жеңімпаз атанды. Уәлиханов ауданының намысын қор­ғаған Қасымбековтер ибалы то­ғыз бала тәрбиелеп, 17 немере, 2 шөберенің қызығын көріп отыр. «Ұстаз болу – жүрек қалауы» ата­­лымы бойынша жеңістің ең би­ік тұғырына көтерілген Дүйсен­бин­дердің педаго­гикалық жұмыс өтілі 200 жылға таяу. Ата-ана­ның жолын қуған ұл-қыздары Новои­шим­ка мектебінде еңбек етеді. Осы­лай­ша алты аталым сарапқа салынып, жүлделі орындар өз иелерін тапты.

Жалпы, байқаудың қорытын­дысында екінші орынға ие болған Щеголевтер туған ауылына былтыр 18 миллион, биыл 6 миллион теңгенің қаржылық қолдауын жасапты. Олармен тең өнер көрсеткен Мұхамедияровтарды бастап келген отағасы Болат пен отанасы Мафруза алты ұлын ұяға қондырған. Бәрі де шетінен өнерпаз. Ұлдарының бірі халықаралық «Шабыт» бай­қауы­ның лауреаты. Бүгінде Көкше­тау­дағы Біржан сал атындағы өнер кол­леджіне жетекшілік етеді.

Бірінші орынды Эктовтар мен Иса­қовтар әулеті бөлісті. Петро­павл­дық Эктовтардың спорт саласын­дағы табыстары ауыз толтырып айтар­лықтай. Александр 1998 жылдан бері жеңіл атлетикадан аға жаттықтырушы болып істейді. Осы аралықта 4 халықаралық дәрежедегі спорт шеберін, 8 спорт шеберін дайындап шығарған. Әйелі Нина да жаттықтырушы. Ұлдары әлемдік жарыстарда олжа салып жүр.

Исақовтар 2004 жылы Өзбек- с­тан­нан Жамбыл ауданына қоныс аударып, содан бері үлгілі отбасы ре­тінде ауылдастарының құрмет-қош­еметіне бөленген. Сапархан қа­зақ тілі пәнінің мұғалімі болса, Сайра шағын орталықта тәрбиеші. Әу­лет жетімдер үйінен асырап алған Ар­тем, Катя, Григорий, Мария деген жет­­кіншектермен толығыпты. Олар­ды өзі­міздің кіндігімізден өрбі­ген төрт ба­ладан кем көрмейміз. Үй­де қа­­­зақ тілінде сөйлесеміз, дейді Сайра.

Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы